Сұрақ: «Ұялшақтық – иманнан» дегенді қалай түсінуге болады?
Жауап: «Ұят» – адамның айыпты істерді жасаудан бас тартуы. Қазақ бұл сөзді «ұят – жаман ойдың жүгені» деп бекер айтпаған. Құдайға иман келтірген адам қандай да бір амалды жасамас бұрын өзінің Құдайдың бақылауында екенін есінен шығармайды. Ұрлық, зорлық-зомбылық, әлімжеттік немесе зұлымдық жасайын десе, Құдайдан ұялады.
Сондықтан да, қазақ «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп айтса керек. Өйткені, Құдайдан қорықпаған немесе ұялмаған адам өтірікті шындай айтады, көрмегенін көргендей соғады. Ойына келген нәрсені ұялмастан жасайды.
Демек, бұл айтылған сөздердің төркіні хадистен шығады десек қателеспейміз. Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Ұят – иманның бір тармағы», – деп айтқан. Енді бір сөзінде «Ұят – иманнан» деген. (Бұхари, Муслим).
Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) жеткізген хадистен жоғрыда қойылған сұраққа жауап табамыз: «Алланың елшісі (с.ғ.с):
– Алладан шынайы түрде ұялыңдар! – деді. Сахабалар:
– Аллаға мақтау болсын! Расында біз Алладан ұяламыз – десті. Пайғамбар (с.ғ.с):
– Олай емес. Бәлкім кім Алладан шынайы түрде ұялса, онда ол ақылын бұзық ойлардан сақтайды, қарнын арам тамақтан қорғайды. Сөйтіп өлімді (денесінің шірігені жайында) ойлайды.
Кім ақіретті қаласа, дүниенің зейнетінен бас тартар. Ал енді кім осылай жасаған болса, оның – Алладан ұялғаны, ұятының шынайы болғаны – деді» деген хабарды жеткізеді. (Тирмизи)
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
дінтанушы