Ысырап дінімізде де, дәстүрімізде де құпталмайды. Абай атамыз да адамның бойындағы бұл кемшілікті: «Адам болам десеңіз, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз…» – деп ысырапшылдықтың анық дұшпан екенін айтып өткен.
Негізінде «ысырап», «ысырапшылдық» сөздерінің түп төркіні араб тіліндегі «исраф» сөзінен бастау алады. «Исраф» сөзі – түбір етістік. Араб тілінде бұл сөз бір нәрсені орынсыз, артығымен жұмсау, шектен тыс жарату деген мағыналарды білдіреді. Сонымен Құранда Алла тағала ысырапқа қатысты былай деген: «Жеңдер, ішіңдер және ысырап қылмаңдар. Шын мәнінде, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» (Ағраф: 31).
Аяттан білгеніміздей ысырап қылу жақсы қасиет емес. Ысырап қылушыны Алла жақсы көрмейді екен. Өйткені Алла Өзінің пендесіне берген ризығын орынды және үнемді жаратқанын қалайды. Ризықты үнемдеп жарату сараңдыққа жатпайды. Керісінше, оны оңды-солды шашу дарақылық пен ақымақтық болады.
Ал енді ысырапқа байланысты хадистерге зер салайық. Мысалы үшін бір-екі хадисті алсақ жетерлік. Муғира ибн Шуғба есімді сахаба пайғамбардың (с.ғ.с.) мынадай хадисын жеткізеді:
«Алла сендерге ананың тілін алмауды, қыздарды тірідей көмуді, әлсізге күш көрсетуді арам етті. Сондай-ақ, «айтты», «айтады» – деген сөздерді сөйлеуді, көп сұрақ қоюды және малды ысырап қылуды тыйым салды» (Бұһари).
Келесі хадисте де ысыраптың арам екенін көреміз: «Жеңдер, киініңдер және садақа беріңдер. Бірақ, ысырап пен тәкаппарлықтан сақтаныңдар» (Бұһари).
Ислам талаптарына сәйкес адам өз мүлкін орта деңгейде жаратуы тиіс. Яғни, сараң болмауы және дарақылыққа да салынбауы қажет:
«Сараң болма және ысап етпе!» (Исра: 29). Мұсылман осы екі өлшемнің ортасын ұстанады. Исламдағы ұғымға сәйкес жомарттық дегеніміз ысырапшылдық емес, мал-мүлікті үнемділікпен әрі орынды жарату деген сөз.
Мал-дүние құнды әрі бағалы болғандықтан Ислам оны ысырап етуге тиым салған. Мүлік Алланың пендесіне беретін бір нығметі. Адамның ақыретке азық жинауы осы мал арқылы болады. Ол қолындағы малы арқылы дүниелігі мен ақыретін теңдікте ұстай алады. Қажылыққа бару, Алла жолында дүниесін сарып қылу да малға байланысты. Денсаулығына көңіл бөліп, дер кезінде ем қабылдау, басқаның қолына қарамау, ағайын-туысты қамтамасыз ету, садақа беру, мұқтаждарға көмек көрсету мүлік арқылы іске асады. Сондай-ақ, емхана, бала-бақша, мектеп көтеру, су көздерін ашу, жол және көпір салу мал-мүліктің арқасында болатын дүние. Ұзын сөздің қысқасы, қоршаған ортаға пайда келтіру, қоғамға қызмет көрсету материалдық қаржы арқылы болады.
Осы орайда «Ысырапшылдық не үшін дұшпан?» деген заңды сұрақ туындайды. Сіз ысырапшылдықты өзіңізге дос қылсаңыз сізді Алла жақсы көрмейді. Егер ысырапшылдық қасиеті сізді Алла Тағала үшін жек көрінішті етсе, демек ысырапшылық сіздің дұшпаныңыз. Кезінде тәкаппарлығы үшін жәннаттан қуылған Ібіліс те Алланың «сәжде қыл!» деген әміріне мойынсұнбаған болатын. Сөйтіп, Жаратушының да, адам баласының да ашық дұшпанына (адуун мубин) айналды.
Ысырапшылдық жай ғана кемшілік емес, ол негізінен алты ағайынды болып келеді екен. Мамандардың айтуынша бұл кемшіліктер бір адамның бойында неғұрлым көп жиналса, оның тамыры да соғұрлым тереңге кетеді. Енді осы «алты бауырдан» сақтану үшін олардың әрбіріне қысқаша тоқтағанымыз дұрыс болар.
Ысыраптың алты бауыры
Ысырапшылдықтың бірінші бауыры – ақымақ адам. Көптеген адамдарды ысырапшылдыққа жетелейтін себептірдің бірі де осы ақымақтық. Ақымақ адам жеңіл әрі келте ойлайды, мұрнының алдындағыдан әрі аса алмайды. Ақымақ адамның қолына жеңіл олжа келіп, дүние бітсе оның қасынан дереу «достары» да табыла кетеді. Олар оған: «Қолында малы бар жігіт өмір сүріп қалуы керек», «нағыз еркек малын аямайды», «бар дүниені көрсетіп шаш», – деген сияқты түрлі өтіріктерді айтып, малын тауысқанша қасында «дос» болып көрінеді. Әдетте дұрыс тәрбие ала алмаған әрі дәулетті отбасынан шыққан балдардың басым бөлігі осылай ысырапшылдықпен өсіп, соңында әкесі мен шешесінің сорына айналады. Мұндай азаматтарды БАҚтан көріп те, оқып та жүрміз.
Ысыраптың екінші бауыры – білімсіздік. Адам ысыраптың не екенін толық білмейді. Оны қайырымдылықтан, жомарттықтан айыра алмайды. Сөйтіп орынсыз, арам, құмар, зиянды жерлерге берген малын жомарттық деп ойлап адасады. Жомарттық дегеніміз осы екен деп жастарды дәстүрлі тәрбиеден алшақ ететін, қоғамды рухани дағдарысқа ұшырататын түрлі күмәнді құмар-ойынханаларға демеулік жасауы мүмкін. Бала-бақша, мүгедек балалар үшін арнайы мектеп, емхана сияқты т.б. әлеуметтік маңызы бар ғимараттар көтеруге, демеулік жасаудың орнына дүниесін мақтану үшін ауаға шашады десек болады.
Үшінші бауыры – риякерлік және малды басқалардың көзіне көріну үшін ысырап ету. Мені көрген жұрт «Туһ, мынау бай екен!», «Апырмай, мынау неткен дәулетті!» деп ойласын деген ниетпен малын орынсыз шашады, мазар басында бағалы мәрмәр тастарынан зәулім «сарай» тұрғызады (имамдар бұлай жасаудың дінге қайшы, марқұмға пайдасы тимейді деп түсіндірсе де) оларға құлақ аспайды немесе ұшақпен шет мемлекетке барып түстеніп келеді және т.б.
Ысыраптың төртінші бауыры – жалқаулық. Өзі еңбек етпейді, бірақ басқаның маңдай терімен тапқан малын жеңіл және рахаттанып шашқанды жақсы көреді. Сөйтіп жүріп, мал тапқан адамға ақыл айтады, ата-анасын сынайды. Мұндайлар жеңілдің астымен ауырдың үстімен жүруді ұнататындар. Жұмысқа мойны жар бермейтін жалқаудың пайдасынан зияны көп. Сондықтан да кейбір адамның бойында болатын мұндай қасиет иесін жақсылыққа апармайды. Өзі еңбек етіп, оның жемісін көрмегендіктен, үнемі біреуге өкпелі, тағдырына қапалы. Жалқау адам өзінің баға жетпес уақытын, зая кетіріп, өмірін бостықпен өлтіреді.
Бесінші бауыр – зерігу, рахат өмірден «жалығу». «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» демекші мына дүниенің рахат өмірінен жалығып, іші пысып, көңіл көтеру үшін, нәпсі рахатына беріліп шектен тыс мал жұмсайды. «Өмірде барлық қызықты көріп қалайын», «Барлық нәрсенің дәмін татайын» дейтіндер. Данышпан Абай «Жұмыс жоқтық, қарын тоқтық аздырар адам баласын» деп бекер айтпаған. Қарны тоқ, киімі бүтін адам ақылымен дос болмаса, тәрбие дұрыс алмаған болса, онда ол мына өмірден зерігіп, барлық рахатты көріп, ләззатты алып тойымсыз нәпсінің артынан кетуі бек мүмкін. Қызыққа тоймай мүмкіндік туған сәтте дереу құмар ойынға бас ұрады.
Ысыраптың алтыншы бауыры – дінге де, дәстүрге де немқұрайлы қарайтын адам. Діндегі ысырапқа қатысты тиым салатын аят-хадистерге құлақ аспайды. Ертең сұрақ-жауап болады, «Есеп күнінде қалай есеп беремін?» деп ойланбайды. Өйткені мұндай адамдар үшін «Құдай», «Қиямет күні», «Пайғамбар өсиеті», «дәстүрге қайшы», «салтымызға жараспас», «обал болады», «сауапқа жатпайды» деген сияқты ұғымдардың қадірі мен қасиеті жоқ. Ғалымдардың айтуынша «немқұрайлық» адамның бойындағы ең жаман қасиеттердің бірі. Мұндай адам еш нәрсеге жаны ашымайды, оған бәрі бір. Қоғам өмірінде, басқалармен қарым-қатынаста, ағайын-туыс, жора-жолдас өміріндегі жағдайлар мен өзгерістер ол үшін ешқандай маңызы жоқ. Ол тек қарақан басын ғана ойлайды.
Сонымен ысыраптың бауырлары тек жаман қасиеттерден құралған екен. Олардың ешбірі адамды көгерте қоймасы анық. Адам осы аталған қасиеттермен күреспейінше ысырапқа жол беріп отырады деген сөз. Ал уақыт өте ысырапшылдық адамды адасу жолына жетелейді. Ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: «Адамды адасу жолына жетелейтін нәрсе – ысырапшылдық пен тәкаппарлық» (Бұһари).
Ия, расында да осы хадисте айтылған екі ұғым (ысырапшылдық пен тәкаппарлық) адам баласын көптеген білместік қателіктерге ұрындырып жататыны шындық. Бойымыздағы ысырапшылдық, тәкаппарлық, сараңдық, көреалмаушылық сияқты т.б. нашар мінез саналатын қасиеттерге қарсы күресу тек өзімізге байланысты. Бұларды жеңу немесе өзіңе жақын дос тұту өз ықтиярымызда.
Ысыраптан емделу жолдары
Дегенмен, әрбір дерттің өз емі бар. Алланың елшісі (с.ғ.с.) «ли кулли даа-ин дауа-ун илләл маут» (Өлімнен басқа дерттің барлығының дауасы бар) – деп айтқаны сияқты мұсылман ғалымдары ысырапшылдықтан да құтылудың төмендегі үш жолын ұсынады: Себебі ысырапшылдық та дерттің бір түрі.
Ысыраптан айығудың бірінші әдісі – білім жолы. Ысыраптың зардабы мен зияны түралы үйрену. Муғауйя есімді сахаба (Алла оған разы болсын): «Пенденің жұмсақ мінезі оның надандығынан, ал сабырлығы оның шаһуатынан аспайынша, ол өз пікірінің дұрыс немесе бұрыстығын біле алмайды. Ал бұл нәрсе тек білімнің күшімен іске асады», – деп айтқан екен. Қарап отырсақ тек білімі бар адам ғана сол нәрсенің дұрыстығы мен бұрыстығына баға бере алады. Сондықтан да Алла Тағала Құранда білетіндер (ғалым) мен білмейтіндер (қарапайым адамның) тең емес екені жөнінде хабар берген. Ысыраптың зардабы мен зиянын оның жазасы мен күнәсін білген адам ысырапқа немқұрайлы қарамасы анық. Білімнің қасиеті де осында.
Ысыраптан айығудың екінші жолы – бойындағы ысырапшылдық қасиетімен күресу. Ысырапшылдық жасамауға тырысу. Тіпті, керек болса қасындағы сенімді жолдасына бойындағы кемшілігін айтып, оған өзін байқап жүруін өтіну. Мал-дүниесін ысырап қылған жағдайда әлгі досы оған ескертіп айтып отырады. Өйткені ысырапшылдық оның бойындағы дерті болғандықтан ол адам өзінің малды орынсыз жұмсап жатқанын аңғармауы мүмкін. Пайғамбар (с.ғ.с.) айтқандай: «джихад-ул акбар» (ұлы жихад) дегеніміз – осы. Яғни өз нәпсіңмен күресу, бойыңдағы кемшілікті жою – ең ауыр күрес. Себебі ол әдеттегі шайқастар сияқты шектеулі мезгіл болмайды, нәпсіңмен күрес ғұмыр бойына жалғасуы мүмкін. Орынсыз мал шашуды, ысырап етуді жаның қалап тұрса да өзіңді тежеу қажет.
Ысыраптан айығудың үшінші жолы – ысырапшылдықтың себептерін біртіндеп анықтап отыру. Сөйтіп, олардың әрбіріне қарсы күресу. Біз бұлардың алты себебін жоғарыда сайып өттік. Сол аталған себептердің әрбіріне қатысты шара қолдану арқылы біз бойымыздағы ысырапшылдықтан айығуымыз әбден мүмкін.
Дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты,
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ