Сұрақ: Зайырлы мемлекетте Құран және сүннет жолымен жүру мүмкін бе?
Жауап: Зайырлы мемлекет – бұл дінге тыйым салатын саяси жүйе емес. Керісінше зайырлы мемлекет деп – дінге бостандық беретін жоғары саяси ұйымды айтамыз. Жалпы, мемлекет құрушы халықтың талап-тілегі мен мұң-мұқтажына орай, сондай-ақ, тарихи үрдіс пен аумақтық саяси-рухани сұранысқа сай зайырлы мемлекеттердің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Осының ішінде экпипотенциялық (дінді оқшаулап, қадағалауда ұстайтын) сипаттағы зайырлылықты ұстанатын Қытай Халық Республикасы, Солтүстік Корея, Куба Республикасы секілді мемлекеттерді айтпағанда, контаминациялық (діни нормалардың мемлекет заңдарына салмақты түрде әсер етуі), преференциялық (мемлекеттің белгілі-бір дінге жеңілдіктер қарастыруы немесе бір дінге қолдау көрсетуі), идентификациялық (мемлекеттік саясат пен доминант дін мүддесінің ымыраласуы) зайырлықты ұстанатын мемлекеттер де дінге қысым көрсету орын алмайды. Бәлкім, мұндай зайырлы елдерде халықтың басым көпшілігі ұстанатын дінге мемлекеттік тұрғыда қолдау жасалынады.
Ислам әлемінде Түркия, Алжир, Морокко, Египет, Сирия, Қырғызстан, Малайзия және т.б. мемлекеттер Ата заңдарында өздерін зайырлы (алмания, дәстурия, лайк, дүниеуи) ел ретінде көрсеткен. Аталған мемлекеттерде мұсылмандардың шариғат бойынша өмір сүруіне ешбір қысым жоқ. Қайта бұл елдерде мемлекет дін қатынастарын реттеуде халықтың жүріп өткен тарихи сүрлеуі һәм тұрғындардың талап-тілегін ескере келе, ислам діні құндылықтары тиісті заңдармен қорғалады. Мұсылмандардың діни мүддесіне қайшы келетін әрекеттердің орын алмауын барынша мән беріледі. Олар негізінен құлшылықтарды (ғиабадат) орындауда, қоғамдық қатынастарды (азаматтық құқық) реттеуде, халықаралық саясат және т.б. салаларда жүзеге асырылады. Тек, кейбір қылмыстық құқық секілді салаларда шариғат бекіткен жазалар қолданылмауы мүмкін.
Қазақстанға келер болсақ, біздің еліміз де 1995 жылы қабылданған Ата заңымызда (1.1) және 2011 жылы қабылданған «ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңы» бойынша зайырлы (1.2) мемлекет болып табылады. ҚР Дін туралы заңнамасында зайырлы мемлекетімізде шариғи тұрғыда құлшылық жасауға (7.2 баб), діни бірлестік құрып, мешіт ашуға (5.5 баб) діни оқу орнын ашып, шариғи діни білім алуға (13.2 баб), діни насиқат жасауға (8 баб), діни әдебиет шығаруға (9.1 баб), қажылыққа баруға (11.1 баб), шетелдерде діни білім алуға (11.2 баб) және т.б. діни жоралғылар мен рәсімдерді атқаруға толықтай бостандық берілген.
Десе де, кейбір әскери, медицина, құқық қорғау секілді қызметтердің атқарылуына кедергі болмас үшін аталмыш саладағы қызметкерлердің жұмыс уақытында діни рәсімдерді атқаруына тиым салған (7 баб). Бірақ, аталған сала қызметкерлері жұмыстан тыс уақытта діни жоралғыларға қатысуға, діни рәсімдерді атқаруға толықтай құқылы. Яғни, Қазақстан секілді зайырлы мемлекетте кең деңгейде шариғат талаптарын жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік бар деп айта аламыз.
Мұхан ИСАХАН
Зайырлылық, толеранттылық ұстанымы исламда ғана дұрыс қорғалған. Басқа діндер зайырлылық тұрғысынан бізге үлгі бола алмайды.
Зайырлымыз деп жүргенде атеис болып кетпесек болғаны.