Ықылас – жүректің кіршіксіз адалдығы мен ниеттің тазалығын білдіреді. Әр істі қолға аларда түпкі ниет маңызды болғандықтан, ықыласпен істелген істер барынша таза ниеттен туады. Хадисте Жаратушы ие тек өзінің разылығын қалап, ықыласпен істелген істерді ғана қабыл алатындығы ескертілген (ән-Нәсаи, Жихад, 24). Сондықтан да мұсылмандар күнделікті құлшылықтары мен жасаған сауапты істерін Жаратушы ие қабыл алуы үшін әрдайым ниетті таза ұстауға тырысқан. Бастапқыда иманда еліктеушілік деңгейінен табылса да, бара-бара шынайы иманға жетуге талпынған.
Ықыластылық құлшылықтарды Алла бұйырғандықтан істеу, Жаратушыны разы етуді қалауды қамтиды. Оған бөтен пиғыл араластыру рияға, көзбояушылыққа т.б. жатады. Мұсылман адам құлшылық жасауымен дүниелік пайданы, атақ-абыройды т.б. мұрат тұтпауы тиіс. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деуде: «Мен Жәбірейілден ықыластың не екенін сұрадым. Маған «Мен де Жаратушы иеден ««Ықылас» деген не?» деп сұрағанымда, «Ықылас – мендегі бір сыр. Оны сүйген құлдарымның жүрегіне сыйлаймын» деп бұйырды».
Имам Ғазали «Зат түрлі қоспадан арылғанда ғана тазарады. Кіршіксіз таза әрекеттер де ықылас деп аталады» деуде (Ихияу улумуддин, IV, 379 б.). Сондықтан шынайы, таза ниетпен жасалған іс-әрекеттердің барлығын ықыласқа жатқызуға болады. Ықылас адамның ынтасын еселеп, ерекше құлшындырады. Ықыласпен істелген іс аз ғана болса да, ықылассыз істелген көп істерден артық тұрады. Хазірет Али (р.а.) бұл туралы істің көбіне емес, аз болса да ықыласпен істелуіне көңіл бөлуге кеңес берген.
Ықыластылық – барша пайғамбарлардың қасиеті. Пайғамбарлардың қай қайсысы да ғибратты ғұмырында тек қана Жаратушыны разы етуді қалап, өз міндеттерін қалтқысыз орындауға тырысқан. Халықтан қанша құқай көрсе де еш мойымаған. Дүние байлық пен атақ, мансапты көзге ілмеген.
Ықыласты құлдардың көңілі әрдайым Хақта болғандықтан, олар күнәлі істерден бойын барынша алыс ұстайды. Айталық, Зылиха ыстық махаббатпен өзіне құшақ жая шақырғанда, Жүсіп пайғамбар (а.с.) «Мен Құдайдан қорқамын» деп арсыз істен басын ала қашқан. Бұның ықыласты құл болудан туған өнегелі іс екені жайында Құранда былай делінген: «Міне, Біз одан (Жүсіптен) жамандық пен арсыздықты алыстату үшін осылай істейміз. Өйткені ол біздің ықыласты құлдарымыздың бірі» (Юсуф: 12/24).
Ықыласты мұсылман қолға алған әр ісіне ерекше ден қойып, шын пейілімен, жанын салып істейді. Шайтанның арбауынан аман қалатын бірден-бір кісілер де ықыласты құлдар болмақ. Өйткені шайтан күнәлі істерді қанша әдемі етіп көзіне көрсетсе де шын ықыласты құлдар бойын тез жиып алып, ондай жамандықтарға аяқ баспайды. Құранда шайтанның былай дегені айтылады «Жер бетіндегі пенделерге (жамандықтарды) әдемі етіп, міндетті түрде олардың барлығын аздырамын. Араларындағы ықыласты мүминдер ғана бұдан тыс» (әл-Хижр: 15/40). Бұдан шын ықыласты мүминдерді азғыруға шайтанның шамасы келмейтіні аңғарылуда.
Иә, әр сауапты ісін Жаратушының қабыл алғанын қалап ықыласпен істеу, ықыласты құл болуға тырысу әр мүминнің асқақ арманы болуы тиіс. Ал ықыласқа кері ықпал ететін жайттар қатарында мыналарды атап кетуге болады: атаққұмарлық, мансапқұмарлық, көзбояушылық пен рия, мақтаншақтық, жұрттың қолпаштауын күту, ойсыз бәсекелестік, еренсіздік, иманның әлсіздігі, орынсыз үрейге берілу, істеген ісіне осы дүниеде қайтарым дәмету, тоғышарлық т.б.
Құдайберді БАҒАШАР,
исламтанушы