Бір күні қарт америкалық үндіс банкке келіп, 500 доллар көлемінде несие алғысы келетінін айтады. Банк қызметкері қағаздарды толтырып жатып одан:
– Ақшаны не үшін алып жатсыз? – деп сұрайды.
– Қалаға барып, өзім жасаған әшекейлерді сатамын.
– Сізде банкке «кепілдік» ретінде қоятын бірдеңе бар ма?
– Мен «кепілдік» дегеннің не екенін білмеймін, – дейді үндіс.
– Кепілдік – ол несиенің көлеміне тең құны бар зат. Мәселен, сізде көлік бар ма?
– Бар – 1949 жылғы жүк көлігі.
– Ол жарамайды, – дейді банк қызметкері. – Бәлкім сізде мал бар шығар?
– Иә, бір жылқым бар.
– Ол неше жаста?
– Білмеймін, жасын анықтайын десем, тістері де түгел түсіп қалған…
Ақыры үндіске несиені рәсімдеп, қолына 500 доллар ұстатады.
Бірнеше апта өткесін үндіс сол банкке қайта келіп, қалтасынан бір бума ақша шығарады. Банкке тиесілі берешекті төлеп, қалғанын қалтасына салып алады.
– Қалған ақшаны не істемекшісіз? – деп сұрайды банк қызметкері.
– Оған вигвам (үндістердің дәстүрлі көшпелі үйі) саламын, – дейді ол.
– Сіз бұл ақшаны біздің банкке депозитке сала аласыз.
– Мен «депозит» дегеннің не екенін білмеймін, – деп жауап береді үндіс.
– Депозит деген – сіз ақшаңызды банкке бересіз, банк оны сақтайды, ақша керек болған кезде келіп ала бересіз.
Сонда үндіс сәл ойланып тұрып:
– Ал банк маған «кепілдік» ретінде не береді? – депті…
Қазақшалаған Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ