«Қаңтар қасіреті» дін қызметкерлерін де бей-жай қалдырмады. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2022 жылды «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы деп жариялады. Осыған байланысты халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайту бағытына басымдық беретін мақсаттарды атап, жұмыстарын бастап кетті.
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы отандық діни кадрлардың сапасын арттыру мақсатында елордамызда арнайы терең діни білім беретін «Ислам орталығын» ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ биыл ағарту саласын жаңғыртуға көп көңіл бөлетінін атап өтті.
«Қоғам алдындағы басты міндетіміз – мұсылман қауымының бірлігін нығайту, бүлік пен жалған ұрандарға жол бермеу. Біз 2022 жылды «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы деп жарияладық. Бұл еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығын нығайтуға оң ықпал етеді деген сенімдемін. Болған жағдайды терең ойланып, қайталанбас үшін жамағаттың көкейіне қондыруымыз керек.
Біз – Ислам мәдениеті мен өркениетіне үлкен үлес қосқан халықпыз. Осыған орай «Матуриди ақидасы және Қазақстандағы Ислам», «Алтын Орданың Қазақ жеріндегі Исламның дамуына қосқан үлесі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткіземіз», – деді Бас мүфти.
Жеті бағыт бойынша атқарылатын жұмыстар
Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы 2022 жылы жеті бағыт бойынша атқарылатын негізгі жұмыстарды атап өтті. Яғни, діни білім және ғылым, уағыз-насихат және ихсан, дін мен дәстүр, ақпарат және ағарту, қоғаммен байланыс, уақып және қайырымдылық, сондай-ақ діни оңалту бағытындағы жұмыстарға басымдық берілетінін мәлімдеді.
Қуантарлық бір жағдай, Бас мүфти елімізде қарилар санының жыл сайын артып келе жатқанын айтты. Осыған орай биыл қариларымызға арнайы «Ижаза» беру орталығы ашылмақ.
«Біз қазақ халқының ертеден келе жатқан Ақсақалдар институты мен Әжелер мектебін жандандыруымыз қажет. Осы мақсатта тиісті іс-шараларды қолға аламыз. Сондай-ақ сүннетті салтымызға айналдырған халықпыз. Яғни ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерін жатқа айту бойынша дін қызметкерлері арасында республикалық хадис байқауын өткіземіз. «Әли Имран» сүресінің 103-аятында: «Барлығың Алланың дінін берік ұстаныңдар. Ешқашан бөлінбеңдер» делінген. Адам баласы ынтымақта өмір сүрсе, қарым-қатынасы берекелі болады.
Халықтың сенімін жақсы арнаға бұру – дініміздің даналыққа негізделген ұлы істерінің бірі. Сондықтан дінді насихаттау қажет. Біз, дін қызметкерлері, осы қағидатты берік ұстануымыз керек», – деп атап өтті Наурызбай қажы.
Елдегі діни ахуалды жақсарту
Діни басқарманың жұмыс бағыттарында отбасындағы бала тәрбиесі де өзекті мәселелердің бірі. Осы ретте мешіттер жанынан ашылған отбасылық кеңес беру орталықтарының жұмысын жандандырып, ұлттық құндылықтарымыз бен имандылық тәрбиесін дәріптеуіміз қажет екендігін атап өтті. Сонымен қатар биылғы жылы істелінетін бірқатар шараларға шолу жасады.
«Биыл – халқымыздың елдігі жолында өмірін арнаған тұлғаларымыз Қазыбек бидің 355, Кенесары ханның 220, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойлары. Бабаларымыздың өнегелі өмірі мен рухани мұрасын насихаттауға біз де атсалысуымыз қажет.
«MUFTIYAT» баспасының маңызды бағыты – ел мұсылмандарының діни әдебиетке деген сұранысын сапалы әрі сенімді кітаптармен қамтамасыз ету. Биыл осы бағытта «Қазақстандағы Ислам тарихы» және «Ислам энциклопедиясы», «Қожа Ахмет Иасауи: өмірі, қызметі, шығармашылығы», «Қазақ тіліндегі діни сөздердің орфографиялық сөздігі», т.б. ғылыми-танымдық кітаптар шығарамыз.
Діни оңалту бағыты бойынша, қоғам үшін маңызды кешенді жұмыстарды жүзеге асырып келеміз. Деструктивті және радикалды діни ағымдардың таралуына идеологиялық тұрғыдан қарсы тұру жұмысын жүйелі түрде атқаруды басты назарымызға алдық. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманынан бастау алып, ата-бабаларымыздан осы күнге дейін жалғасып келе жатқан, бүгінгі әлемдік тәжірибеде қалыптасқан, сауабы сарқылмайтын игі істің бірі – «Уақып» қорын аштық.
Сондай-ақ елдегі діни ахуалды жақсарту және кейбір маңызды мәселелерге қатысты білікті сарапшылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, олардан кеңес алу – маңызды қадамдардың бірі. Бұл ретте ҚМДБ жанынан «Діни сарапшылар кеңесі» құрылатын болды.
Мұсылман қауымның шариғатқа сай адал ас тұтынуын насихаттау үшін «Халал» сертификатын беру жалғасын табуда. Бірақ бұл табыс көзі емес. Осыны дұрыс түсінуіміз қажет.
Мешітке келуші жамағатқа қажетті жағдай жасау да басты міндетіміз. Осы ретте мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасау назардан тыс қалмауы керек», – деп сөзін тәмәмдады Бас мүфти.
Еске салсақ, Діни басқарма осы уақытқа дейін «Зекет және қайырымдылық» қоры аясында бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асырған. «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 520 мұқтаж отбасы баспаналы болды. Биыл да осы жобалар жалғасын табады.
«Бауырмалдық – иман келтіргендердің өзара сүйіспеншілігі мен дін насихатында ортақ болуы», – дегендей, ҚМДБ мұсылман қауымын береке-бірлікке, шынайы бауыр болуға шақырады. Біз ұстанған діни жол – атадан балаға мұра болып қалған мұсылмандық мектеп. Насихат жұмыстарында әулие-хәкімдер мен ахун-ишандардың, би-шешендер мен ақын-жыраулардың және дін қайраткерлерінің ұлағатты сөздерін жеткізетіндерін мәлімдеді.
Балжан ӘБДІРАШ