Сұрақ: Ықыласты адамды басқадан қалай ажыратуға болады?
Жауап: Ықыласты мұсылманның басты ерекшелігі – әрбір істі шынайы әрі Алла үшін жасайды. Ол бас пайдасы үшін бұзық ниетке бармайды. Нәпсінің қалауын орындау, оның құлы болу сияқты мұсылманға жараспас қылық жасамайды. Ізгі амалдарын айтып мақтанбайды, атақ-абырой үшін садақа беру сияқты т.б. рияшылдық амал қылмайды, басқаша айтқанда нәпсі қалауына еріп кетпейді.
Ықылас қасиетінің маңызын сомдаған Абай:
«Алланың, пайғамбардың жолындамыз,
Ынтамызды бұзбастық иманымыз.
Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі,
Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?» – деп жырлаған екен.
Абай айтқан ықыласты мұсылманның бейнесін төмендегі оқиғадан көреміз: Ислам ұрыстарының бірінде мұсылман әскерлері бір қаланы қоршауға алып, оның өте биік әрі кең танымал дуалынан өте алмай әлекке түседі.
Түн ауа қолбасшыға бір жауынгер келіп:
– Мен дуалдың астынан қаланың ішіне кіріп, қақпаны ашу үшін шұңқыр қазып қойдым. Маған еріп шұңқырға кіретін адам бер. Егер біз қақпаны ашсақ, қалаға әскерді кіргіз, – деп айтады. Қолбасшы оған жауынгерлерді береді. Олар қалаға кіріп, қақпаны ашады. Сөйтіп қолбасшы қаланы түнде басып алады.
Екінші күні жаршы әлгі шұңқырды қазған жауынгерді марапаттау үшін шақырып жар салады. Ешкім келмейді. Жаршының екінші және үшінші күндердегі жарлығынан да оңды нәтиже шықпайды.
Төртінші деген күні қолбасшыға бір жауынгер келіп:
– Мен саған шұңқырды қазған адамды көрсетемін, – дейді.
– Қане, ол қайда? – деп сұрайды.
Жауынгер оған:
– Ол адам өзін көрсетуі үшін саған қоятын үш шарты бар, – дейді. Қолбасшы:
– Қойған шарттарына келісемін. Қандай шарт? – деп сұрайды.
Жауынгер:
– (Олар мыналар:) оны марапаттамайсың. Оны басқаларға көрсетпейсің. Оны екінші мәрте қайта шақырмайсың, – дейді.
Қолбасшы:
– Бұған да келістім, – деп жауап қатады.
Сонда жауынгер:
– Шұңқырды қазған мен едім. Мен оны Алланың разылығын қалап жасадым, – деп айтады да шығып кетеді.
Қолбасшы бұған қайран қалады. Сол уақыттан басап, ол намаз оқыған сайын Алладан махшар майданда қайта тірілген уақытта сол құдайшыл жауынгермен бірге болуын сұрайтын еді.
Жауангердің бойындағы ықыласы үшін Алла Тағала оған осындай мәртебені нәсіп етті десек қателеспейтін шығармыз.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ