Бір күні түн ауа қолбасшыға бір жауынгер келіп:
– Мен дуалдың астынан қаланың ішіне кіріп, қақпаны ашу үшін шұңқыр қаздым. Маған еріп шұңқырға кіретін адам беріңіз. Егер біз қақпаны ашсақ, онда әскерді қалаға кіргізерсіз – дейді. Қолбасшы оған бірнеше жауынгер береді. Расында да, олар қалаға кіріп, қақпаны ашады. Сөйтіп, қолбасшы қаланы сол түнде басып алады.
Екінші күні жаршы қолбасшының бұйрығымен әлгі шұңқырды қазған жауынгерді марапаттау үшін шақырып, жар салады. Ешкім келмейді. Жаршының екінші және үшінші күндердегі жарлығынан да оңды нәтиже шықпайды. Ешкім жоқ.
Төртінші деген күні қолбасшыға бір жауынгер келіп, ақырын ғана:
– Мен сізге шұңқырды қазған адамды көрсетемін – дейді.
Қолбасшы:
– Қане, ол жауынгер қайда?
Жауынгер оған:
– Ол адам өзін көрсетуі үшін сізге үш шарт қоймақ. Соларды орындауыңыз қажет.
Қолбасшы:
– Оның қойған шарттарына келісемін. Қандай шарттар?
Жауынгер:
– Бірінші шарты, оны марапаттамайсыз. Екінші шарты, оны басқаларға көрсетіп, жария қылмайсыз. Үшінші шарты, оны құзырыңызға екінші мәрте шақырмайсыз.
Қолбасшы:
– Бұған да келістім.
Сонда әлгі жауынгер:
– Шұңқырды қазған мен едім. Мен, оны Алланың ғана разылығын қалап жасаған едім. Сондықтан, бұл жағдай біздің арамызда сыр болып қалсын – деп шығып кетеді.
Қолбасшы бұл батыр жауынгердің ықыласы мен тақуалығына қайран қалады. Мұнан кейін қолбасшы әр намазында Алладан сол жауынгермен және сол сияқты ықыласты пенделермен бірге болуын сұрайтын болыпты.
Бұл әңгіме пенденің Аллаға деген ықыласына байланысты берілген еді. Расында да, біздер көп жағдайда қайырымдылықты, ізгі амалдарды Алла үшін деп бастап, кейін оның соңы атақ үшін, адамның марапатына ие болу секілді пенделік ойларға ұласып жатады. Мұның қалай болғанын, кейде, тіпті, өзіміз білмей де аңғармай қаламыз. Осындай олқылықты мүмкіндігінше болдырмау үшін адам үнемі өзін бақылауда ұстауға тырысуы керек екен. Алла – кеңшілік Иесі, бойымыздағы пенделік қате-кемшіліктерді кешіріп, олардың орнына мол сауаптан жазғай.
Жалғас Садуахасұлы