2022 жылдың 16 қыркүйек күні Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №77 түзеу мекемесіндегі экстремизм және терроризм баптары бойынша жазасын өтеушілермен «Зайырлы ел – қоғамға қайыры ел» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Шараны «Отпан» Ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығының директоры Азамат Нұғманұлы жүргізді. Жазасын өтеушілермен өткен семинар кофе-брейкпен жалғасын тапты.
Зайырлы мемлекет дегеніміз дін бостандығы, еркіндігі мен діннің мүддесін жоққа шығармайтын, құқықтық негіздерді де басымдыққа алатын ел.
Дегенмен, дін ұстанудағы еркіндік – дін саласы мүлде бақыланбайды деген сөз емес дейді. Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі жұмысына араласпаса да, олардың жалпы қызметі дін аясынан шықпауын жіті қадағалап отырады. Сәйкесінше ел ішіне іріткі салушы радикалды топтардың іс-әрекеттері мен ұстанымдарыының жолы дер кезінде қиылады.
Дін ісі мемлекет ісінен бөлек болғанмен, дін мен қоғам бөлек емес. Себебі, қазіргідей рухани бағытын айқындау кезеңінде, радикалды, деструктивті сипаттағы ағымдар мен ұстанымдарға қарсы күрес жүргізіп отырған шақта қоғамдағы діни ахуалды реттеу, діни бірлестіктермен жұмыс, олардың қызметтерін қадағалау – біздің еліміз үшін аса маңызды.
Демек, әрбір мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын елдің ішкі діни ахуалына байланысты, мәдени-рухани ұстанымдары мен тарихына, саяси, құндылықтар мүддесіне қарай қалыптастыруы – заңды құбылыс. Бұған Ресей, Түркия, тіпті, кейбір араб елдері мен Еуропаның бірқатар елдерін мысалға келтіруге болады.
Зайырлылық тек дін мен сенім бостандығы немесе мемлекет пен діни бірлестіктер ісінің бөлектенуі емес. Зайырлылық – көптеген елдерде, соның ішінде біздің елімізде де мемлекеттің демократиялық, құқықтық ұстанымдарды негізге алатынын білдіреді. Мемлекет тарихи, рухани, мәдени салалардағы құндылықтарды назарға алып, азаматтардың сенімдік және рухани қажеттіліктерін бағалай отырып зайырлылық қағидаттарын қалыптастырады.
Дін құндылықтарының бастамасы – бейбітшілік пен келісім. Өйткені, бейбіт өмір ғана дін адамына өз парыздарын орындауға мүмкіндік береді. Ал зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Себебі, тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым. Ол мемлекет аясында ғана орындалады.
Шара соңында жазасын өтеушілер сұрақтарын қойып, пікір алмасу орнатылып позитивті жоғары көңіл-күймен тарқасты.