Сұрақ: Қазақта «Иманы бар адамның ұяты бар» деген сөз бар. Бұл екеуі бір нәрсе ме?
Жауап: Негізінде бұл сөздің төркіні пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ұят – иманнан», – деп айтқан хадисінен бастау алса керек (Бұһари).
Адамның бойында ұяттың болуы иманның кемел де толық екендігін көрсетеді. Әдетте қазақ мұндай адамды иманды, инабатты, көрегенді және көркем мінезді деп атайды.
Бұл сұрақтың нақты жауабын мына әңгімеден таба аламыз:
Ертеде бір жолаушы қалың орманға кіріпті. Жыртқыш аңның дауысын естіген ол қорқып ағаштың үстіне өрмелеп шығады. Әлгі жыртқыш келіп, төменде әрі-бері жүріп, кетіп қалады. Жолаушы төмен түсіп, сапарын әрі жалғастырады.
Сөйтіп біраз жүрген соң бір ағаштың түбінде демалып жатқан адамға кезігеді. Оның мына ну орманда жан-жағына алаңдамай еркін ұйықтап жатқанына қайран қалады.
– Сен мұндағы жыртқыштардан қорықпайсың ба? Жатысың тым жайлы ғой? – деп сұрайды.
Ұйқыдан оянған жолаушы:
– Құдайдан басқа нәрседен қорқайын десем, Алладан ұялып жатырмын, – деп жауап берген екен.
Расында да «Ұят – иманнан» дегеніміз осы болса керек.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ