Балалар жылы аясында Қазақстанда «Вirgemiz: Sabaqtastyq» жалпыұлттық жобасы басталды.
Алдағы үш жылда елімізде балалар үйіндегі балалар мен жастарға тәлімгер болу арқылы жәрдемдесуге, оларды өмірге бейімдеуге көмек көрсетуге бағытталған жоба іске асырылатын болады, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
Жоба аясында қандай жұмыстардың жүргізілетіні туралы «Qoldau» білім беру ұйымдарының қамқоршылық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің басшысы Фарида Раймжанова айтып берді.
Жобаның басты мақсаты – балалар үйлері мен халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында еріктілердің тәлімгерлік тәжірибесін енгізу. Өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар мен жастар топтарына дербес тәлімгерлер бекітілетін болады.
Сондай-ақ, «Вirgemiz: Sabaqtastyq» жобасына кемінде 1,5 мың волонтер тартылатын болады. Олардың 700-і – жастар, кемінде 50-і – күміс волонтерлер болуы тиіс.
Жоба аясында кем дегенде 30 шағын грант жүзеге асырылады. Бұл еріктілер мен бастамашыл топтарды көптеп тартуға жақсы негіз болмақ. Біз интернат мекемелерінде қамқоршылық кеңестер арқылы құрылуы тиіс экожүйе туралы айтып отырмыз. Олар өз кезегінде әлеуметтік серіктестерді, қоғам қайраткерлерін, біздің балаларымызға көмек бере алатын белсенді адамдарды тартатын болады, – дейді Фарида Раймжанова.
Спикердің айтуынша, белсенділер «Балалар жылы» аясында қамқоршылық кеңестермен, білім беру ұйымдарымен, тәлімгер болғысы келетін белсенді қазақстандықтармен бірлесіп коллаборация құрмақ.
Тәлімгер болатын еріктілер балалармен қарым-қатынас орнатады, жасөспірімдерге кеңес беріп, оларды ересек өмірге дайындауға атсалысады.
Біріншіден, біз еріктілердің эко-жүйесін құрғымыз келеді. Екіншіден, шағын гранттардың бөлінетіндігі маңызды. Бұл көптеген қызықты идеяларды жүзеге асыра алатын тәлімгер-еріктілерді ынталандырудың және жобаға тартудың жақсы тәсілі. Ең бастысы, біз елімізде жүйелі де тұрақты тәлімгерлік жобаны құрғымыз келеді, – деп түйіндеді сөзін Фарида Раймжанова.
«Birgemiz: Sabaqtastyq» жобасын іске асыру 2024 жылдың соңына дейін жалғасатын болады. Жоба операторы – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы.