Зайырлылық ұстанымында реттеушілік қызметінің орны ерекше. Зайырлылықтың реттеушілік қызметі қазақ елінің мемлекеттілігінің баяндылығының кепілі болады. Сонда қаптаған миссионерлер мен теріс пиғылды конфессиялардың қарқыны азаяды.
Дәстүрлі және дәстүрлі емесі арасында, жаңа пайда боған діни ағымдарға деген аналогиялық талдау қабілеті артады. Тіркеу ісінде де заң негізінде жаңа түсіндірулер мен талаптар пайда болады. Екінші зайырлылық ұстанымы ұлттық құндылықтарды күшейтуге бағытталады. Ислам діні үшін дін, милләт және үммет категориялары біртұтас қаралады. Бұл оның әлемдік, адамгершілік, бауырмалдықты, бейбітшілікті паш ететін дін екендігінің көрінісі болғанменен, соңғы кездері умметшіліктің жасыл жалауын желбіреткісі келіп, біртұтас халифат құрғысы келетін діни топтардың саясаты мен ықпалы бізге де аз әсер етіп отырған жоқ.
Дін жаһандық саясаттың құралы болып кетті. Таяу Шығыста оның нақты көрінісі адамзаттың тарихында болмаған сахналармен, исламофобияға қызмет етіп жатыр. Сонымен қатар зайырлылықтың ұлттық құндылықтарға қызмет етуі демократиялық түсініктің үстем болуына да көмектеседі. Себебі, халифа, халифалық деген түсініктер «Алланың орынбасары, жердегі өкілі және солардың құрған мемлекеті» дегенге саяды.
Үшіншіден, негізінен демократиялық қоғамда, республикалық жүйедегі мемлекетте ғылыми таным мен діни таным басқа танымдық институттарға қарағанда басым болып, өзара параллель бәсекелестік жағдайында болады. Осы бәсекелестікті реттеп отыратын негізгі тетік зайырлылық принципінде жатыр.
Бұл жерде діни сенім мен діни таным арасын ажыратып көрсету керек. Діни сенім догмаға, аянға ал, діни таным адамның білім алу мазмұнына, тәжірибеге, өмір сүрген ортасына, жамағат мүшелігіне қатысты қалыптасады және бүгінгі ғылым салалары арқылы дамиды.
Міне осы екі таным арасын реттеп отыратын да зайырлылық ұстанымы болуы тиіс. Сонда қоғамдағы бақсы, балгер, тіленші дуанасы, дүмше молдасы, қаптаған тәуіп пен көріпкелдердің халықты алдауына жол бермей, ғылыми рационалды әдістердің өркендеуіне жол ашады, әрі дін ғылымы да дамиды.
Діни және қоғамдық танымдар мен түсініктердің мемлекеттік, конституциялық нормаларының үстемдігі мен демократиялық орны дәріптелетін болады. Төртіншіден, діни таным әр текті болады. Сондықтан әрбір діни таным діни ағымдардың қалыптасуына негіз болып, олардың арасындағы психологиялық қайшылықтарды тереңдете түседі. Әр топ өз жолын басқа ағымдағыларға қарағанда ақиқат деп біледі. Бұл құбылыс қордаланып екі топ арасындағы діни өшпенділікке апарып соғады. Бұдан да сорақысы екі діни топ қоғамдағы екі саяси ағым немесе партияның құралына да айналып кетуі мүмкін. Бұл ислам тарихында жиі орын алған құбылыс.
Мысалы Халифа Мамун кезінде мутазила ағымы сол биліктің идеологиясына айналды. Ал қалған каламдық ағымдар қуғынға ұшырады. Нәтижеде қоғам жікке бөлінді. Сондықтан осындай әртектілік пен танымдық қайшылықтарды реттеп отыратын зайырлылық ұстанымының қызметіне қажеттілік бар. Бүгінгі теріс пиғылды ағым өкілдерінің өздерін ислам діні қорғаушыларымыз деген психологиясына тосқауыл қоятын бірден бір тетік.
Бесіншіден, дін ар, ождан, жүректің мәселесі. Бұл мәселе тікелей адам мен Алла арасында ғана таразыға тартылуы тиіс. Соңғы кезде кешегі жетпіс жылдық атеистік режимнің салдарын алға тартып, көптеген мазхабтар мен діни ағымдар өз қатарына қысыммен, зорлықпен қаратуды да әдетке айналдырғанын естіп қаламыз. Ал исламның мәнінде зорлық жоқ. Құранда «ла икраха фид дин» ұстанымы осының айғағы. Олай болмаған жағдайда дін саясат құралына айналды дей беріңіз. Адам еркі тапталады. Оның да жаратылған болмыс екендігі екінші кезекте қалып, жамағаттың, діни топтың ықпалында кете береді. Міне осы құбылысты шектеп отыратын да зайырлылық ұстанымы. Сондықтан құдайдың ақыреттегі үкіміне осы дүниеде араласып, бір бірін күпірлікпен үкім беруді тоқтататын ұстаным осы зайырлылық болып табылады.
Алтыншыдан, зайырлылық ұстанымы қоғамда білім берудің тұтастығын қамтамасыз етуі шарт. Жоғарыда айтып өткендей мемлекет пен дін арақатынасы реттелген кез келген мемлекеттерде діни білім беру мемлекеттің құзырындағы іс. Сонда ғана не ексең соны орасың. Мемлекет дін істеріне араласпайды, не оқыса оқи берсін десеңіз, бұл мемлекеттік қауіпсіздігіңізге немқұрайлы қарау деген сөз. Одан да сорақысы бұл мемлекеттің қолымен қоғамды бөлшектеу деген сөз. Сондықтан білім берудің кез келген түрі ол діни, саяси, кәсіптік, техникалық және т.б. болсын мемлекеттің қарауында болуы шарт. Мемлекеттің ертеңі болып табылатын жастардың қандай діни мазмұндағы білім алу керектігі мәселесі, қадағалау мен бақылауды тұтастай біріктіретін де осы зайырлылық ұстанымы.
Жетіншіден, осы зайырлылық ұстанымын сылтауратып, кейбір алпауыт елдер, біздегі көптеген дін өкілдерін сұқ саусағымен көрсетіп, мемлекеттігімізге, ұлттық тәуелсіздігімізге қол сұққылары келеді. Зайырлылық ұстанымы осы ішкі және сыртқы тепе теңдікті орнықтыратын бірден бір әлемдік тетік болып отыр. Әр мемлекеттің өзінің тарихи, мәдени болмысына байланысты қоғам қажетін қанағаттандыратын құқықтық нормаларын ешкім жоққа шғара алмайды. Бұл табиғи құбылыс. Бірақ бұл нормалар осы қоғамға қатысты имманентті, ал халықаралық құқық стандарттарына трасцендентті болып тепе теңдік сақтап отырады. Себебі Қазақстан жабық қоғам бола алмайды. Сол сияқты әрбір мемлекет үшін зайырлылықтың да өзіндік комментарииі болатынына дау жоқ. Бұл комментарии әрбір мемлекеттің тарихы, мәдениеті, діні, жалпы болмысы негізінде жасалады. Сондықтан зайырлылық ұстаным – Қазақстандық қоғамның және мемлекетіміздің рухани дамуының кепілі болады.
Дін дегеніміз ақиқат, ал зайырлылық бір жағынан сол ақиқатпен сұхбаттасу ұстанымы. Дін тұрақты ақиқат, онымен сұхбат заман талабына қарай өзгермелі. Зайырлылық ұстанымы негізінен діни тәжірибемен тығыз байланыс орната алғанда, ол да құндылыққа айналады. Мемлекет, дін, зайырлылық, діни тәжірибе арасында тірі сұхбат орын алуы тиіс.
Діни таным қабаттары елімізде егемендікпен бірге жанданып, өзектілігін сезіндіре бастады. Осы салада қоғамдық және мемлекеттік институттар деңгейінде ізденістер сонымен қатар тарихи және діни санаға қатысты зерттеулер, іс шаралар қоғамдағы рухани құндылықтық қабаттарды електен өткізуге мүмкіндік туғызып отыр. Біздің бүгінгі діни танымға деген қызығушылығымыз, негізінен мұсылман халық ретінде, белгілі бір қалыпты, мазхабты, ақиданы ұстануымызбен ғана өлшенбейді.
Діни танымға деген ең басты өзектілік ол мемлекетілігімізді, егемендігімізді сақтау үшін, жаһандық қысымға қарсы ұлт, саясат, қоғамдық, әлеуметтік қайғыдан туындап отырғанына назар аударғанымыз абзал. Негізі қоғамдағы мәселелерді тек дін арқылы ғана шешуге болады деген, оның ішінде де бір белгілі бір мазхаб арқылы ғана мұратқа жетеміз деген ұстаным, діннің рөлін асқақтатып, идеологиялық сипатқа айналдыруы мүмкін. Ал адамды қоршап тұрған танымдар тек қана діни танымнан ғана тұрмайды.
Сондықтан бұл мәселеге тек діни танымдық тұрғыдан қарау, сындарлы шешім емес. Себебі теология себеп емес, салдар. Қазақ болмысы, мемлекеттілігі және оның баяндылығы мен тұрақтылығы, жері мен елінің тұтастығы деген идеялық ұстанымдар міне бүгінгі ең басты саяси еркіндік мұраты ретінде сомдалып көріне бастады.
Бұдан басқа танымдық қабаттардың барлығы осы мүдде үшін қызмет етуге жұмылдырылғаны абзал. Бүгін мәдениет, дін, мемлекет қатынасының қырлары мен құндылықтық, теориялық негіздеріне терең үңілуіміз де осы мақсат төңірегіндегі нақты анықтамалардың, талдаулар мен комментариилердің өзектілігін көрсетіп отыр.
Дегенмен діни кадрлардың жұмылуы тиіс мүдде, атап айтқанда имамдар мен мемлекеттік институттары арасындағы зайырлылық платформасы төңірегінде ортақ стратегиялық, идеологиялық ағартушылық, келісімпаздық іс шаралардың кешеуілдеп жатыр. Оған қоса бұқаралық ақпарат құралдарында қазақтың діни сенімімен ойнап, жалаулатып, онсызда саясиланған исламды фобиялық көрініске өздері құрал қылуда.
Соңғы кездері өкінішке орай бұқаралық ақпараттардағы материалдардан мектеп жасындағы қыздарымыздың орамалы, жиджап ретінде, ата ана мен ұл кыздарының діни сенімі, бұқараға жарнамаланып, осы исламофобиялық нәтижеге итермелеуде. Әрине зайырлылық ұстанымы бойынша мектеп қабырғасындағы жасөспірімдерімізге алдымен білім алу шарт. Олар үшін жұма намазына барып көпшілікпен намаз оқуы шариғатымыз тұрғысынан да шарт емес. Осы мәселені діни шариғи яғни, ханафи фикхы негізінде түсіндіретін имамдарымызда жігерлілік кем.
Имамдар алдымен мына елдің азаматы ретіндегі парызы мен кәсіптік жауапкершілігін тиісті деңгейде атқара алмай отыр. Мектеп басшылығы да мектептегі осындай діни сананың көрінісіне имамдарды жиі тартып осы мәселені жарнамаламай жастардың психологиясымен санасып қорқытпай үркітпей агрессия көрсетпей тігісін жатқызып бердің орнына, тиісті ағартушылық құқықтық, зайырлылық түсіндірмелерді жүргізе алмай келеді. Бұндай екі жақты мүдделер мәмілесі болмаған қоғамда әрине исламды қаралап, құбыжық қылып көрсету тоқтамайтын әлемдік бағдарламаларға құрал бола береді. Сосын мектеп жасындағылар сол партада отырып ақ, ана, әке болып жатыр.
Халық та бүгінгі мектеп тәрбиесі мен педагогикалық ұстанымдарына сенуден қалып барады. Неге, себебі егемендігімізге де ширек ғасыр болса да, мектепте кешегі кеңестік шаблондардан арылмаған педагогикалық қағидалардың сеңі қозғалар емес. Мектепте де діннің қоғамда алатын орны, тәрбиелік мәні туралы оның мәдени құндылықтық орны педагогикалық қағидаттарына бағдарлама ретінде енбей қоғамда дилемма туғызып кете береді. Ал, мемлекет те зайырлылықтың мәніне әсіресе білім беру саласында орнықты комментарии жасап беру керек еді. Әр қабаттан әртүрлі ой тұжырым айтылған қоғамда «ұғымдардың ұғынылмауы құбылысы» заңды нәрсе.
Иасауи ілімінде қоғам мен дін мәселесі туралы тұжырым бар: “Умара, улама және фуқара” арасында ортақ келісім болуы тиіс дейді[1]. Умара деп отырғаны бүгінгі мемлекеттік институт, уламасы да дін ғалымдары, ал фуқара деп бүгінгі ҚМДБ институтын айтуға болады. Осы үш қабат арасында мына егемен еліміздің ертеңіне қызмет ететін бағдарламалар мен стратегиялық мүдделер тоғысы болуы тиіс. Зайырлылық ұстанымы да осы мүддеге шақырады.
Асыл БЕК
[1] Eraslan, K., “Yesevі’nіn Fakr-namesі, TDED, C. XXІІ, İstanbul 1997,s. 45-120+15.