Алғыс айту күні – сан түрлі сынақтан өткен халқымыздың ынтымақ-бірлігін танытатын тағылымды мереке. Ризашылық пен мейірім, бейбітшілік пен келісім үйлесім тапқан мерейлі мезет. Бұл мейрам елімізде 2016 жылдан бастап енгізілді. Сол жылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының мәжілісінде 1 наурыз Алғыс айту күні болып белгіленді.
Бейбітшілік пен татулық – адамзаттың асыл құндылықтарының бірі. Адам баласы бүкіл саналы ғұмырында үнемі тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді арман етеді. Алыс-жақын ұлт-ұлыстармен, ағайын-туыспен, көрші-қоңсымен тату-тәтті, бейбіт өмір сүруге ұмтылу – қазақ халқының қанына сіңген қасиеттерінің бірі. «Сырт көз – сыншы» деген, арғы-бергі заманда қазақ жерінде болған саяхатшылар, ғалымдар, елшілер қазақ ұлтының меймандос, қонақжай, кеңпейіл, ешкімге жамандық ойламайтын, қаскөйліктен ада халық екенін, өз бетінше ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған.
Тарлан тарихтың тағылымды тұстары аз емес. Ұшы-қиырсыз қазақ даласы сан ғасырлар сорабында өзіне сан алуан өркениет пен мәдениетті сіңірді. Бүгінгі Қазақстан – озық, жасампаз рухани және мәдени дәстүрлердің мұрагері.
Ағайын арасында ауызбірлік пен сыйластық салтанат құрса ғана қызмет өрісті, еңбек жемісті болатыны бесенеден белгілі. Ел бірлігі – барша демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың айнымас шарты. Мемлекеттің экономикалық өсіп-өркендеуі, әлеуметтік ілгерілеуі, демократиялық дамуы қоғам бірлігі келіскен жағдайда ғана жүзеге асады. Сол тұрғыда ел көлемінде бейбітшілік пен ауызбірлікті көздің қарашығындай сақтап, оны әрі қарай нығайта беру – басты мақсатымыз.
Бүгінгі таңдағы елімізде қалыптасқан этностар тұтастығы мен халықтар достығы арқасында көсегеміз көгеріп, егемен еліміз орнықты даму жолына түсті. Ел ішіндегі ұлтаралық татулықты нығайтуда конституциялық орган болып саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясының орны айрықша екенін атап өткен жөн. Ассамблея – бейбітшілік пен келісімді тиімді насихаттаушы қоғамдық институтқа, этносаралық және конфессияаралық толеранттылықтың отандық үлгісінің негізіне айналды.
Еліміздің халықаралық түрлі қауіпсіздік шараларына белсене қатысуы, бастамашы болуы, төрағалық етуі, сондай мазмұндағы түрлі форум, конференциялардың Астанада тұрақты өтуі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық негізде жүргізіп отырған салиқалы саясатының айқын көрінісі. Ұлтаралық келісімді қалыптастыру, конфессияаралық диалогті жалғастыру үшін жағдайлар жасау – мемлекеттің бұлжымас стратегиялық бағдары. Ал бұл бағдар – халықтар мен діндер арасындағы бір-біріне деген сенім мен ынтымақтастың арта түсуі үшін алтын көпір.
Дүние дүрбелеңге түсіп жатқан қазіргідей кезеңде бірлігіміздің беріктігі ғана баянды болашаққа бастайтынына көзіміз жетті. Қазақстанның халқы өзгелер қызықтай қарайтын тыныштық пен тұрақтылықтың жемісін көріп отыр. Осы ретте әрбір отандасымызға артылар жауапкершілік зор.
Қарға тамырлы халқымызды, қазақ байтағын қасиетті қарашаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этнос – сол шаңыраққа шаншылған уықтар. Осының өзі этносаралық келісім мен достық қатынастың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан қоғамда, әрбір отбасында келісім мәдениеті мен бейбітшілік қағидаттарын берік орнықтыра беру керек.
Қазақстандағы этносаралық қатынастардың әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалуы – ең алдымен, қазақ ұлтының жауапкершілігіндегі жетістік. Елдің экономикалық өсу, әлеуметтік игілік пен демократия – ұлттың тұтастығы мен берекесімен келетін жетістік.
Алғыс айту күні – аға буынға, ата-анаға, ұстаздарға, сыйлас, сырлас, тағдырлас ізгі жандарға құрмет көрсететін, барлыққа, тірлікке тәубе айтатын тамаша мереке.
Көктемнің алғашқы атаулы күні ізгі істерге негізделген қоғам қалыптастыруға, жүйелі реформаларды нақты жүзеге асыруға тың серпін береді. Жер іргесі аман, ел іші тыныш болсын деп тілейік. Халқымыз береке-бірлігінен, ырыс-ынтымағынан айырылмасын.
Жомарт ОСПАН