Қазақстан Республикасының Конституциясында еліміздің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені, оның ең қымбат қазынасы адам және оның өмірі, құқығы мен бостандығы деп атап көрсетілген. Мемлекетіміздің зайырлы қағидатының осылайша анық-қанық бекітілуі қоғамда діни сенім бостандығына, азаматтарымыздың дін ұстану, ұстанбауларына толық және теңдік мүмкіндік берілгенін білдіреді.
Осы орайда, зайырлылық құндылықтардың туындауы мен қағидаттарының маңызы туралы айтқанда, оның протестанттық түсініктерді сіңірген герман және англо-саксондық елдердегі (Германия, Ұлыбритания, АҚШ т.б.) секуляризмнің тарихи дамуының нәтижесінде қалыптасқанын айта кету керек.
Дегенмен, демократияның барлық елге ортақ моделі жоқ секілді, секуляризмнің де мемлекеттерге тән әмбебап үлгісі жоқ. Әлем елдерінде секуляризм әрқилы жолдармен жүзеге асырылады, діни ұйымдардың мемлекеттен бөлінуінің құқықтық мазмұны да сәйкесінше, әр елде өзіндік түрде көрініс табуы мүмкін. Мәселен, кейбір елдерде мемлекет пен діни ұйымдардың бөлінуі қатаң орын алса, екінші бір елдерде мемлекет пен діни ұйымдардың бөлінуінде аса қатаң айқындылық көрініс таппайды. Тіпті, жекелеген елдерде мемлекет діни ұйымдарға қоғамдық өмірдің маңызды салаларында қызмет атқаруға айтарлықтай мүмкіндіктерге жол береді.
Жалпы, секуляризм және секуляризация ұғымдары туралы айтқанда олардың көрініс беру мәнінде айырмашылық бар екенін ажырата білу қажет. Секуляризация – мемлекеттік институттардың қоғамдық саласын және азаматтардың өмірін зайырландыру үрдісін білдіретін болса, секуляризм – қоғамды міндетті түрде зайырландыру дегенді білдірмейді. Яғни, зайырлы мемлекеттердің басқару жүйесі мен мемлекеттік институттары – қоғамды зайырландыру саясатымен айналысу қажеттігін білдірмейді не болмаса білдірмеуі тиіс. Мұндай әрекет нақты мемлекеттің зайырландыру саясатын мақсатты түрде жүргізіп отырғандығы және діни сенімді шектеуі деп қабылдануы мүмкін. Сондықтан мемлекет пен діннің арақатынасын сақтауда секуляризмді дұрыс түсіну керек-ақ.
Осы орайда, мемлекет зайырлы жағдайында дін саласындағы саясатты іске асыру кезінде адамзат тарихында өз еліңнің және өзге елдердің бастарынан өткерген келеңсіз тәжірибелері – теріс әрекеттерден сақтандыратыны, ал ұтымды тәжірибелер басшылыққа үлгі болатыны сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, қоғамды біржақты зайырландыруды мақсат ететін саяси секуляризм идеологиясы өзінің ең қатаң түрінде дінді қудалауға және діни төзімсіздік танытуға ұласып кететінін өткен тарихымыздағы кеңестік жүйеден жақсы білеміз. Ол жүйеде сенім бостандығынан гөрі мемлекетті діннен бөлектеуге баса назар аударды, секуляризмді діннің қоғамдық көріністерін барынша шектеу және оны жеке салаға ығыстырып шығару деп түсінді.
Діни сенім бостандығын шынайы іске асыратын зайырлылықтың ұтымды тәжірибесі – дінді ұстануды қамтамасыз ету мен институционалдық деңгейдегі жұмыстардың үйлесімі арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйеде дінді қоғамдық қатынастардан жасанды түрде бөлмейді, діни ұстанымдар мен институттар қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру бағытында мемлекетпен бірге және қатар жұмыс жүргізе алады.
Біз сөзбен айтқанда, тарихи дамуда үйлесімді қалыптасқан зайырлы мемлекет тәжірибесі әртүрлі діни және дүниетанымдық сенімдермен ерекшеленетін индивидтердің қоғамдық жүйеде еркін қарым-қатынасқа түсуі арқылы плюралистік орта қалыптастырудың маңызды шарты болып табылады. Осы орайда, мемлекет пен діни ұйымдардың бөліну қағидаттары қарапайым бөлініс еместігін, бұл қоғамдық өмірдегі мемлекет пен діни ұйымдардың қарым-қатынастарының бір-бірімен байланысындағы күрделі жүйесі екенін ескерер болсақ, зайырлылықтың осы екі институт арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз ететін қағидат екенін көреміз.
Бүгінгі әлемдік тәжірибеде мемлекет пен діннің арақатынасының әр елге тән тарихи-мәдени дәстүрлерін басшылыққа алатын екі түрі кең таралған. Біріншісінде мемлекет діннен толықтай тәуелсіз және нақты бөлінген болса, екіншісінде мемлекет белгілі бір дінге (діндерге) немесе діни ұйымға (ұйымдарға) басымдылық және/ немесе ерекше мәртебе береді.
Бірінші үлгідегі діннің мемлекеттен толық бөліну қағидатының саяси-құқықтық мағынасы мынадай ережелерді қамтиды:
– ар-ождан бостандығы діни таңдау еркіндігімен қатар одан ауқымды дүниетанымдық көзқарасты, оның ішінде діни емес таңдауды да білдіреді. Аталған таңдау құқығын мемлекет адамға (азаматқа) қалдыра отырып, оның шешімімен келісуге, қабылдауға және оны қорғауға міндеттеледі;
– мемлекет азаматтармен қарым-қатынастарында олардың діни көзқарастарын емес, керісінше азаматтық санасы мен бірегейліктерін жоғары қояды;
– мемлекет іс жүзінде барлық дін мен азаматтардың құқықтық теңдіктерін жүзеге асыруға ұмтылады;
– мемлекет өзінің ішкі және сыртқы саясатында діни-теологиялық қағидаттарға сүйенбейді және оларды басшылыққа алмайды;
– мемлекеттік және діни құқықтар бір-бірінен бөлінген. Яғни, мұндай мемлекетте қоғамдық-құқықтық және азаматтық салалардағы мәселелерді шешуде мемлекеттің үстемдігі жарияланады, ал діни құқықтың әрекет ету аясы негізінен діни институтпен шектеледі.
Дін мемлекеттен нақты бөлінген елдерде заң бұзылмаған жағдайда мемлекет дін істеріне араласпайды, қоғамда барлық діндер тең құқылы, оларға қойылатын талаптар ортақ және бірдей.
Сәйкесінше, мұндай жүйеде діни бірлестіктер мемлекеттік қызметтерді атқармайды, белгілі бір конфессияларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмейді.
Мемлекет пен діннің арақатынасында белгілі бір дінге немесе діндерге басымдық беретін екінші түрдегі елдерді былайша сипаттауға болады:
– конституцияда нақты бір діннің мүддесін білдіретін құрылымның мәртебесін (мемлекеттік дін, конфессиялар, мемлекеттік мәртебесі бар діни ұйымдар) ресми діни ұйым ретінде бекіту;
– конституцияда бекітпей-ақ, бір немесе бірнеше діни ұйымдарға басым мәртебе беру (дәстүрлі діндер, тарихи қалыптасқан діндер, діни бірлестіктер мәртебесімен).
Осы түрдегі жекелеген елдерде мемлекет басшысының бір діни ұйымға мүше болуын міндеттейтін және оның мемлекеттік дінді уағыздауына шарт қоятын талаптары бар болса, кейбір елдерде мемлекет басшысының бір мезгілде мемлекеттік мәртебесі бар діни ұйымның басшысы болуын міндеттейтін талаптары бар екенін білгеніміз жөн.
Көріп отырғандай, дінге сену не сенбеуді, оны ұстану не ұстанбауды азаматтың өз еркіне қалдыратын және соған кепілдік беретін зайырлылық – әр елде өзіне тән сипатта көрініс береді. Осы тұрғыдан алғанда біздің елімізде басшылыққа алынатын зайырлылықтың да өзіндік ерекшеліктері бар. Еліміздің Конституциясына сәйкес саяси жүйеде зайырлы қағидаттар басты орын алатын болса да, еліміздің дін саласын реттейтін қолданыстағы заңында мемлекетіміздің исламның ханафи мазхабы мен православиялық христандықтың халқымыздың тарихы мен мәдениетіндегі орнын танитындығы және қоғамдағы басқа да діндерге құрметпен қарайтыны нақты көрініс тапқан. Алайда мемлекет мешіттердің және православия шіркеулерінің қызметтерін қаржыландырмайтынын, оларға қандай да болмасын артықшылықтар бермейтінін біздің еліміздің өзіне тән ерекшелігі деп түсінген абзал.
Жалпы, біздің еліміздің жағдайында қалыптасқан зайырлылық үлгісінде мемлекеттің діннің ішкі ісіне араласпайтындығын, діннің мемлекет саясатына килікпейтіндігін анықтаған межені басты қағидат ретінде сақтау маңызды. Осы орайда, Қазақстанда зайырлы қағидаттарды ілгерілету туралы айтқанда оны қоғамдағы басқа үдерістер мен үрдістерден бөліп қарастыруға болмайтынын, оның қоғамдағы саяси демократияландыру, құқықтық мемлекет орнату тәрізді маңызды құндылықтармен қатар жүретінін де ескеру қажет.
Иманбаев Мейрам,
Мәдениеттанушы