Сұрақ: Ұстазды не үшін пайғамбармен теңейді?
Жауап: Бұл сұраққа әл-Фараби орта ғасырда: «Адам бақытқа жетелейтін ұстазға мұқтаж», – деп жауап берген. Ғалымның пікірінше адамның өмір сүру мақсаты ең жоғарғы бақытқа жету болса, ол адам бақыттың не екенін білуі қажет және оны өзінің мақсаты етіп қойып, соған ұмтылуы тиіс.
«Сонан кейін ол бақытқа жету үшін не істеуі керек екенін біліп, соған әрекет жасауы қажет. Түрлі индивидтің қасиеттері де әртүрлі, осыдан келіп мынадай қорытынды шығады: білуі тиіс болған нәрселер мен бақытты кез келген адам біле бермейді. Бұл әрбір адамға берілетін қасиет емес. Ол үшін ақылгөй ұстаз керек» («Азаматтық саясат» кітабынан). Мемлекет азаматтарына осындай ізгілік үйретуші адам – ұстаз. Ал ұстаз өз кезегінде ғалым адам.
Дінде пайғамбар дегеніміз – Құдай Тағала халық арасынан сұрыптап алған дара тәлімгер. Ол қауымдарға, халықтар мен ұлттарға тура жол көрсетуші рухани ұстаз. Пайғамбар – адам баласына адал мен арамды, обал мен сауапты, жақсылық пен жамандықты ажыратуды үйретеді. Дүние мен ақыретте бақытқа жету жолын сілтейді. Пайғамбардың тәлім беру жолын ұстанған ұстазды Құдай тарапынан келген елшімен теңеу әдісі осыдан қалса керек.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ