Тоқсаныншы жылдары медреседе оқып жүрген кезімізде ұстаздарымыздан көп тәлім алатын едік. «Әл–Хабир» медресесі сол кезде балабақшада орналасты. Медресені ашқан Әли қажы Апшерони деген (ислам дінін қабылдаған) украин азаматы, ауған соғысы ардагері болатын.
Әли қажы медресені белгілі күйші Мағауия Хамзинның қызы Майра Сүлееваның «Балаларды оңалту» орталығы балабақшасына орналастырды. Медреседе түркиялық Мехметали Сула, Шыңғыс қажы Зуха батыр ұрпағы, Ахмет Йылмаз ұстаздар, елімізден Халифа Алтай, Хайролла қажы ұстаздар дәріс берді.
Тәрбиешіміз Талғат Қадыров деген ағамыз, ал оның жұбайы Гүлмира апай аспазымыз болды. Медреседе алды елуден асқан, арты он екі жастағы еліміздің әр тарапынан, әсіресе солтүстік, батыс, шығыстан жиналған 40 шәкірт оқыды.
Ертай қажы Балахметов Әли қажының орынбасары болды. Атам қазақ: «Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы» деп айтпақшы, бұл әңгімеге ұстазымыз Мехметали Сула арқау болады. Ұстазымыздың сол кезде зейнетке шыққан кезі еді. Негізінде Түркияда ең алғаш ресми «уағызшы» (вааиз) қызметіне тағайындалған адам екен. Сол елдің Измир өлкесінде бас имамдық, ұстаздық қызмет жасапты. Араб, парсы тілдерін жетік білетін. Сондай-ақ шет елдерде де ұстаздық қызмет етіпті.
Таң намазына бәрімізді азан шақырып оятатын. Жүзі мейірімді, ұзын бойлы, алпамса денелі адам еді. Намаздан кейін таң атқанша Құраннан сабақ беретін. Біздің ішімізде Әділбек, Ерболат, Бектұрсын, Ерлан, Самат деген жас балалар Құранды жақсы оқып, бізді қызықтыратын.
Ұстазды алғашында ешкім түсіне алмай, мен әскерде үйренген аздаған әзербайжан тілінде сөйлеп едім, ол кісі мені өзіне аудармашы қылып алды. Әрдайым жанына ертіп жүріп, түрік тілін де үйретті.
Медреседе оқып жүріп, өзіме азын-аулақ ақша болсын деп, балабақшаның күзетшілігі мен аула сыпырушысы қызметін де бірге істеп жүрдім. Сол кезде түн ішінде, ұстаздың тәһажжүд намазына тұрып, Құран оқып, зікір етіп отырғанын талай көрдім.
Бір күні ұстазыма: «Ұстаз! Сіздің атыңыз мыңдаған жылдар елімізден ұмытылмайды. Осы қырық шәкіртіңіздің шәкірттері Сізге әрдайым дұға етеді» деп айтқанымда, ерекше қуанғаны есімде…
Өзін өте таза ұстайтын адам еді. Киімі де, өзі де таза, тіпті әрдайым ақ шұлық киетін. Аяқ киіміне, үстіне шаң жұқтырмай, ұшып жүретін сияқты еді. Бір жерге баратын болса, қанша аялдама екенін сұрап алып, жақын болса жаяу жүруге тырысатын.
Ешуақытта ұрысып сөйлемейтін. Құран оқытып отырғанда, ұйықтап отырған балаларды ұзын шыбығымен түртіп оятатын. Әли қажыға кездескен сайын, жақсы көріп: «Хазіреті Әли сияқты» деп айтып, алғысын білдіретін.
Медресені бітірген соң, елге оралып имамдық қызмет атқарып жүрдім. Алла нәсіп етіп, мүфтияттың жолдамасымен 1995 жылы Түркияға имамдардың білімін көтеруге үш айға оқуға бардым. Ұстазымыз тұрған Измир қаласына жақын жердегі Маниса қаласында оқыдым.
Сол кезде ұстазыммен кездесуім басқа әңгіме. Алла ұстазымызды рахымына бөлеп, жатқан жерін жәннат бағы етсін!
Қуат ҚАБДОЛДА