Бүгінгі қазақ тіліндегі зайырлылық ұғымы араб тілінен енген «захири» яғни ашық, сыртқы деген мағыналарда қолданылады. Діннің сыртқы мәні, яғни шариғат ұстанымын қамтитын термин ретінде қабылданған. Оған қарама-қарсы мәндегі «батини» сөзі де арабтың мән, сыр деген мағынадағы ішкі танымға негізделген ұстанымды білдіреді.
Қазақтар да дәстүрлі ел ретінде өзіндік құқықтық ұстанымы бар мемлекет. Жеке мәдениеті болғандықтан, зайырлылық ұстанымы өзінің тарихы мен құндылықтарына жауап береді. Сол арқылы ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңын жетілдіргісі келсе, ешкім қарсы уәж айта алмауы тиіс. Себебі зайырлылық деген құқықтық ұстаным болса да «әр елдің салты басқа».
Дегенмен, зайырлылық ұстанымның ішкі және сыртқы функцияларын қоғамға ғылыми негізде түсіндіру шаралары үздіксіз үдеріске айналғаны абзал. Оған қоса жаңа заңымызда осы «зайырлы ел» деген тіркестің ішкі мазмұны мен ұстанымдық функцияларына түсіндірмелер жасалу керек. Ол түсіндірмелер де мәдени, тарихи сана мен діни, өркениеттік тәжірибемізді ескеріп жасалса, құба-құп. Себебі дін құбылысы киелі, моральдық тұжырымы бар. Діни ғұрыптық қырымен қоса, аксиологиялық сенім және құлшылықтар институты. Адамның рухы және ар-ожданымен таразыланып қабылданатын Құдайлық заң.
Сонымен қатар, дін тек жеке адамды ғана емес тұтастай қоғамды, мәдениетті қалыптастырушы күш. Яғни діннің әлеуметтік мәні зор. Әрбір қоғам отбасынан, отбасы жеке адамдардан тұратын болса, солардың әрбірі жеке ожданы, өзіне, әлемге, мемлекетке тағы сол сияқты Жаратушыға деген жауапкершілігі бар тіршілік иесі. Оған қоса дін қоғамдық тәртіп пен жүйеге, жеке адамға, қауымдасып бірге тіршілік жасайтын ортақ амалдар ұсынады.
Ал діндар тұлға үшін діннің бұйрықтарын орындау, тыйымдарынан қашу, құлшылық пен мінажаттарын жүзеге асыру ожданының тілегі, жауапкершілігі ретінде қаралады. Олай болмаған жағдайда діни тұрғыдан күнә жасаған болып есептеледі. Осы нәрсе оның ожданында психологиялық күйзелісті туғызады. Демек, адам өз қоғамында тек діндар ғана емес, сонымен қатар азамат.
Сондықтан, мемлекеттің заңы мен тәртібін мойындап, конституциясын қабылдап, құрметтеу – оның азаматтық борышы, міндеті. Бұл тұрғыдан бүгінгі діндар тұлға екі міндет арасында қалып отыр. Бірі – діни міндеті, екіншісі – қоғам алдындағы мәдени міндеті. Осы жерде азамат ретінде қоғамның жетістігі мен жеке ар-ожданына тыныштық орнату және мемлекет құқығы – зайырлылық ұстанымын таңдау құқық талабы. Міне, осы жерде зайырлылық ұстанымының функциясы көмекке келуі тиіс.
Дін және дүние, қоғамдық жұмыстардың өзара ажыратылуы, бір-біріне араласпауы, адамдардың діні немесе атеист болуына қарап бағаланбауы, төмендетілмеуі, еркін құлшылықтарын орындауы немесе орындауға мәжбүр болмауы лаицизм ұстанымының мазмұнын анықтайды. Бұл тұрғыдан лаицизмді хақ және құқық еркінің діни емес ұстанымдарға негізделген саяси ұйым формасы деп қарауға болады. Мемлекетте саяси биліктің өз қуатын діннен алмауы, конституциясын дінге негіздемеуі, белгілі бір дінді қолдамауы, барлық дін өкілдеріне тең құқық беруі, дін және мемлекет істерінің ажыратылуы сияқты функцияларды қамтыған.
Адамзат тарихында дін мен мемлекет қатынасын реттейтін тетіктер болған. Солардың ең басында келетіні зайырлылық (лаицизм) – демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет жүйесінің дін құбылысымен қарым-қатынасын реттейтін ұстаным. Лаицизм терминін зайырлылық ретінде қолданып келеміз.
Бұл ұғымның шығу төркінін талдап қарасаңыз сөздік тұрғыдан «діни емес адам», «діни емес зат», «діни емес ой», «діни емес мекеме», «діни емес жүйе», «діни емес ұстаным» т.б. мағыналарға келеді. Христиандарда атап айтқанда, католиктерде «дін адамы еместерге, яғни аскет, папалардан басқа жалпы христиандарға зайырлы яғни, лаицист делінеді». Осы негізде зайырлы құқықтан мақсат, дінге сүйенбеген құқық, ал зайырлы мемлекет дегенде діни сенім, яғни ақидаларға негізделмеген мемлекет ұғынылады. Бұрыннан Батыста шіркеу адамдарына клерикалдар, ал олардан басқа христиандар да зайырлы, яғни лаицист деп танылғандығы белгілі. Яғни, христиан әлемінде адамдардың өзі осылай екі жікке бөлініп келген. Ал ислам әлемінде мұндай «дін адамы» немесе «дін адамы емес» деген жік болмаған.
Досай КЕНЖЕТАЙ
Философия және теология ғылымдарынң докторы, профессор