“Нұр-Мүбарак” университетінде көптен күткен сүйінші жаңалықтың тұсауы кесілді. Студент қыз-келіншектерді шеберлікке, тігінге баулитын кәсіби жабдықталған «NM collection» шеберханасы ашылып, шашу шашылды.
– Құлшылық әуретті жабудан басталады. Ал тігіншілікпен айналысу – уәжіп. Сондықтан биыл оқу орнымыздың 20 жылдығына орай университеттің Тәрбие және әлеуметтік даму департаменті, бас маман Гүлвира Заурбекова ұстаз ұйытқы болып тұсауы кесіліп жатқан тігін цехы қыз балалардың болашағына үлкен үлес қосатын шеберхана болады деп сенеміз. Бізде білім алушы қыз-келіншектердің тек біліммен шектелмей, он саусағынан өнер тамған шебер болса деген мақсатымызды жүзеге асыруға әлеуметтік желі арқылы қолдау көрсеткен белсенді қазақ қыздарына алғыс білдіреміз, – деді проректор, доцен Қайрат Құрманбаев алғысөз барысында.
Шеберханаға шашу шаша келген ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының» академигі, «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, этнограф, ақын, қазақ кимешегінің насихатшысы қаламгер-журналист Ғалия Қайдауылқызы шексіз ризалығын білдірді:
– Аңсаған армандаған нәрсеге қолымыз жеткенде бағалай алмай жатамыз. Өзі бола қалғандай, бұрыннан қазып қойған қазына, көміп қойған көмбені ашып ала салған сияқты болып, оның артындағы үлкен еңбектің бары анық. Ақиқатында, қазақтың кең пейілі, таза көңілі үшін де болар Алла Тағала дінімізбен қауыштырып, осындай Нұр-Мүбарак университетінің елімізде болуы үлкен нығмет. Ал бүгінгі шеберхана қыздарымыздың шебер, өнерлі болуына бастайтын берекелі шаңырақ болсын, – деп ақ жаулықты анамыз батасын жаудырды.
Университет басшылығы тігін шеберханасының ашылуына атсалысқан аяулы жандарға алғыс хат беріп, сыйкәде жасады. Қадірлі қонақтар атынан сөз сөйлеген белгілі психолог Балқия Балтабай ханым осындай қайырымды іске жұмыла кіріскен әлеуметтік желідегі барлық блогер әріптестері мен әрбірінің қалың оқырманына алғыс білдіріп, жаңа шеберханаға сәттілік тілеп, болашақта да қолдауға ниет білдірді.
Қазақтың күмбір күйі әуелеген әппақ тігін шеберхананың тізгінін қолға алған шебер тігінші Сандуғаш Жолдубаева алғашқы тапсырыстарды да қабылдап үлгерді.
Айша КЕҢЕСБАЙ,
“Нұр-Мүбарак” университетінің баспасөз қызметі