Маңғыстау облысы Дін істері басқарамасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында 2022 жылдың 24 сәуір күні Жусан репатрианттарымен «Ұлттық құндылықтар – ұлт қорғаны» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.
Шараға Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының басшысы Мақсатбек Маханбетов, ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Ануар Елжанов, ҚМДБ өкілі Қанат Қыдырмин, РАТТ мүшесі, «Отпан» орталығының басшысы Азамат Тулепов және теолог маман Казиева Ақмарал қатысты.
Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының басшысы Мақсатбек Маханбетов өз сөзінде: «Ұлттың ұлт екенін танытатын оның тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы. Халық аузында жүрген әрбір мақал-мәтелдің немесе тыйымның өз тәрбиелік мән-мағынасы бар. Бірақ, қазіргі жаһандану заманында бұл құндылықтар өз бағасын жоғалтып, өткеннің еншісінде қалып бара жатқандай. Ақ жаулығын таққан әже мен ақ сақалы мен тақиясы бар атаны бүгінде кезіктіру өте қиын. «Заманына қарай адамы» дегеннің әсері болар. Заман талабына қарай өзгере беретін болсақ, ұлттық құндылық түгілі, шыққан текті ұмыту қиын емес. Өйткені бүгінгі «заманауи» жас отбасылар ата-ана қадірі, туыстық байланыс, салт-дәстүрді біле бермейді» деді.
ҚМДБ өкілі Қанат Қыдырмин: «Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – біздің де қоғам алдындағы борышымыз. Мағжан Жұмабаев: «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ», – деген екен.
Әлихан Бөкейхан айтқандай: «Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниедегі жер билігі ұста да ақылды жұрт қолына ауып барады», – деп ұлт болашағына алаңдайтыны бар.
Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан, халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын, пайдалы азамат шықпайды», – деген сөзі бар.
Ұлы даланың қасиетті топырағында Әл-Фараби мен Абай, Бекет Ата, Ержан Хазірет, Мағжан мен Шоқан, Әз-Тәуке мен Абылай секілді ұлы тұлғалар дүние есігін ашты.
Шара соңында ұйымдастырушылар тарапынан «Жусан» гуманитарлық операциясымен оралған азаматшаларға азық-түліктей қайырымдылық пакеттері үлестірілді.