Сұрақ: Қазақтың ырымдары шариғатқа қайшы ма?
Жауап: Ырым – халықтың сенімінен, өмір сүру барысында біртіндеп қалыптасқан дүние. Ырым мәселенде этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметұлы: «Дәстүрде ырымның екі түрі бар. Олар – салт ырымдары және сенім ырымдары. Күйші болсын деп сәбидің тырнағын белгілі домбырашыға алғызу, отаншыл болсын деп туған жер топырағына аунату, ержүрек болсын деп батырдың сарқытын жегізу, оның атын қою сияқты ырымдар бар» деп жазған.
Халық арасында қалыптасқан мұсылманшылыққа жат қылықтар мен ырымдар да бар: болашақты болжау, балгерлікпен айналысу, құмалақ ашу,
өлілерге табынып, олардан қажетін сұрау, әр нәрсені киелі тұтып сиыну, табыну т.б. мұсылманшылыққа жат қылықтар.
Ұлтымыздағы жағымды тәрбиелік маңызымен адамның өмірге құлшынысын арттырып, көкейге болашаққа деген сенім ұялататын ырым бар. Мысалы: Оң көзін тартса, қуанасың, оң құлағын шуылдаса, біреу мақтап жатыр, оң алақаның қышыса амандасасың, атың есінесе жолың болады, шашалсаң май қабасың яғни дәмді ас ішесің, нәресте еңкейіп жол қараса үйге қонақ келеді, нанның қиқымын жесең – бай боласың, пышақты жүзін шалқасынан қаратып қойма – сол үйдің малы пышаққа ілінеді, нанның үстін баспа, тұзды төкпе, жатқан кісіні аттама, үлкенге қарап керілме, табалдырық баспа, есік керме, бос бесікті тербетпе, бесікті ашық қалдырма, беліңді босқа буынба, бас киімді теріс киме, таңдайыңды қақпа, аяқ киімді жоғары көтерме, кешқұрым күл шығарма, жуған қолыңды сілкіме, кірдің суын жолға төкпе, батар күнмен таласып ұйықтама, түнде тырнақ алма, жүрер жолыңды кесіп айтпа, итті теппе, адамды санама, тамаққа қарай түшкірме, күлді баспа, сүтті жерге төкпе, жастықты аяқпен баспа, адамды айналма, саусағыңды аузыңа салма, үйге қарай тұра жүгірме, түнде ысқырма, үлкен кісінің жолын кесіп өтпе, жағыңды таянба, құмырсқаның илеуін бұзба, бүйіріңді таянба, адамға пышақ, мылтық оқтама, сыпырғышты тұрғызып қойма, малды теппе деген ырымдар адамды тәрбиеге баулиды.
Икрам АЙТАЕВ