Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. Конституциялық негіздегі «зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Яғни зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы.
Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. «Зайырлылық» ұғымы мемлекет тарапынан діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетіндігін танытады. Мемлекет пен діннің арақатынасындағы жанды байланыстар зайырлы және рухани-діни құндылықтардың арақатынасы негізінде орныққан. Осының жарқын көрінісі қазақстандық қоғамда кеңінен тараған.
Бүгінгі күні елімізде ислам, православтар, католиктер, иудаизм және басқа да көптеген дін өкілдерінің өздерінің құлшылықтарын емін-еркін атқарып отырғаны, ғибадат жайларының еш кедергісіз салынып жатқаны, діни өнімдерінің (әдебиеттер, аудио-бейне өнімдер) кедергісіз таралып жатқаны осы зайырлы ел болғанымыздың арқасында деп санаймын.