Маңғыстау облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен 2022 жылдың 26 наурыз күні Бекет-Ата» орталық мешітінде қала және аудандардан келген жамағатпен «Ұлттық рух – ұлы құндылық» тақырыбындағы келелі жиын өтті.
Шараға ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, облыстық маслихат депутаты Сүгірбай Аят Исатайұлы шақыртылды.
Аят Исатайұлы қала және аудандардан келен жамағатқа ұлттық рух, патриотизм және тыныш елдің қадірін білу сынды ұлы құндылықтар жөнінде ұлағатты сөздерін айтып, қоғамымыздағы өзекті мәселелерге тоқталды. Аят Исатайұлы: «Өз ұлтыңды сүю, Құран аятына амал ету. Екіншіден, тіліңді сүю. Тілі жоғалған ұлттың, өзі жоғалады. Тіл мен діннің де жақындығы бар. Үшіншіден, Отанды сүю. Отанды қадірлеу, жерді қорғау баршамыздың ортақ міндетіміз. Әскери борышымызды өтеуден қашпауымыз керек», деді.
Сондай-ақ, қоғам белсендісі ұлттық құндылықтар жайлы, соның ішінде домбыраны қастерлеуге үндеді. «Нағыз қазақ қазақ» емес, нағыз қазақ – домбыра!» деп бұл ұлттық аспабымызды барынша бағалау керектігіміз туралы айтты.
Сөз соңында, елдің тыныштығының аса маңызды екендігіне тоқталып: «Ел – біздікі, Отан – біздікі» екенін ұмытпай, осы бағытта қызмет етуге тиіспіз деді.
Сонымен бірге ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Ануар Ізімбайұлы: “Адамның жаратылысы жан мен тән және рух бірлігінен тұратынын жақсы білеміз. Десе де алғашқы екеуінің хайуанның бойында да болатынын ескеріңіз.
Егер адамда рух пен сана болмағанда онда жер бетіндегі көп жануардың бірінен не айырмашылық? Адам рухының арқасында жан-жағын тануды, ойлануды, салыстыруды үйренеді. Соның әсерімен өзі өмір сүріп жатқан ортаны өз қалауынша өзгерте алатын күшке ие болады.
Абай атамыз жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды.
Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді.
Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген», – деп адам рухының қаншалықты маңызды екенін білдірсе керек”, – деді.