Дін тақырыбын қозғайтын, оның ішінде зайырлы діни журналистика бағытына маманданған жандар үшін ұстанатын бірқатар қағидаттар бар. Себебі дін саласы адам ожданы мен сеніміне байланысты болғандықтан, өте нәзік тақырып болып есептеледі. Осы орайда неден сақтанып, нені ұстану керектігінің бір парасын назарларыңызға ұсынамыз.
Ең әуелі, атауларды, оған қатысты сөздер мен сөйлемдерді, тіркестерді жарияларда сақ болу сұралады. Тілді және оның қолданыс нормаларын білмеу, оның лексикалық қабаттарын ұқыпсыз пайдалану конфессиялық шиеленісті арттырады. Діни топтар (ұйым, қоғамдастық), конфессияның ағымдағы жұмыс тілінде қалай аталатынын анықтаған ләзім.
Дін ұстаушылардың сезімдерін қорлайтын және сол арқылы діни дүрдараздық орнататын жалған мәтіндердің дәйексөзін келтіруден аулақ болу сұралады. Жалған, жеккөрушілік және әділдік пен ізгілікке орын қалдырмайтын сөздерден аулақ болу – басты міндет.
Бұқаралық ақпарат құралдарында «араздық тілін» болдырмау өте маңызды. «Араздық сөздері» әртүрлі – зорлық-зомбылыққа шақырудан бастап, реніш туғызуы мүмкін анықтамаларға дейін көрініс табуы мүмкін. Олар мақаланың немесе хабардың тез аңдалатын мазмұнында әрдайым көрініс бермейді: олар тақырыптар стилінің үндестігімен, фотосуреттер мен бейнелерді іріктеумен, редакциялық түсініктеменің жоқтығымен жорамалдануы мүмкін. Мысалы, қарсы тұру тараптары этникалық санаттармен, дін категорияларымен («Құдай қызметшісі» және «шайтанның қызметшісі»), таптармен (қанаушылар/еңбекшілер немесе қаналушылар), сенім мәртебесімен (жергілікті тұрғындар немесе сырттан келгендер) сипатталуы мүмкін.
Қандай жіктеме пайдаланылғанына қарамастан, ондай мазмұндарда тараптардың бірі (біз) оң бағаланатын сапалармен жазылады, ал екіншісі (олар) жағымсыз түрде жазылады. «Араздық тіліне» қарсы тұрудың қарапайым тәсілдерінің бірі – санаға жаппай түрде төзімділік элементтерін енгізу. Яғни, мұндағы кілтипан – позитивті контексте толерантты сөздер мен түсініктерді гуманизмді, мейірімділікті, өзара түсіністік пен құрметті, ұлылық пен халықтар достығын, ынтымақтастықты, өзара көмек сияқты ұғымдарды қолдану турасында болып отыр. Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштыққа ықпал ете отырып, толеранттылықты дамыта алатын БАҚ-тың күшін жете бағаламауға болмайды.
Көптеген азаматтар өскен ортасы, тәрбиесі және т.б. факторлардың ықпалымен априори әртүрлі діни топтарға (ұйымдарға, қауымдастықтарға) немесе конфессияларға теріс көзқараста қарайды. Алайда оларды спикер ретінде тартқанда сол ұстанымдарын жарияланым лексикасында қаз-қалпында сақтап пайдалану дегенді білдірмейді.
Қандай да бір дін өкілдерін астарлап болса да кекетіп мысқылдамау сұралады. Қосымша физикалық немесе психологиялық зиян немесе тұрақты зорлық-зомбылық, кемсітушілік немесе жергілікті қоғамдастықтардың бас тартуына қарамастан қандай да бір дін өкіліне қатысты теріс таңулар шараларын арандататын санаттарға немесе сипаттамаларға жатқызған ләзім.
Діни тақырыптарды асығыс жариялаудан сақтану сұралады. Талқыланған тақырып бойынша әр түрлі ұстанымдары бар адамдармен теңдей ақпарланып сөйлеспей тұрып ешқашандай материал дайындамаған жөн. Егер материалдың кейіпкерлері тұтас діни қозғалысты немесе ұйымды сынға алса, онда олар күстаналаған топ өкілдеріне сынға немесе айыптауға жауап беруге мүмкіндік беру қисынды. Әйтпесе журналист тараптардың бірінің көзқарасы бойынша еріксіз біржақты насихаттаушыға айналады.
Қандай да бір конфессияның сырт көзге біртүрлі, күмәнді, логикаға қаншалықты қайшы көрінсе де діни дәстүрлері мен салттарын қорлауға болмайтынын ұғынған дұрыс. Яғни, мәдени ерекшеліктердің этикасын сақтау сұралады.
Сенсация жасау үшін сенімсіз ақпарат көздеріне жүгінбеу сұралады. Айталық, өзекті емес деректерді немесе ресми түрде жоққа шығарылған мәліметтерді пайдаланушылық, тіпті қандай да бір үдерістерді сипаттауда асыра сілтеушілікке жол беру ағымдағы жағдайды одан сайын ушықтыра түсуі мүмкін. Мұндай ұстаным күрделі саяси-әлеуметтік салдарға, тіпті, қантөгістік сипат алып кетуі кәдік діни немесе конфессияаралық араздыққа да әкелуі мүмкін.
Сол себепті, уәкілетті орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың (Құзырлы министрілік немесе комитет, Дін істері басқармалары, аймақтық ішкі саясат бөлімдері және т.б.) сарапшыларымен және ресми өкілдерімен кеңесу форматында тығыз ынтымақтастықты орнату маңызды.
Кеңес алу барысында журналист әдебиеттерді, сенімді деректерді, терминологияны пайдалану бойынша кәсіби ұсыныстарды, сондай-ақ діни бірлестік өкілдерінің байланыс телефондарын ала алады.
Негізсіз наразылықтан немесе түсініксіз гипотезадан аулақ болу сұралады. Сайып келгенде, бұл жағымсыз әсер береді және осыны жариялаған БАҚ-қа, сондай-ақ журналистің материалына деген сенім жоғалады.
Дереккөзі күмәнді кез келген мәтіндерді немесе материалдарды пайдаланбау сұралады. Яғни, қорлау, келеке ету, елемеушілік білдіру, теріс стереотиптер, жалған ой-пікірлер, теріс сипаттамаларға негізделген ескішілік, діни және этноцентризм (барлық басқа адамдар мен мәдениеттер үшін эталондық ретінде қарастырылатын өз этносының құндылықтарының призмасы арқылы айналасындағыларды бағалау), жауды іздеу (бақытсыздық пен мәселелерді басқа топтарға арту) жолына түспеу ұсынылады.
Бұл ретте, халықтың құқықтық және діни сауаттылығына ықпал ету маңызды. Себебі олар дін тасасында таратылатын деструктивті және экстремистік идеологияға қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастыратын тиімді құрал.
Мәдениеттанушы, саяси ағартушы технолог Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ