Күнделікті өмірде «сіздің ұйқы безіңізде ақау бар екен» дегенде әдетте халық «Иә, бәсе, кейінгі кезде ұйқым дұрыс болмай жүр» деп бірден байбалам салып, асығыс сөйлейді. Негізі ұйқы безі атауындағы ұйқы біздің күнделікті/кәдімгі ұйқымызға қатысы жоқ, тіпті одан да терең медициналық танымнан, білімнен қалыптасқан атау. Керісінше бұл біздің Ұлы даламызда тарихы сан ғасырға кеткен озық емшілік, дәрігерлік дәстүрдің белгісі екен. Тарқатып түсіндіретін болсам:
Еуропа медицинасында латындар «ұйқы безіне» «рancreas» деген атау берген. Аударсақ, «тасбақаның жотасындағы тасы, яғни сауыты» деген мағына. Орыстар «поджелудочная железа» дейді. Бағамдасақ, екі жағдайда да олар асқазанның астына қарай орналасқан безге көзге анық байқалған белгілеріне қарай, сыртқы пішініне, түріне қарап қана ат берген.
Ал біздің халқымыздың сұңғыла танымы егер бұл без жұмысын тоқтатса, адам терең ұйқыға, медицина тілінде – комаға кететінін анық білген, яғни көзге көрінбейтін, тек микроскоп арқылы ғана анықталатын функциясына қарай ат қойған.
Себебі ұйқы безі бөліп шығаратын «инсулин» гормонына байланысты. Алғаш жануарлардың ұйқы безін алып тастап зерттеу жасағанда оларда диабет ауруының белгілері пайда болып, қан мен зәрдің құрамында қант мөлшері көбейген. 1920 жылы канадалық дәрігерлер Бантинг пен Бест ұйқы безінің аралшық клеткаларының таза тұнбасын алып, оны алғаш рет диабет ауруына шалдыққан адамды емдеуге қолданған. Сол үшін екеуіне Нобель сыйлығы берілді.
Тұнбаның белсенді негізгі ұйқы безінің гормонын инсулин деп атаған. Ол инсулин ағзада аз не жоқ болса, адам «гипергликемиялық комаға», ал керісінше инсулин көп болса «гипогликемиялық комаға» кетеді.
Көрдіңіз бе, осы бір ауыз сөзбен-ақ бұл бездің ағзадағы маңызы қандай екенін бағамдап, бекітіп берген.
Тапқанымызды тарқатып, танымымызды тек батыстың жетегіне бұрмай, өз даналықтарымыздан іздеп отыруымыз керек және басқаларға оқытуымыз қажет.
Данияр АСЫЛБЕКОВ
Пайдаланылған әдебиеттер:
«Ислам және медицина» кітабы. Асылбеков Д.М. – Алматы, Қазақ баспасы 2021 ж. 297 бб.
https://muslim.kz/article/qazaqta-meditsina-bolgan-ba
https://islam.kz/kk/articles/oitamshy/uiqy-bezi-3783/#gsc.tab=0