Ресейдің Пермь өлкесінде Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Муллахан Нұрисламов 109 жасқа қараған шағында өмірден озды.
“Чернушка қалалық округі мен Пермь өлкесінің ең қарт тұрғыны қайтыс болды. Шілде айында ол 109 жасқа келер еді” делінген округ әкімшілігінің ресми хабарламасында.
Муллахан Нұрисламов Башқұртстан Республикасы Асқын ауданының Орманкөл ауылында татар отбасында дүниеге келген. 1937 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, 3 жыл Отан алдындағы борышын өтеген. 1940 жылы елге оралғанымен, көп өтпей соғыс басталып, алғашқылардың бірі болып өз еркімен майданға аттанады. Ол соғыста талай ерлік көрсетті, Ленинград қоршауын бұзуға қатысты. Жеңіс күнін өз өміріндегі ең үлкен мереке деп санап өтті.
Соғыстан кейін үйленіп, 7 бала-шаға сүйді. Муллахан Нұрисламов өзі туып-өскен Орманкөл ауылында жерленді.