Сұрақ: Умра неге сүннет, қажылық неліктен парыз?
Жауап: Шариғатта умра жасау сүннет ғана емес, уәжіп деген де үкім бар. Жалпы, умраға қатысты әһлі-сүннеттегі төрт мәзһабта екі түрлі үкім бар. Шафиғи мен ханбал мәзһабының мужтаһидтері Алла Тағала қасиетті Құран-Кәрімде: «Алланың разылығы үшін қажылық пен умраны толық орындаңдар» (Бақара, 196) деп бұйырғандықтан, кіші қажылықты (умра) уәжіп деп үкім кескен.
Ал, мәлики және ханафи мәзһабының мужтаһидтері Алла Тағаланың қасиетті Құран-Кәрімдегі: «Адамдарды қажылыққа шақыр» (Хаж, 27) деп бұйырғанын ескеріп, қажылық ғибадатын – парыз, кіші қажылықты (умра) – сүннет деп үкім берген.
Сонымен қатар, ханафи және мәлики мужтаһидтерінің умраны – сүннет, қажылық құлшылығын – парыз деп үкім беруіне Құран-кәрім аятынан өзге Хақ Елшісінің (с.ғ.с.): «Хақ дін бес тіректен тұрады: Алладан өзге жаратушы жоқ. Мұхаммед Оның елшісі. Күніне бес уақыт намаз қылу. Зекет (жағдайы келген адам) беру. Рамаданда ораза ұстау. Меккедегі қасиетті Қағбаға қажылық құлшылығын жасау» (Бухар, Хаж) деген хадис-шарифін қуатты дәлел ретінде негізге алады.
Ислам шариғатында қажылық бесінші парыз болып есептеледі. Бұл мәселеде мәзһаб ғұламалары арасында ихтилаф (талас-тартыс) жоқ. Мұсылман адам ғұмырында қажылықты бір рет орындаса парыз мойнынан түседі.
Дегенмен, шафиғи мен ханбал мәзһабының мужтаһидтері «Алла Елшісінің (с.ғ.с): «Ұлы Жаратушы Алла Тағала: Денсаулығы бар, бай болған құлымның бес жыл сайын зиярат (қажылық) жасамауы харам» деген хадис-шарифін негізге алып, жағдайы бар мұсылман баласының әрбір бес жылда қажылыққа баруы – мәндуф деп үкім кескен. Осыған байланысты, шафиғи мен ханбал мәзһабын ұстанушылар қажылық ғибадатын орындауға көбірек мән береді.
Ал, ханафи және мәлики мәзһабы бойынша кәмілет жасына жеткен, дені сау, материалдық мүмкіншілігі бар мұсылман ғұмырында бір мәрте қажылық құлшылығын өтесе, бұл бесінші парызды орындаған болып саналады. Олар бұл пәтуаға Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Уа мұсылмандар! Жаббар Хақ сіздерге қажылық ғибадатын парыз етті. Олай болса, қажылық құлшылығын орындаңыздар». Осы сәтте бір сахаба: «Уа Расулулла! Қажылық ғибадатын жыл сайын жасаймыз ба?» деп сұрады. Расулулла үндеген жоқ. Бұл сұрақты сахаба үш қайтара сұрады. Сонда Хақ Елшісі (с.ғ.с.): «Иә» деген болсам, онда қажылық парыз болып бекиді. Оған барлықтарыңыздың шама-шарқыларыңыз жете бермейді» – деген хадис-шарифін негізге алған.
Десе де, Алла Елшісі өзінің өзге де хадис-шарифтерінде мұсылман үмбетін көбірек умра мен қажылық жасауға үндеген. Әсіресе, үлкен қажылықтың қарымтасы – жәннат екенін анық сүйіншілеген (Ибн Мәжа. Хаж). Олай болса, мұсылман қауымы ақыретін құтқаруы үшін умра мен қажылық жасауға көбірек басымдық беруі тиіс деп ойлаймыз.
Мұхан Исахан