Кейбір діни ағым өкілдері мұсылмандар басқа дін өкілдерімен қатынасын үзілді-кесілді үзуі тиіс деген ойды алға тартады. Шын мәнінде Ислам соған үндей ме? Біз елімізде өмір сүріп жатқан христиан, яхуди, өзге де дін өкілдерімен қарым-қатынас жасамауымыз керек пе?
Құран мен хадистерге зер салсақ, керісінше, мұсылмандарды басқа адамдардың діні мен ұлтына, шыққан тегіне қарамай жақсы қатынаста болуға үндеген. Мәселен, келесі хадистен тәлім алсақ.
Бірде Алла Елшісі қайтыс болған яхуди дініндегі адамның жерлеу рәсімі өтіп жатқанда тоқтап, бір орында тұра қалады. Сонда сахабалар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ісіне таңырқап: «Ол мұсылман емес, яһуди ғой», – деп сұрайды.
Сонда Алла Елшісі сахабалардың сұрағына: «Яһуди тірі жан иесі (яғни адам баласы) емес пе?», – деп жауап береді.
Біз бұдан пайғамбарамыздың өзге дін өкіліне қайтыс болғаннан кейін де құрмет білдіргенін көреміз. Ендеше жанымызда тірі жүрген, бір қоғамда өмір сүріп жатқан басқа діндегілерге қалайша құрмет көрсетпейміз?
Қазақстан – дінаралық, конфессияаралық диалогта қол жеткізген жетістіктерімен әлемге үлгі болып отырған мемлекет. Біз өзімізді ең бейбітсүйгіш, мәмілегер, ынтымақшыл халық ретінде көрсетуіміз керек. Еліміздегі дінаралық, ұлтаралық достық пен келісім – соның анық айғағы.
Тұрар ӘБУОВ