Ең алғаш «Нұр-Мүбарак» ислам университетіне студент болып түскенде шәкірттерді білім деңгейіне қарай топ-топқа бөлетін, әлі де сондай екен. Мысалы әлиф, бә, жим, дәл топтары деген сияқты.
Қостанай жақтан келген, жылы жүзді Хауезхан деген жігіт бар, бәріміз «дәл» тобына түстік. Бұл жоғары деңгейлі топ еді. Ертесінде қарасақ «жим» тобында жүр. Мәнісін сұрасақ: «Осы топта жүре берейін», – дейді.
Бәрінен қызығы емтихан әліппе тәртібі бойынша алынатын. Яғни, әлиф тобы бастап ең соңында біз тапсыратынбыз. Ол кезде бар-жоғы университетте қырық-ақ студентпіз. Емтихан болатын күні әлгі Хауезхан жоқ. Мұғалімдер, студенттер шарқ ұрып іздеп жүргені, телефонын көтермейді. Соңғы топ біз емтихан тапсырған соң келіп, бір сылтауын айтып, кешігіп болса да емтиханын тапсыратын. Емтиханға дайындалмай келе алмады десек, жоқ жақсы нәтижемен тапсырып шығады.
Біз бұл жағдайды түсіне алмай дал болушы едік. Мәнісі бар екен, артынан білдік…
Хазреті Әли (р.а.): «Кім маған Құраннан бір әріп үйретсе, қырық жыл қызметінде болар едім», – деп айтқан екен.
Торғайда мешіт ашылып, ең алғаш Хауезханның сауатын ашқан ұстазы Шоқан да осы оқу орнына бірге түсіп, біздің топта оқитын.
Мәнісі сонда екен, ұстазы бір топта оқыса, бір нәрсені білмей қалып шәкіртінен ұялмасын деп, ал емтиханын кешіктіруі ұстазымнан жоғары баға алмайын дегені екен.
Ұстазға деген қандай құрмет десеңізші!
Қуат ҚАБДОЛДА