Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, оқу жылының басталуына қарай елімізде 80-ге жуық жаңа мектеп ашылады. Жыл соңына дейін барлығы 230-дан астам мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылдың соңына дейін елімізде 1 000 мектеп салынбақ.
Былтыр 277 мектеп пайдалануға берілген болатын. Биыл жаңадан ашылатын мектептер өскелең ұрпақтың білім алуына үлкен мүмкіншіліктер береді. – Қазір жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, қалған мектептердің құрылысын мерзімінде аяқтау үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мектептерді қаржыландыру және оның құрылысы заңды түрде әкімдіктердің құзырында екенін еске сала кетейік. Мемлекеттік сатып алулар, жобалық-сметалық құжаттарды дайындау, жер телімдерін бөлу, инженерлік инфрақұрылым, құрылыс және іске қосу – жергілікті әкімдіктерге жүктелген осы үрдістің барлығын қарап, оңтайландыру қажет, қазір онымен арнайы жұмыс тобы айналысып жатыр.
Нақты құрылыс салу, әкімдіктердің мектеп салмай үй салуға рұқсат беру тәжірибесі – ол бөлек мәселе. Соның салдарынан қазіргі мектептер бірден үш ауысымға айналады. Біз заң жүзінде мұндай мүмкіндікті толығымен жоюды талап етеміз, – деді Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев. Білімнің маңыздылығы жөнінде Философия ғылымдарының докторы Көшенова Раушан пікір білдірген болатын. – Рухани, мәдени саламыздың нығаюына, адами қасиеттердің жоғарылауына, жеке адамның сапалық ерекшелігінің өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететіні күннен күнге айқындалып келеді. Қоғамдағы жастардың алатын орны ерекше екені белгілі.
Себебі жастар – әрбір елдің мәдени, рухани және саяси өміріне белсенді атсалысатын топ. Жастарға ежелден ерекше сеніммен қараған. Бүгінгі жастың ертеңгі ел басшысы болатынын білген ата-бабамыз тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөлген. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана халқымыз бала тәрбиесінің бесіктен басталатынын айтып кеткен, – дейді ғылым докторы. Әрине, әрбір елдің өркендеуі, тұғырының берік болуы да білімге келіп тіреледі. Заңғар жазушы М.Әуезовтің сөзімен айтар болсақ, халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін тек білім екеніне ешкім күмән келтірмес. Ел болашағының жарқын болуы білімді, жан-жақты тәрбие алған ұрпақтың қолында. Келер келешегіміздің келісті келбетін қалыптастыру олардың сапалы білім алуларына байланысты. Бұл ретте білім мен тәрбиенің рөлі мен маңызы айтпаса да айқын.
Жастардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалуда. Президент балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеуге шақырды. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдауына мүмкіндік жасалуда. Өз кезегінде оқытушылар да біліктіліктерін арттырып, оқушылардың жан-жақты білім алуына бар күш-жігерін салуда. Әрине, бұл үлкен еңбекті қажет етеді. Ұлт болашағы үшін аянбай қызмет істесек, соның жемісін көретініміз айдан анық.
Балжан ӘБДІРАШ