«Нұр-Мүбарак» университетінде өткен «Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы қызметкерлердің ықпалы» атты үш күндік оқыту курсы бүгін мәсерсіне жетті. Қорытынды жиында университет проректоры Қайрат Құрманбаев еліміздің барлық өңірлерінен келген ақпараттық түсіндіру топтарының мүшелеріне жылы лебізін айтып, қазіргі кездегі дін насихатының ерекшелігіне тоқталып өтті:
– Діннің өзінде ешқандай кілтипан жоқ. Мәселе дін істері мен ұстанушыларда. Біз дінге бүгінгі қоғам проблемасы деп емес, өркениет көзі ретінде қарағанда, түйткілдер шешіле бастайды. Әрі дін мемлекеттік дамудың бір тетігіне айналады. Себебі орта ғасырларда әлемдік өркениет пен ғылымға мұсылмандардың қосқан үлесі соған дәлел. Біз сондай заманауи деңгейге рационалды көзқарасты қалыптастыру арқылы қол жеткізе аламыз, – дей келе, курс түлектеріне сенім білдірді.
«Нұр-Мүбарак» университетінен 20 жылда түлеп ұшқан 2000-нан аса түлектің дені дерадикализация саласының алғы шебінде жүргенін де атап өткен проректор Қ. Құрманбаев курс аяқтаушыларына сертификат табыстады.
Үш күн болса да ақпараттық түсіндіру топтарының мамандары үшін өте пайдалы дәрістер мен құнды сабақтар болғанын айтқан ҚР АҚДМ Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үйлестіру басқармасы басшысы Ердәулет Кенжеханов университет басшылығына арнайы алғысын білдірді. Осы курсқа ұйытқы болған НМУ-дің Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының директоры Тимур Нүсіпханұлына бұл жобаның да ел ішіндегі діни тұрақтылықты дамытуға септігі мол екенін атап өтті.
Бүгінгі дін мен қоғам, мемлекет ара қатынастары, зайырлық ұстанымы, заманымыздың пікірталас тудырған діни мәселелері, дін мен дәстүр, дерадикаландырудың заманауи тәжірибелері мен оңалту жұмыстарының тәсілдері, деструктивті діни ағым идеологиясын жақтаушылар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, ислам психологиясы, ханафи мектебінің маңызы, деструктивті діни ағым идеологиясын жақтаушылар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің тәсілдері, т.б. 22 академиялық сағатқа жоспарланған курсқа 115 маман қатысты. Олардың барлығы «Нұр-Мүбарак» университетіне алғыстарын білдіріп, ұйымдастырушылдармен естелік суретке түсті.
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі