Түркияның әлеуметтік желілерінде бар жиған-тергенін зілзаладан зардап шеккен тұрғындарға берген 74 жастағы түрік қариясы Мехмет Чакирханның қайырымды ісі қызу талқыға түсуде.
Ол ұзақ уақыттан бері умраға, яғни кіші қажылыққа бару үшін қаражат жинап жүріпті. Дегенмен, өз еліндегі сұрапыл жер сілкінісінен кейін бар қаржысын ойланбастан зардап шеккен отбасыларға үлестіріп берген. Меккеге умраға барудан гөрі қазір өз отандастарына көмек берген қайырлы деп санайды ол.
Әлеуметтік желіде Andrew есімді адам өзі мұсылман болмаса да, қарияның бұл амалы оған қатты әсер еткенін жасырмады. “Оның көрсеткен осындай қайырымды амалы, мейірімі мен рақымшылығы үшін оған тегін қажылық ұсынылса да артық емес”, – деп жазды ол.
Айта кетсек, қазіргі күні Түркияның өзінде жер сілкінісінен 35 мыңнан астам адам қаза тапқаны анықталып отыр.