Сұрақ: Бір үлкен жазушы ағамыз «Дінің өзгерсе өзгерсін, мәдениетің өзгермесін» деген сөзді айтып қалды. Осы секілді дінге жеңіл-желпі қарайтын азаматтар баршылық. Жалпы, ұлт үшін діннің орны қандай?
Жауап: Бүгінде дін – тек біздің қоғамда ғана емес, жалпы адамзат өркениеті мен мәдениетінің дамуына үлкен әсер етіп отырған әлеуметтік феномен. Діннің әлемнің мәдениет тарихындағы орны айрықша. Қандайда бір ұлттың, халықтың немесе мемлекеттің тарихы мен мәдениетін айтқан уақытта оны дінінен ажыратып, айырып айта алмайсыз.
Есіңізде болса, тіпті атеизм ілімі өршіп тұрған Кеңес өкіметінің өзінде әлем тарихы кітаптарында белгілі бір мемлекеттің тарихын оқыған кезде сол елдің ұстанған діні туралы айтып өтетін арнайы тақырыпшалар тұратын. Сол сияқты бір мемлекет туралы ақпарат үшін энциклопедияны немесе уикипедияны ашатын болсаңыз, міндетті түрде сол елдің жер көлемі, шекарасы және рәміздері мен бірге оның тілі, діні көрсетіледі. Дінді адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік феномен деп отырғанымыз осы.
Ал енді біздің қоғамға келер болсақ, онда біздің еліміздің ерекшелігі, біз полиэтносты және поликонфессионалды мемлекетпіз. Елдегі дінаралық қатынас, келісім мен тұрақтылық бірінші кезектегі дүниелерге жатады. Сондықтан қазіргі таңдағы дәстүрлі діндер мемлекеттің, елдің тұрақтылығын сақтауына негіз бола отырып, діни конфессиялар арасында рухани келісімді, халықтар арасындағы бірлікті нығайтуға себеп.
Бас қаламыз Нұр-Сұлтанда дәстүрлі түрде өтіп отыратын әлемдік діндер лидерлерінің съезі осының айғағы. Әлемдегі түрлі қарулы күштер қақтығыстарын, конфессияаралық шиеленістерді дін арқылы бейбіт және келісім негізінде шешуге ықпал жасау. Бір осы сөйлемнің өзі діннің қоғамдағы орны мен маңызын аңғартса керек.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ