ҚМДБ Ұлытау облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен еліміздің ұлттық ойындарынан жарыс өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында Ұлытау облысы дін істері басқармасының басшысы Дулат Рашидұлы мен Ұлытау облысының бас имамы Бейбіт Бақытжанұлы сөз сөйлеп, құттықтады. Кіл мықтының арасынан кім мықтыны анықтаған сайыста спорттың 5 түрінен сынға түсті.
Ұлттық спорт түрлерінен өткен жарысқа Ұлытау, Түркістан, Қарағанды облыстары мен Астана қаласынан келген ойыншылар қатысты. Өңкей мығым білекті жігіттердің арасында осалы жоқ. Олардың арасында байрақты бәсеке мен түрлі чемпионаттардың жүлдегерлері де бар. Оғыландар жаппай көкпар, қошқар көтеру, аударыспақ, арқантартыс, садақ ату сынды ойын түрлерінен бақ сынасты.
Жарыста оқ бойы озық шыққан барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар берілді. Жаппай көкпардың жалпы жүлдесі 3 млн теңгені құрады. Аударыспақ, арқан тартыс, садақ ату бойынша әрқайсысында бөлек-бөлек 1-орынға 100 мың, 2-орынға 70 мың, 3-орынға 50 мың теңгеден берілді. Ал қошқар көтеру сайысының жеңімпазына қошқардың өзі берілді.
Айта кетейік, «Ислам және дәстүр құндылығы жылына» орай өткен ұлттық ойындар жарысына жергілікті кәсіпкер Жанұзақ Батырәліұлы демеушілік жасады.
Ұлытау облысында қазір көптеген спорт федерациялары жүйелі жұмыс істейді. Соның арқасында өңірде төл спорттың тамырына қан жүгіріп, қайта түледі.