Сұрақ: Құптанды таң атуына шақ қалғанда оқысам және үтір уәжіпке келгенде таң намазы кіріп қойса, қазасын өтеймін бе?
Жауап: Құптан намазының уақыты – қызыл шапақтың жоғалған сәтінен екінші таңның атуына дейінгі мезгіл. Құптан намазын екінші таңға дейін кешіктіру – мәкрүһ. Бұл уақытта адам намаз оқып үлгермеуі мүмкін.
Үтір уәжіп намазының уақыты – құптан намазынан кейін басталады. Оның соңғы уақыты – екінші таңның атуына аз уақыт қалғанға дейін. Үтір намазын оянуына күмән келтірген адам ұйықтамай тұрып оқып алғаны абзал. Ал оянатынына сенімді адам осы намазды түннің ақырына дейін кешіктіріп оқыса болады. Ал үтір уәжіптің бір ракағатына үлгеріп, таң намазы кіріп кетсе намазын аяқтағаны дұрыс. Үлгіре алмай қаза болса, түскі бесін намазына дейін оқып алса болады.
Таң (бамдат) намазының уақыты екінші таңның атуынан күннің шығуына дейінгі мезгіл.
Екінші таң – таңға қарай шығыс көкжиегінің бозаруы. Бұл уақытпен бамдат уақыты кіріп, құптан намазының уақыты шығады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ауыл, қала, аудандарға арналған намаз кестесіне жүгінсеңіз болады.
Икрам АЙТАЕВ