Бүгінгі таңда қоғамда дінге бейтарап қарайтындардың ұстанымын зайырлы деп сипаттау белең алған. Олар «зайырлы құқық» деп дінге негізделмеген, діннің қағидаларынан тәуелсіз, ал мемлекеттік басқару және реттеу жүйесінде діни сенімдер мен шарттарды қолдамайтын мемлекетті зайырлы қоғам деп түсінеді. Негізінде, зайырлы мемлекет дегеніміз діннің де мүддесін жоққа шығармайтын, құқықтық негіздерді де басымдыққа алатын ел.
Конституциялық негіздегі «зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларында, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанады. Яғни, азаматтардың ар-ұждан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін – ішкі саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдениетіндегі аса маңызды факторлардың бірі.
Айта кетсек, елімізде түрлі дін өкілдері мен түрлі этнос өкілдері қатар өмір сүріп келеді. ҚР Заңында: «Әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы» делінген («Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3-бабы, 6-тармақша). Олай болса мемлекет азаматтардың қандай да бір діни бағыттағы ұстанымдарына еркіндік беріп отыр.
Дегенмен, белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышхан дін ұстанудағы еркіндік – дін саласы мүлде бақыланбайды деген сөз емес дейді. Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі жұмысына араласпаса да, олардың жалпы қызметі дін аясынан шықпауын жіті қадағалап отырады. Сәйкесінше ел ішіне іріткі салушы радикалды топтардың іс-әрекеттері мен ұстанымдарыының жолы дер кезінде қиылады.
– Дін ісі мемлекет ісінен бөлек болғанмен, дін мен қоғам бөлек емес. Себебі, қазіргідей рухани бағытын айқындау кезеңінде, радикалды, деструктивті сипаттағы ағымдар мен ұстанымдарға қарсы күрес жүргізіп отырған шақта қоғамдағы діни ахуалды реттеу, діни бірлестіктермен жұмыс, олардың қызметтерін қадағалау – біздің еліміз үшін аса маңызды.
Демек, әрбір мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын елдің ішкі діни ахуалына байланысты, мәдени-рухани ұстанымдары мен тарихына, саяси, құндылықтар мүддесіне қарай қалыптастыруы – заңды құбылыс. Бұған Ресей, Түркия, тіпті, кейбір араб елдері мен Еуропаның бірқатар елдерін мысалға келтіруге болады.
Діни құндылықтар немесе діндарлардың саны қанша басым болса да, қоғамдық және әлеуметтік қарым-қатынастарды реттеуде зайырлылық қағидалары мен зайырлы құқықтық нормалар маңызды күшке ие бола береді. Дін мен діни қызметтердің тетіктері дұрыс жүйеленсе, діндарлар қатарының артқанынан зайырлылық қағидаттары мен құндылықтарына ешқандай шектеу болмасы анық, – дейді дінтанушы.
Зайырлылық тек дін мен сенім бостандығы немесе мемлекет пен діни бірлестіктер ісінің бөлектенуі емес. Зайырлылық – көптеген елдерде, соның ішінде біздің елімізде де мемлекеттің демократиялық, құқықтық ұстанымдарды негізге алатынын білдіреді. Мемлекет тарихи, рухани, мәдени салалардағы құндылықтарды назарға алып, азаматтардың сенімдік және рухани қажеттіліктерін бағалай отырып зайырлылық қағидаттарын қалыптастырады.
Зайырлы дүниетаным бірде-бір дінді ресми дін ретінде мойындамайды, ол үшін барлық діндер тең. Мемлекеттік және діни институттар бір-бірінен дербес қызмет атқарады және бір-бірінің істеріне араласпайды. Дегенмен, дін қоғаммен тығыз байланысты болғандықтан, мемлекеттен толық тәуелсіз бола алмайды. Ол тек дербес мәртебеге ие бола алатындығын айта кету керек.
Зайырлы мемлекет дінге сену мен ұстануға толық еркіндік беретіндігімен, діни институттар мен діндарлардың құқықтарын қорғауды кепілдендіруімен және діндарлардың заңда көзделген нормаларында өздерінің барлық жоралары мен рәсімдерін толықтай өтей алуын қамтамасыз ете алатындығымен анықталады.
Конституцияның 22-бабындағы «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар», 14-бабындағы «дінге көзқарасына» байланысты «ешкімді кемсітуге болмайды» деген қағидаларына сәйкес мемлекет:
– азаматтардың дінге қатынасына, дін таңдауына, балаларының да дін таңдауына араласпайды;
– мемлекеттік органдардың жұмысын діни бірлестіктерге жүктемейді;
– діни бірлестіктерді қаржыландырмайды;
– діни бірлестіктердің жұмысына, егер ол заңға қайшы болмаса, араласпайды;
– әртүрлі діндегі немесе дінге сенбейтін адамдардың, діни бірлестіктердің өзара сыйластықта, төзімділікте болуына ықпал етеді.
Ал діни бірлестіктер:
– мемлекеттік биліктің қызметін атқармайды және мемлекеттік органдардың жұмысына араласпайды;
– саяси партиялардың жұмысына қатыспайды, оларға қаржылай қолдау көрсетпейді;
– мемлекеттің заңнама талаптары мен құқық тәртібін сақтауға міндетті.
Сондай-ақ діни ұйымдар мен мемлекеттің қоғамға ықпалы бірдей емес. Мемлекеттің заңдарын орындау барлық азаматтардың міндеті болса, ал діни қауымдастықтардың, адамдардың бағыт-бағдарларының орындалуы азаматтардың калауына қарай. Мемлекет пен діннің қызметін анықтау, олардың ара-қатынасын ажырату – заң алдында олардың теңдігі, олардың ортақ мүдделері барын жоққа шығармайды. Сол себепті дін мен мемлекет арасында шекара жоқ.
Дін құндылықтарының бастамасы – бейбітшілік пен келісім. Өйткені, бейбіт өмір ғана дін адамына өз парыздарын орындауға мүмкіндік береді. Ал зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Себебі, тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым. Ол мемлекет аясында ғана орындалады.
Әсет НҰРОВ,
Маңғыстау облысы дін істері басқармасының бас маманы