“Нұр-Мүбарак” университетінде көру мүмкіндігі шектеулі және зағип жандарға арналған сауат ашу курсында биыл 25 адам дәріс алды. Ең жасы 7 сынып оқушысы болса, үлкені 56 жастағы шәкірттен құралған курста екі апта бойы Құран әліппесі, тәжуид ережелері (Брайль әліппесімен), Ақида, Фикқ, Құран тәпсірі өтті.
Курс түлектеріне сертификат табыстау рәсімінде проректор, PhD доктор Қайрат Құрманбаев ізгі ілтипатымен бірге білім жолындағы қиындықтың артықшылығына тоқталды. Көру мүмкіндігі шектелсе де, білімге деген құштарлығы шектелмеген, көңілі нұрға бөленген ізгі жандарға тілеулестігін білдіріп, рухани демеу білдірді.
Курс шәкірттері де осындай білім алу мүмкіндігін жасаған университет басшылығына, ұжымына алғысын жаудырды. Маусымның 12-26 аралығында өткен курста университеттің Араб және ағылшын тілдер кафедрасы мен Исламтану кафедрасының оқытушылары Айгерім Калкаева, Асылбек Сарсембаев, Құрманғазы Садыбаев дәріс берді. Ал курсқа әлемдік Малайзия Ислам университетінің магистрі, Брайль оқуына маманданған Асқар Шакиров екінші жыл қатарынан ұйытқы болып, жетекшілік жасап келеді.
Курста қазақ, шешен, түрік, өзбек ұлтының, сондай-ақ көрші Қырғыз елінен арнайы келген білім ізденушілер де бар. Олар діни білімін арттырып, имандылығын күшейтуге ықпал етуші ұстаздарға ризашылықтарын жаудырды. Курс түлектері сертификатқа ие болып, естелік суретке түсті.
“Нұр-Мүбарак” университетінің баспасөз қызметі