Қыз баланың негізгі міндеті отбасын құру, күйеудің көңілін табу, ана болу, ұрпақ тәрбиесімен айналысу болса, қыз балаға университет оқудың қандай қажеті бар деген пікір бүгінгі қоғамда жоқ емес. Сондай-ақ оқу орындарында қыз балалар мен ер жігіттер бірге оқиды, көп қыздар ашық-шашық киінеді, қысқасы, жоғарғы оқу орындарындағы орта көңіл қуантарлық емес деп қыздарын оқуға бергісі келмейтін ата-аналар да бар. Шынында да, Аллаға иман келтірген мұсылман қыздардың университеттерде білім алып, қоғамдық орындарда жұмыс істегені дұрыс па? Бүгін осы төңіректе ақылдасып, келісіп алуды жөн санап отырмыз.
Елдің байлығы да, қазынасы да, келешегі де қыздар. Қыздар деген жұмақтың гүлі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үш қызды тәрбиелеп, жетілдіріп, құтты орынға қондырған кісі жұмаққа кіретінін білдірген. Бұл тек қыз өсіріп отырған ата-аналарға айтылған сүйінші ғана емес, бүкіл елге қойылған талап. Аталарымыз «қызға қырық үйден тыюды» салт-дәстүрге айналдырған.
Пайғамбарымыз әйелдерге арнайы дәріс берген.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жалпы уағыздарынан бөлек, белгілі бір уақыттарда тек қана әйелдерге арналған арнайы дәрістер беретін. Әбу Сағид әл-Худридың айтуынша, бір күні Алла елшісіне бір топ әйелдер келіп: «Уа, Расулаллаһ! Біз Сіздің сөздеріңізді тек қана күйеулерімізден ғана еститін болдық (өз құлағымызбен естімейміз). Бізге де бір күн бөлсеңіз, сол күні бәріміз келсек, Алланың сізге үйреткендерінен бізге де бөліссеңіз болмас па екен?» деп сұрақ қойды. Пайғамбарымыз бұл уәжге келісіп, «Пәлен күні пәлен жерде жиналыңдар» деді. Белгіленген күні олар жиналды. Ал Алланың елшісі (с.ғ.с.) оларға Алланың білдірген білімінен дәріс жасап берді (Бухари, Илм, 35). Ендеше, қыз балаларға да белгілі бір жерден сабақ оқып, тәлім алуы керек-ақ.
Кезінде Жәңгір ханның, Ыбырай Алтынсаринның қыздарға арналған училище, гимназия ашқаны, Абай атамыздың өзінің қыздары Гүлбадан мен Райханды, Ысқақтың қызы Рахиманы оқуға жібергені мәлім. Осының бәрі қыз бала үшін оқудың қаншалықты маңызды екенін білдіретін факторлар.
Рас, Алла Тағала әйелдерді еркектерге жар болсын, рухани тұрақ, арсыздық пен күнәлі істерден пана болсын деп жаратты. Екі жарты бір бүтін дегендей, ер мен әйелді өмірлік һәм ақиреттік серік етті. Қасиетті Құранда былай делінген: «Оларға бауыр басып, жандарың жай табуы үшін сендерге өздеріңнен жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім салуы да Оның (сендерге деген махаббатының) белгілерінің бірі. Ой жүгірте білетін қауым үшін мұнда көп ғибрат бар» («Рум» сүресі, 21-аят).
Күйеуінің жағдайын жасау, бала-шаға тәрбиелеу, тамақ пісіру, үй, киім тазалығымен айналысу, қонақ күту, – бұлардың бәрі де жүмыс. Мұның бәріне күш керек, қуат керек, уақыт пен көңіл керек. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызы Фатима мен күйеу баласы Әлиге атқаратын жұмыстарын бөліп берген. Сонда әзірет Әлиге үйдің сыртындағы жұмыстар, ал бибі Фатимаға үйдің ішіндегі шаруаларды атқару иген болатын. Алайда мұның бәрі қыз баланың оқуға баруына бөгет болмайды. Өйткені қыз баланың, әйел кісінің қолымен жасалатын қаншама мамандықтар бар. Мысалы, емханаларда мейірбикенің қызметін ер адамдар дұрыстап атқара алмайды. Акушер, гинеколог секілді мамандардың әйел болғаны дүрыс. Бастауыш мектепте еркектер сабақ бере алмайды. Бала-бақшадағы тәрбие ісі әйелдердің еншінде. Киім пішу, тігуге көбінесе саусақтары икемді жандар керек екені түсінікті. Ал енді оқу бітіріп, белгілі бір мамандықтың иесі болмайынша ешбір жұмыс қабылдамайтынын ескерсек, қыздардың оқуы маңызды екені түсінікті болады. Қыз балалар оқымасын деген сөз олар осы секілді қоғамдық істерге де араласпасын дегенмен парапар. Осы ретте әйел затының жұмыс жасауына шариғат не дейді, соған да тоқтала кетейік.
Дайындаған Г.Шарханқызы