Қазақстан Республикасы – зайырлы мемлекет. Қазіргі таңда әлемдегі елдердің барлығы дерлік зайырлы сипатқа ие екенін білеміз. Сонымен қоса бұл елдердің зайырлылық қағидатын жүзеге асырудың сан алуын нысандары бар екенін де көруге болады.
Мемлекет таңдаған зайырлылықтың формасына, түріне қарай дін саласындағы өзінің бүкіл саясатын қалыптастырады. Көпконфессиялы және көпұлтты Қазақстан үшін қазіргі жағдайда зайырлы мемлекет нысаны қолайлы. Қазақстан зайырлылық қағидасын жүзеге асыруда, алайда бұл қағиданы концептуалды нақтылау өте өзекті міндет ретінде көрінеді.
Сонымен қатар, қазіргі геосаясаттағы дін рөлінің артуы Қазақстанды зайырлылық қағидасының мазмұнын өзі үшін үнемі нақтылап отыру қажеттілігін алдына қойып отыр. Бұл мәселені бірінші кезеңде шешу үшін діни ахуал мен оның даму тенденцияларына терең және егжей-тегжейлі талдау жасау қажет, сондай-ақ діни саладағы ұлттық мүдделерді нақты анықтау, мемлекеттік-конфессиялық қатынастардағы нақты қиындықтар мен қайшылықтарды түсіну және мазмұнды түрде анықтау, діни мәселелердің халықаралық контекстін, ең алдымен, геосаяси контекстін зерттеу қажет.
Зайырлы мемлекеттің құндылығы діни бірлестіктер мен мемлекеттің тәуелсіздігін және оның құзыреті саласына араласпауды қамтамасыз етуге қабілетті дінге сенетіндердің де, сенбейтіндердің де мүдделерінің тепе-теңдігін құру мен қолдаудан тұрады.
Болашақта зайырлылықтың осы мазмұнын нақтылай отырып, жоғарыда аталған міндеттерге сәйкес Қазақстандағы діннің қызмет ету шарттарына, мемлекеттік-конфессиялық жағдайы мен Қазақстанның ұлттық мүдделеріне сәйкес келетін нақты түрін нақтылау қажет. Мемлекеттік-конфессиялық саладағы жекелеген мәселелерді шешу кезінде мемлекет те, дни бірлестіктер де күнделікті тәжірибеде өздерінің қарым-қатынастарының проблемаларына үнемі тап болмас үшін Қазақстанға концептуалды деңгейде зайырлылықтың түрін анықтау қажет.
Мемлекет бір діннің басқаларға қарағанда тым айқын артықшылығына жол бермейді. Алайда Қазақстан Республикасы ислам мен православиеге заңды емес, іс жүзінде белгілі бір артықшылықтар береді. Зайырлылық атеизмді білдірмейді. Зайырлылық пен атеизмнің арасында дінді қоғамдық кеңістіктен жалпы ығыстыру мағынасына келетін секуляризм жатыр. Зайырлылықтың атеизмнен айырмашылығы діндерге өмір сүру құқығын беруге және мемлекет пен қоғамда белгілі бір рөл атқаруға міндетті.
Әлемдік дінтану ғылымында мемлекет пен діни бірлестіктердің қарым-қатынасының сипатына қарай зайырлылық нысандарының типологиясы жасалған. Қазақстанда зайырлылық принципі нақты жүзеге асырылуда: діни негіздегі партияларға тыйым салынған, діни соттардың құзыреті танылмайды, діни ұйымдардың мемлекеттік органдарда, оқу орындарында, денсаулық сақтау орындарында өз рәсімдерін өткізуге құқығы жоқ, мемлекеттік қызметшілердің өз қызметтік міндеттерін атқара отырып, қай дінге тиесілілігін сырттай көрсетуге құқығы жоқ. Сонымен бірге мемлекет діни бірлестіктермен әлеуметтік маңызы бар бағдарламалар аясында, атап айтқанда, рухани-адамгершілік тәрбие, отбасын қолдау, денсаулық сақтау және т.б. салаларда белсенді өзара іс-қимыл жасауда. Сондай-ақ, мемлекет Қазақстанда дамып келе жатқанда өзінің кейбір функцияларын біртіндеп азаматтық қоғамға бағыттай алады. Діни саладағы келісімді сақтау үшін жауапкершіліктің белгілі бір үлесін діни бірлестіктер өз мойнына алуы тиіс.
Мемлекеттің зайырлы түрі мемлекет діни бірлестіктердің ішкі істеріне, ал діни бірлестіктер мемлекеттің ісіне араласпайды деп есептелінеді. Зайырлылық көпконфессиялық ортада мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қарым-қатынастарды құрудың жеткілікті негізделген қағидасы болғанымен, практикалық қағида болып қала отырып, дүниетанымдық деңгейге жете алмайды. Зайырлы дүниетаным мәні мен мазмұны жағынан діни көзқарас секілді тұтас емес.
Расында, зайырлы дүниетаным дегеніміз не? Зайырлы дүниетаным Құдайды жоққа шығарады деп айтуға болмайды. Құдайды жоққа шығарушы – атеизм. Ал зайырлылық Құдайдың бар екендігіне және адам мен қоғамның Оған сену құқығына мүмкіндік береді, бірақ қоғам мен мемлекет өмірінің ең маңызды сәттеріне әсер етпейтіндей етіп сенуге мүмкіндік береді. Яғни зайырлылық – дүниетаным да, атеизм де емес. Мұнымен қоса дін саласындағы заңнаманы сақтайтын барлық діни бірлестіктерге рұқсат етіледі. Дүниетаным зайырлылық тұжырымдамасы негізінде қалыптаспайды. Ал мемлекет пен діни бірлестіктер арасында бір-бірінің ісіне араласпау туралы келісім жасалады. Демек зайырлылық – дүниетаным емес, діннің мемлекеттегі мәртебесі, яғни зайырлылық құқықтық қатынас.
Діннің қоғамда атқаратын қызметі көп. Ол адамгершілікке шақырып, қалыптастыратын бірден-бір жол. Ол қоғамды рухани және әділетті ете алады. Діннің бітімгершілік қабілеті айқын көрінеді. Сондай-ақ дінді азаматтық қоғамның феномені ретінде де қарастыруға болады. Діннің бар болуының барлық осы рөлдері мен формалары нақты және тиімді, бірақ дінді аталған формалар мен рөлдердің ешқайсысына дейін төмендетуге болмайтынын атап өту керек. Діннің қоғамдағы қызметтеріне қатысты мұндай функциялар өте көп.
Зайырлы мемлекет – ешбір дінге немесе шіркеуге (мешітке) тәуелді емес, ол билігі тек зайырлы әлемге ғана таралатын мемлекет. Шіркеу (мешіт) де саяси немесе мемлекеттік басқарудан тәуелсіз. Мемлекет және оның билігі зайырлы істерге бағынады, сондықтан шіркеу мен мемлекет арасындағы қатынас бейтарап болып саналады. Мемлекет теизмге (әртүрлі діни бірлестіктерге) де, атеизмге де бірдей қарауы керек. Бұл елдегі азаматтарға артықшылық берілмеуі немесе діни себептермен қудаланбауы керек.
Зайырлы мемлекет принципі мыналарды білдіреді:
- Діни сенім бостандығына кепілдік беріледі, ешбір дін немесе атеизм секілді дінсіздік идеологиясы мемлекеттік болып бекітілмеген, мемлекет дінге қарсы идеялар мен ілімдерді насихаттауды қолдамайды;
- Діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген, мемлекеттік органдардың, мекемелердің және жергілікті өзін-өзі басқару органдары мемлекеттік билік пен басқару органдарын сайлауға қатыспайды, депутаттыққа және сайланбалы қызметке кандидаттар ұсына алмайды, сайлау науқанын жүргізбейді, саяси партиялар мен саяси қозғалыстардың қызметіне қатыспайды, оларға материалдық және басқа да көмек көрсетілмейді;
- Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі (діни) істеріне араласпайды;
- Мемлекеттік сот жүйесінде арнайы бекітілген діни соттарға рұқсат жоқ;
- Діни заңдардың нормалары мемлекетте құқықтың қайнар көзі болып табылмайды;
- Мемлекеттік органдардың қызметі жалпыға ортақ діни жоралар мен рәсімдермен қатар жүрмейді;
- Мемлекет діни бірлестіктердің діни қызметін қаржыландырмайды, алайда діни ұйымдар мен бірлестіктердің қайырымдылық, мәдени-ағартушылық немесе басқа да әлеуметтік маңызы бар қызметін дамытуға ықпал етеді. Құқықтық реттеуді және діни ұйымдарға салықтық және басқа да жеңілдіктер беруді жүзеге асырады, діни ұйымдарға тарих және мәдениет жәдігерлері болып табылатын ғимараттар мен объектілерді қалпына келтіруге, күтіп ұстауға және қорғауға қаржылық, материалдық және өзге де көмек көрсетеді. Мұндай көмек діни бірлестіктерді мемлекеттен бөлудің жарияланған қағидатын бұзбайды.
Әртүрлі идеологиялық және құндылық негіздер аясында ғана зайырлылық та қоғамды біріктіруге қауқары жетеді. Бұл адамгершілік, әділеттілік, адам құқығы, даму мен болашаққа сену және т.б. Ғылыми әдебиетте зайырлы мемлекеттің маңызды белгілерінің қатарына төмендегілер жатады:
- Идеологиясын жаюға бағытталған діни бірлестіктер мен ұйымдарды мемлекеттен бөлу;
- Діни бірлестіктердің құқықтық теңдігі;
- Дінді немесе идеологияны міндетті түрде орнатуға жол бермеу.
Мемлекеттің зайырлы моделінің классикалық түрі оның діни бірлестіктермен кең ынтымақтастығымен сипатталады. Мұндай түрдегі мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы әріптестік қарым-қатынастар, бір жағынан, байланыстың әртүрлі салаларындағы, соның ішінде әлеуметтік салалардағы қоғамдық қатынастардың дамуына оң әсер етуге қабілетті болса, екінші жағынан, діни және басқа да себептерге байланысты ұлтаралық қақтығыстарды сөндіру мен қоғамдық келісімнің қалыптасуына ықпал етеді.
Діннің пайда болғаннан күні бүгінге дейінгі басты міндеті – қоғамды жақсылыққа шақыру мен адасушылықтан сақтау екендігі баршамызға мәлім. Ешбір адамның адасуына, қателесуіне жол көрсетпейді. Десек те, бүгінгі күні ұлттық сана мен құндылығымызға, заңнамалық актілерімізге теріс келген, идентификациямызға мүлдем сәйкес келмейтін идеологиялардың таралып жатқанына барлығымыз куә болудамыз. Әрине бұл жайт дін мен мемлекеттің арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға, зайырлылық қағидаттарымызды қайта сайлап алуымызға, оны санамызға сіңіруімізге серпін беру керек.
Қазақстанда тәуелсіздік алған күннен бастап демократиялық зайырлылықты құрудың азды-көпті сәтті талпыныстарын, бір жағынан діни радикалдар, екінші жағынан, «зайырлылықты» желеу етіп, қараңғы, бұлыңғыр болған өткен шаққа қайта оралу болатын «жауыққан зайырлылық» элементтерін енгізгісі келген топтар жоққа шығарғысы келеді. Дегенмен де, қоғамымыз соңғы отыз жылда түбегейлі өзгерген жайы бар. Адам құқықтары, білім беру, мемлекет пен діндер арасындағы қарым-қатынас мәселелерімен айналысатын мамандар Қазақстан енді классикалық посткеңестік республикалардың бірі емес, азаматтары әлеммен тығыз байланысқан және жинақталған пайдалы тәжірибені алуға ұмтылған ел екенін ескерген жөн болатынын айтқан. Халқымыздың едәуір бөлігі Ислам дінін ұстанғандықтан мұсылман әлемінің бір бөлшегі ретінде саналатын, құқықтық, сонымен қатар зайырлылық жағынан дамыған, мақсаты айқын еліміздің ертеңі үшін зайырлылық заңдылықтарына ақылмен, суыққандылықпен жақындаудан басқа жол жоқ.
Бауыржан БОТАҚАРАЕВ,
А. Ясауи атындағы Халықаралық
қазақ-түрік университеті Теология факультетінің
PhD доктор, аға оқытушысы