Сұрақ: Құлақ ұшын ұстап түкіру немесе тақтайды үш рет ұру бәле-жаладан, көзден сақтайды ма?
Жауап: Құлақ ұшын ұстап түкіру немесе ағашқа үш рет ұру бәле-жаладан, тіл-көзден сақтамайды, олар бар болғаны ырым ғана. Бұл секілді қате түсініктерден арылу үшін имамдардан немесе білікті дін мамандарынан сұрап тұрған дұрыс.
Негізінде назар дегеніміз – хақ. Хадистерде тіл-көзден, бәле-жаладан құтылу үшін Аллаға сыйыну керектігін айтқан. Мысалы, пайғамбар (с.ғ.с.) немерелері Хасан мен Хусейнді жамандық пен назардан сақтау үшін мына арнайы дұғаны оқыған: «Ағузу бикәлимәти лләһи таммати. Мин кулли шайтанин һаммати уа мин кулли ғайни ләммати».
Бұл дұғаны Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) да балалары Исмаил мен Исхақ үшін айтқан деген риуаяттар бар.
Сол сияқты хадистерде пайғамбардың жындар мен адамдардың назарынан Алладан пана сұрағандығы (Ибн Мажә, 33); көз тию, ауру-сырқаулардан сақтану үшін руқия оқығандығы (дем салу) (Бұхари, 17); Фалақ, Нас сүрелері түскеннен кейін, сол сүрелерді оқи бастағандығы турасында хабарлар бар.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ