Қонаев қаласының мәдениет үйінде Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен жарыққа шыққан «Bilte Qory» қоғамдық қорының зағип балаларға арналған брайль қарпіндегі «Айналайын» әңгімелер мен өлеңдер жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
Елімізде тұңғыш рет жарық көрген мұндай кітаптар инклюзивтік қоғам құруда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасына үн қосудың жарқын көрінісі. Көру мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қазақ тіліндегі бұл кітапты үлкен тиражбен және жүйелі түрде басу жобасы көпшілік тарапынан қолдауға ие болып, оқырмандарының ыстық ықыласына бөленді. Жинаққа 22 автордың әңгімелері мен өлеңдері енді. 1000 данамен шыққан жинақ еліміздің барлық өңіріндегі зағип балалар оқитын мектеп-интернаттарға түгелдей таратылатын болады.
Кітаптың таныстырылымында Сенат депутаты Амангелді Толамисов Қазақстан Республикасы Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың ыстық ықыласын жеткізді.
«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», деп жазушы Әбіш Кекілбаев айтып кеткендей, кітап – жансарайды байытар жалғыз қазына. Сондықтан бұл көп кітаптың бірі емес, зағип жандардың рухани дүниесін байытуға, ой-өрісін кеңейтуге арналған жарық сәуле, білім мен шығармашалықтың қақпасын ашатын кілт», деді Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Қуат Байғоджаев.
Салтанатты шарада Мәжіліс депутаты Максим Рожин брайль қарпіндегі тұңғыш қазақ тіліндегі кітаптың жарыққа шығуымен құттықтай келе, бұл жұмыстың жалғасын табарына сенім білдірді. Ал Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Алмас Ахметбекұлы бұл кітапты қаламгерлер қуана құптап, Қазақстан жазушыларының кітап шығарудың тағы бір саласына жасаған алғашқы қадамы екенін атады. Сондай-ақ зағип жандарға арналған республикалық кітапхана директоры Асхат Құсайынұлы, жазушы Ділдәр Мамырбаева зағип балаларға арналған қазақ тіліндегі тұңғыш әдеби кітаптың құндылығын жоғары бағалады.
«Оқырманға жол тартқан «Айналайын» кітабы көз жанарынан ерте айырылған балаларға арналып отыр. Олардың да күні ертең жұлдызы жарқырап ел азаматы болары сөзсіз. Кітап әр баланың маңдайынан иіскеп, жүрегіне терең бойлайтын сырлас досы болатынына сенеміз. Жобамызға қолдау көрсеткен Алматы облысының әкімдігіне ерекше ілтипатымызды білдіреміз. Бұл біздің жұмысымыздың басы ғана. Ізгілікті іс жалғасады. Зағип көретін тіл – мейірім. Әлемдегі барлық бала бақытты болуға жаралған. Ал, бақыт сіз бен біздің бірге қол ұстасып, үлкен әлемге қадам басуымыз», деді «Bilte Qory» қоғамдық қорының президенті, ақын Мақпал Мыса.
Ерекше балаларды көркем сөйлеуге машықтандырып, адами-тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға септесетін жинақтың тұсаукесерінің соңында эстрада жұлдыздары мен облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның әртістері өнер көрсетті.
Ұлбосын ИСАБЕК
Алматы облысы