Бүгінде зайырлы мемлекетіміз үшін өткір тұрған тақырыптардың бірі дін. Қазіргі уақытта діни жағдайды реттеу бағытында министрлік тарапынан бірқатар әрекеттер жасалуда. Осы және басқа да маңызды тақырыптарды әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Құдайберді Бағашар мырзамен сөз еткен едік.
Құдайберді мырза, әңгімені жуырда қабылданған Тұжырымдамадан бастасақ. Тұжырымдама несімен маңызды?
Жуырда, нақтырақ айтар болсақ, 2017 жылдың 28 маусымында елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы 2017-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының діни саладағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын бекіту туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Мұндай арнайы Тұжырымдама бекітудегі негізгі мақсат мемлекеттік-конфессионалдық және конфессияаралық қарым-қатынасты жақсарту, мемлекеттің зайырлы негіздерін нығайту және дінді деструктивті мақсаттарда пайдалануға жол бермеу тұрғысында діни саладағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру деуге негіз бар. Онда бір жағы жаңа геосаяси ахуал, ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерді абайлау, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қадағалау көзделген.
Дінді деструктивті мақсаттарда пайдаланбау ұғымын ашып түсіндірсеңіз.
Ата заңымызда діни наным сенімге еркіндік берілгені қасиетті қазақ даласында түрлі секталардың өз білгенін істеуін білдірмейді. Секталарды қазір дәстүрлі емес діни ағымдар не жат діни ағымдар деп айту қалыптасты. Дегенмен мемлекет діннен бөлек бола тұра дінді үнемі қадағалауда ұстайды. Өйткені қаптаған діни ағымдар арасында Қазақстанды тұтас евангелизациялағысы келетіндер де, билікке қарсы жихад жариялап, Ата заңымызды күшпен өзгерткісі келетіндер де табылады. Бүгінгі күні діннің атын жамылып, азаматтардың тыныштығын бұзып, мүлкіне зиян келтіріп, жастарды соғыс ошақтарына тартып жүрген бүлдіргі топтар кездесуде. Мемлекеттік рәміздерді мойындамау, қан құюдан бас тарту, қалыптасқан дәстүрлі мұсылмандық танымға қарсы жұмыс жасау, өзгені кәпір де өлтіруге, дүниесін талан таражға салуға, кәмелеттік жасқа жетпеген қыздарды күштеп некеге отырғызу, талақ айтып қыз келіншектердің тағдырын тәлкек етушілер секілді бірқатар келеңсіздіктерге жол бермеу деген сөз.
Алда тағы қандай мәселелер реттелмек?
Өздеріңізге мәлім, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі қоғамдағы бірқатар дінге қатысты мәселелерді реттеу бағытында тиісті заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қолға алуда. Атап айтқанда, атеистік ұстанымдағыларды балағаттауға жол бермеу, заңнамада көрсетілмеген жерлерде діни білім беруге жол бермеу және оған балаларды тартуға тыйым салу, өзімізде бакалавр деңгейін бітіріп барып шетелге діни білім алуға бару қарастырылуда. Бұған қоса, аймақтардағы діни ахуалды діни бірлестіктер мен миссионерлердің әрекетін зерделеу мен талдау қызметі жергілікті әкімдердің құзыретіне берілмек. Кәмелетке толмаған балаларға қатысты дін және діни көзқарастарды пайдалана отырып әрекет ететін коммерциялық емес ұйымдар құруға да тыйым салынбақ. Оқу орындарында тіркелмеген діни ұйым өкілдерінің оқушылармен діни мәселелер бойынша шара өткізуіне жол берілмейді. Яғни прозелитистік әрекеттердің алдын алу.
Орамал мәселесі шешімін қалай таппақ?
Республика аумағында жалпы мұсылман қыз келіншектердің діни негізде орамал тағып жүруіне тыйым салынған емес. Мемлекет зайырлы болғандықтан тек мектептерде ғана оқушы қыздардың орамал салуына Білім және ғылым министрлігі тыйым салған болатын. Бір жағы ата аналар да ол мектептердің зайырлы білім беретінін о бастан білетіні сөзсіз. Алайда министрлік мамандары мектеп сыртындағы оқушылардың діни киіміне араласпайтындықтарын айтуда. Сондай ақ оқушылардың мешіттерге ата аналарының рұқсатымен баруы да қазір қарастырылып жатқан мәселелер қатарында.
Елдегі мұсылман жамағаты зайырлылықты дұрыс түсініп жатыр ма?
Зайырлылықты ә дегенде түсінбей қалып, ол дінді қыспаққа алатын жүйе екен деп ойлап қалмау керек. Ата заңымызда ар ождан бостандығы және наным сенім еркіндігі берілгені белгілі. Бүгінде Дін істері және азаматтық қоғам тарапынан зайырлылық түсінігі кең түсіндірілуде. Тағы да түсіндіре кету артық болмас, зайырлы мемлекет кез келген дінге бейтарап ұстанымда болады. Белгілі бір дінге басымдық берілмейді. Яғни ресми дін болмайды. Мемлекет қандай да бір дінге тәуелділік сезінбейді. Дін де мемлекеттен тәуелсіз. Ел азаматтарының ар-ұждан мен діни сенім еркіндігі қамтамасыз етіледі. Бірақ әр адам өзінің ерікті таңдауымен қалаған дінді ұстануға, тіпті ешбірін ұстанбауға да құқылы болады. Мемлекеттік білім беру мекемелері, мектептер және құқықтық жүйе қандай да бір діннің ықпалында болмайды. Дей тұрғанмен зайырлылықты атеизммен шатастыру ол да қате.
Елдегі діндар азаматтар нені түсінуі керек дер едіңіз?
Елбасымыз айтқандай, бізге діни дүмшелік те, діни фанаттық та жат болуы тиіс. Ханафи, Матуриди дәстүрлі жолын тереңірек тану, зайырлы білімді жатсынбау және діни сауаттылықты көтеру керек. Толерантты діни санадан алшақтамай, ұлттық дәстүрді құрметтеп, орташа жолды ұстана білген дұрыс. Орта жол дінге үстірт қарауды да, әсіре фанат болуды да білдірмейді. Орта жол күнделікті істеріңнің қатарында діни талаптарды да алып жүруді қажет етеді. Әсірелік ешқашанда жақсылыққа бастамаған.
Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет айтамыз!
Сұқбаттасқан: Снадин Асылбек