Тәуелсіздік күні қарсаңында елордада «AMANAT» партиясының дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы қорытындыланды деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару мәселесі әрдайым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін және мемлекет, партия тарапынан мәдениетке, әдебиетке қолдан келгенше көмек көрсетіле беретінін атап өтті.
Әдебиеттегі жас буын үшін «Ұлы дала» байқауы айтулы оқиғаға айналды деп ойлаймын. Осы маңызды іс-шараны жыл сайын Тәуелсіздік күніне орайластырып өткіземіз. Өйткені, ұлт тәуелсіздігінің рухани тірегі – оның тілі мен әдебиеті, мәдениеті. Біз өз тарапымыздан сіздерді қолдауға әрдайым әзірміз, – деді ол.
Ерлан Қошановтың пікірінше, қазір қоғамдық кеселге айналған есірткі, лудоманияның белең алуы «рухани қалқанның» болмауынан. Сондықтан оқырманға осы заманның болмысын бейнелейтін тың туындылар, образдар мен жаңа кейіпкерлер керек. Төраға кітапсүйер қауым жаңа толқын қаламгерлерден салмақты, мағыналы дүниелер күтіп отырғанын айтты.
Біз кітаппен өмір сүрдік. Әдебиет бізге моральдық, рухани қалқан болды. Ал рухани қалқан дегеніміз не? Ол – жастарды, өскелең ұрпақты дұрыс жолға бағыттап, бұрыс жолдан сақтайтын құндылықтарымыз. Бұрын қоғамды кітап тәрбиелесе, қазір интернет пен көше тәрбиелеп жатыр. Мұның жолы – жас ұрпақты отаншылдыққа, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу. Ал, ол құндылықтардың бәрі – кітапта, әдебиетте. Бұл туралы Мемлекет басшысы да әрдайым айтып келеді, – деді «AMANAT» партиясының Төрағасы.
Аталған конкурс осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Биыл әдеби доданың облыстық іріктеуі ұйымдастырылып, байқауға бас-аяғы 300-ден астам шығарма келіп түсті. Оның 170-і ақтық кезеңге жолдама алды.