Бүгінгі таңдағы жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда әр халық, әр ұлт дінін, тілін, мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалуға тырысып жатыр. Өйткені тіл, дін, әдебиет, мәдениет, салт-дәстүр – баланың ой-санасын қалыптастыруға, өзінің қай ұлт өкілі екенін біліп өсіп, үлгі-өнеге алуына орасан зор әсерін тигізеді. Міне, отбасындағы тәрбие ұлағаты да осыдан басталады.
Асыл дінімізде ұрпақ тәрбиесіне аса ерекше мән берген. Адамды адамдық қалыпқа келтіретін де, аздырып, тоздыратын да тәрбие жұмысы. Балаға сәбилік, жеткіншектік шағында әсер ететін құбылыстар әртүрлі болғанымен, оларды тәрбиелеуші әрине, ата-ана екенін ескеруіміз керек. Бұл туралы Құран Кәрімде:
«Ей мүміндер! Өздеріңді және үй-іштеріңді (жанұяларыңды) тозақ отынан қорғаңдар!» – делінген.
Осы аяттағы құтқарудың мағынасын Әли ибн Әбутәліп (р.а.): «Оларға ғылым-білім үйретіп, әдепке баулыңдар», – деп түсіндірген. Ал Хасан Басри: «Аллаға мойынсұнуға бұйырып, ізгілікті үйретіңдер», – деген.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе», – дейді заңғар жазушы М.Әуезов. Халқымыз ежелден бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген болмысынан бекзат, тумысынан текті халық. Осы тектіліктің түп негізінде ұрпақ тәрбиесі яғни, ұлттық тәрбие деген ұғым жатқаны ойға оралады. Бұл ұғым біз үшін аса қасиетті де қастерлі. Өйткені, біздің ұрпақ – ата салт-дәстүрімен сусындаған, осы ұлттың тәрбиесімен жетіліп, туған тілімен санасы оянған азаматтар.
Халқымыздың қанында жер жүзіндегі басқа халықтарда сирек кездесетін теңдесі жоқ адалдық, кеңпейілділік, ақкөңілділік, қонақжайлылық сияқты адами қасиеттер басым екендігі даусыз. Ерте кезден-ақ әрбір халық балаға тәрбиені оның бесікте жатқан кезінен бастап, халықтық жырлар мен дастандар, ертегілер арқылы бере бастаған. Олар өскен соң, қоршаған ортаның ішкі құпиясын ғылым жолымен сезініп білмесе де жапан дала, құлан түзде жолсыз жерлермен жұлдыздарға, түрлі белгілерге қарап бағыт алып, адаспай кете беретін болған. Жастайынан-ақ есту, көру сезімдері шынығып, жоғалғанды табатын ізшіл, құралайды көзге ататын мерген болған. Кәсібі, тіршілігі мал шаруашылығы болғандықтан, қазақ баласы алты-жеті жасынан-ақ ат құлағында ойнаған. Оқу-сызу өнеріне машықтанбаса да бір естігенін қалт жібермей жадында сақтайтын құйма құлақ болып, есте сақтау қабілеттері аса жоғары дәрежеде дамыған.
Жалпы баланы отбасында дұрыс тәрбиелеу оның мектепте жақсы оқуына, болашақта ірі тұлға, азамат болып шығуына үлкен ықпалын тигізеді. Жас жеткіншекке отбасында дұрыс тәрбие берілсе, болашақта одан үлкен нәтиже күтуге болады. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» – дейді Әл-Фараби.
Хәкім Абай он тоғызыншы қара сөзінде «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», – деп түйіндейді. Ал қазақта «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, ал бала – жағасында жайқалып өскен құрақ» дейтін даналық сөз бар. Осы мақал арқылы халық отбасын құрайтын үш құрамдас бөлікті айрықша ескертіп отыр.
Сондай-ақ тәрбие мәселесіне қатысты тағы бір мысал келтірсек: Ибн Омар (Алла одан разы болсын): «Алла Елшісінің (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Әр қайсыларың бақташысыңдар және (барлықтарың) қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар. Ел билеуші бір бақташы және қоластындағылары (халқы) үшін жауапты. Ер адам жанұясының бақташысы және солар үшін жауапты. Әйел ерінің шаңырағы мен бала-шағасының бақташысы және сол үшін жауапты. Қызметші де қожайынының дүние-мүлкінің бақташысы және сол үшін жауапты. Қысқасы әр қайсыларың бақташысыңдар және қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар», – деп айтқанын естідім деп баяндалған.
Сонымен қатар бала әкенің әрбір сөзі мен қимылын қадағалап отырады. Байқасаңыз, жүріс-тұрыс үлгісіне дейін айна-қатесіз қайталайды. Бала үшін әкенің әрекетінде елеусіз және ұсақ-түйек деген нәрсе жоқ. Сол себептен баланы жаман сөзден тыймас бұрын, әке асқар тау екенін біліп, өзі тиылу немесе баланы жаман әдеті үшін жазаламас бұрын, қателіктің себебін өзінен іздеу қажет болады. Өйткені, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл жөнінде былай деген:
«Әкенің баласына жақсы тәрбиеден артық берер сыйлығы болмас».
Жалпы адамзат баласының тыныс-тіршілігін, оның өсіп-өніп дамуын аналар, әйелдер қауымынсыз көзге елестету еш мүмкін емес. Бұл туралы жазушы Мұхтар Әуезов: «Адамдықтың негізі – әйел, ертеде әйелден бала туып, ол балалардың бәрі де жастық қорғансыздықтан анасының айналасында үйіріліп, үй ішінің бірлігін, одан туысқандық ұйымын енгізген… Әйел – ана. Әйелдің адам баласының ұрпағын өсіретін қарызы бар. Және қазақтың түсінуінше әйел – үй ішінің жарастығы, үй ішінің ұйытқысы. Онсыз еркектің өмірі – гүлсіз өмір» деген тұжырым жасайды. Ал жер бетіндегі кез келген халықтың өз алдына ұлт болып ұйысуына, жеке халық, егемен ел, дербес мемлекет болып қалыптасуына әйел-аналардың сіңірген еңбегі зор деп айтуға болады. Айталық, тарих қойнауына назар салып көрсеңіз, Тұмар ханым, Роксана, Ұмай ана, Зарина, кешегі дастан-жырлардағы Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым, Айман-Шолпан, бертіндегі Айша бибі мен Абақ ана, Домалақ ана мен Қыз ене, таңбалы тарихымыздағы Хорезмшахтың әйгілі қайраткер анасы Түркен хатун, Қасым ханның анасы Жаған бике, Тәуке хан мен Есім ханның аналары Жақсы бике, ұлы Абай тәрбиесін көрген Зере мен Ұлжан т.с.с есімдер ел өмірінде алтын әріптермен өрнектелген.
Ұрпақ тәрбиесінде мың сөзден, бір жақсы іс әлде қайда өтімді болмақ. Сондықтан жақсы әдеттерді бала бойына сіңіруде перзентімізге бет айна болуға тырысу қажет. Негізінде бала болмысының қалыптасуы әке-шешесінің тек сыртқы қимыл-әрекетімен ғана шектелмейді екен. Психолог мамандардың айтуынша, бала біз ойлағаннан да ішкі дүниемізге терең бойлап тәрбие алады.
Одан өзге баланың қалыптасу жолында отбасы мүшелері тікелей ықпал етеді. Пайғамбарымыздың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) хадисінде:
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Шынында, Алла Тағала өте мейірбан әрі мейірбандықты жақсы көреді. Сондай-ақ қатыгезге және одан басқаға нәсіп етпеген жақсылықты, мейірбан жанға ғана нәсіп етеді».
Тәрбие дәнегі жүректегі мейірбандықпен байқалады. Ол – бала тәрбиесіндегі басты екінші қағида.
Жалпы мейірімге толы алып жүрек иесінен қоғамның дамуына зор ықпал ететін ұл мен қыз тәрбиеленіп шығады. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлының «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы» деген сөзі дәлел болады.
Ал отбасындағы баланың мейірім кәусарын толық игеру үшін ата-ана балалар арасында әділдікті орнатуы керек. Бұл үшінші негізгі қағида.
Құранда да Алла Тағала:
«Ұл-қыздарыңның арасында әділдік жасаңдар» делінген.
Балалардың арасында жиі кездесетін әдет – біреуі бір нәрсе сұраса, екіншісінің де соны талап етуі. Осы жағдайда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) балалардың арасында әділдікті сақтау үшін бірінші болып сұраған баланың өтінішін бірінші кезекте орындаған. Біз өз өмірімізге аталған тәлімді қағида етіп енгізгеніміз дұрыс.
Жалпы балалар арасында әділетті болу деген сөз – отбасындағы балаларды ата-ананың алаламауы. Өзін жанұяда артық адам секілді сезіну баланың психологиясына кері әсерін тигізуі ықтимал. Осының салдарынан баланың бойында бір дұшпандық, ата-анасын сыйламай кету деген сияқты жағымсыз мінездер қалыптаса бастайды. Кейде бала өзін қор санап, өзіне деген сенімін жоғалтады. Осылайша бала тәрбиесі теріс арнаға түседі. Мұндай олқылықтарға жол бермеу үшін, Пайғамбарымыз сахабаларға: «Балаларыңды бөліп-жармай, теңдей көріңдер» – деп, өсиет айтқан.
Қазіргі қоғам тынысында бала тәрбиесіне қатысты түрлі қағидаттарды кездестіріп жатамыз. Соның бірі – жұмсақтықпен қатар балаларды жазалап тұру. Әрине, жұмсақ болу – жақсы қасиет. Алайда, баланың жаман іс-әрекетіне көз жұма қарау да қателік екенін ескергеніміз абзал. Баланы әдепсіз әрекеттерден тыймау, оны ескертпеу – жұмсақтық пен даналыққа жат нәрсе екенін шариғат пен дәстүрімізден аңғара аламыз. Сондықтан да ата-ана қажет сәттерде қаталдық танытып, отбасындағы тәрбиелік тыйымдардың бұзылуына жол бермеу де маңызды қағиданың бірі. Мұның бәрі уақыт өте келе бала мінезін қалыптастыруда тікелей әсер етеді.
Ұл – ұлықты, қыз – қылықты болғанда ғана ұлт – тұғырлы болмақ!