Көру мүмкіндігі шектеулі, зағип жандарға арналған сауат ашу курсы Нұр-Мүбарак университетінде биыл үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылды. Биылғы курсқа еліміздің түкпір-түкпірі мен Қырғызстаннан 25 адам қатысып, екі апта бойы Нұр-Мүбарак университетінің ғалым ұстаздарынан дәріс алды.
PhD доктор Асқар Әкімханов, PhD доктор Құрманғазы Садыбаев, магистр Асылбек Сәрсенбаев, магистр Айгерім Калкаева, магистр Бағлан Шежімбай ұстаздар ақида, фиқһ, Құран тәпсірі, сира, ислам тарихынан дәріс өтті. Ал қасиетті Құранды НМУ түлегі, Әлемдік Малайзия Ислам университетінің магистрі Асқар Шакиров Брайль әліппесімен үйретті.
Курстың аяқталу салтанатында НМУ Академиялық мәселелер департаментінің директоры Мұратхан Махмет 7 мен 60 жас аралығындағы көз жанарынан айрылса да, көңіл шырағы жарқыраған шәкірттерге сәттілік тілеп, курстан алған білімдерінің берекелі болуына тілек білдірді. Ал НМУ оқытушысы Ерлан Ақатаев ұстаз арнайы уағыз айтып, курс түлектеріне жаңа серпін сыйлады. Пайғамбарлардың жолын жалғастырған ізгі жандардың білімге деген құштарлығын құптап, оның шариғаттағы ерекшеліктеріне тереңінен тоқталып, сертификаттарын табыстады.
Курс ұйытқысы Асқар Шакиров, биыл шәкірттердің барлығына қазақша-арабша Брайль әліппесін сыйға тарту мүмкіндігі болғанын атап өтті. Сондай-ақ «Елжан-Бренд» шәкірттерге қамзол, казекейлер кигізді. Асқар Барлыбайұлының айтуынша, курсқа екі жыл қатарынан қатысқан қырғызстандық шәкірт биыл Мысырға Құран жаттау орталығында білімін жалғастыруда. Ал биыл курста дзюдодан параолимпиадашы Шами Ерғали, марафоншы (42 км) Алтай Сейжанов, отандық ТОП-10 Ютубер қатарындағы Нұрадин Бекжан білім алған. Түлектер арасында Нұр-Мүбарак университетіне түсуге ниет білдірушілер де бар.
Иман әлемінен сусындап, ұстаздардан дәріс алып, көкірек шамшырағы жарқырай түскен шәкірттер курс ұйымдастырушыларына, Нұр-Мүбарак университетінің басшылығы мен ұстаздарына алғыстарын жаудырып, ризалықтарын білдіруде. Олар курс жалғасын тапса деген тілектерін де жеткізді.