Сұрақ: Үлкен күнәлардан сақтану үшін кіші күнәларды елемеуге бола ма?
Жауап: Қазақта «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген жақсы сөз бар. Адам «Мен үлкен күнә жасап жатқаным жоқ» деп кіші күнәларды жасап жүре берсе, уақыт өте ол әдетке айналуы ғажап емес. Ондай адам кішігірім күнәлардан бас тарта алмай қалатын дәрежеге жетеді. Оны жасамаса тұра алмайтын тәуелділікке шалдығуы әбден мүмкін. Мысалы, өтірік айту немесе базарға барып әмиян немесе азық-түлік ұрлау сияқты т.б.
Адам «зина жасағаным жоқ» немесе «кісі өлтіргенім жоқ» деп өзін ақтап алып, бірақ, күнде адамдарды алдауды, ұрлық жасауды кәсіп қылғандай әдетіне айналдырса, сол жаман. Өйткені ол кіші күнәларға «ештеңе етпес» деп немқұрайдылықпен қарайтын болады. Тіпті көлдің өзі тамшыдан құралады. Сол сияқты кіші күнәларды жиі жасап, жалғастыра беру оларды үлкен күнәға айналдырады. Уақыт өте бұл жағдай оның рухани өмірінің бірте-бірте зақымдануына, жүректің қатаюына, Құдайды еске алу, обал мен сауапты ажыратпау секілді көптеген рухани дүниелерден мақұрым етіп, үлкен зиянға тап болады. Сөйтіп соңында «Мен онсыз да діннен алыс адаммын» деп кіші күнәларды істегеніне мәз болып, басқалардың алдында соны мақтан тұтуға көшеді.
Ертедегі тақуалардың бірі Ибн Арабиден: «Қандай үлкен күнәлар бар?» деп сұрапты. Сонда ол кісі: «Күнәнің кішісі дегені бола ма?» деп жауап берген екен. Сол үшін дін ғалымдары күнәні үлкен-кіші деп бөлмей барлығынан сақ жүруге кеңес береді.
Жалғас САНДЫБАЕВ