Ибрахим ибн Әдһәм бірде дастарқанын мол етіп жасатады. Сонда Суфиян тұрып:
– Уа Әбу Исһақ, мынауың ысырапшылық деп қорықпайсың ба?- дейді.
– Қонаққа қойылған тамақ ысырапқа жатпайды, – деп жауап береді ол.
Қайда барасыз?
Әс-Сатури жайында мынадай әңгіме бар. Ол әзілқой сопы болатын. Бірде ол бір бай кісінің үйінде дастарқанда отырады. Оларға пісірілген қозы еті әкелінеді. Үй иесінің біраз сараңдығы бар екен. Жұрттың қозыны парша-паршасын шығарып жей бастағанын көрген ол:
– Әй, қызметші, мынаны балаларға апарып бер, – дейді. Қозыны әкетіп бара жатқанда, әс-Сатури тұрып артынан ере бастайды. Одан:
– Қайда барасыз? – деп сұрағанда:
– Балалармен бірге жеуге ,- деген екен. Үй иесі ұялып, астың дастарқанға қайта қойылуына әмір берген екен.
Маған серік болыңыздар
Мырза кісілердің бірі дастарқанға қойылатын тамақ түрлерінің бәрінен қонақтарды хабардар етеді де, олар әбден жеп алғанша араласпайды. Жеп болып қалды-ау деген кезде дастарқанға тізерлеп отырып, қолын созып тамақтан алып:
– Бисмиллә! Алла сіздерге береке берсін, маған серік болыңыздар, – деп қолқалайды екен. Сахабалар оның бұл ісін ұнататын болған екен.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ