Сұрақ: Үй мен автокөлік үшін зекет беріле ме?
Жауап: Шариғатымыз бойынша нисап мөлшерінде байлығы бар әрбір мұсылманға зекет беру парыз. Зекет беру жөнінде Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Намазды толық орындаңдар және зекет беріңдер» («Бақара» сүресі, 83-аят), «Шын мәнінде садақалар (зекеттер), Алла тарапынан бір парыз: Қолы тар пақырларға, түгі жоқ міскіндерге, оны жинауға белгілегендерге, көңілдері алынатындарға (жаңа Мұсылмандарға), құлды азат етуге, борыштыларға, Алла жолына және жолда қалғандарға беріледі. Алла әр нәрсені білуші, хикмет иесі» (“Тәубе” сүресі, 60-аят) деп бұйырады.
Алла Елшісі (с.ғ.с): «Ислам – бес нәрседен тұрады. Алладан басқа тәңірдің жоқ екендігіне және Мұхаммедтің (с.ғ.с) Алланың елшісі екеніне куә келтіру, намаз оқу, зекет беру, Рамазан айында ауыз бекіту, әл-ауқаты жетсе, қажылыққа бару» (Тирмизи, Иман, 36) деп, зекет берудің Хақ діннің негіздерінің бірі екенін көрсеткен.
Шариғаттағы «Зекет» бабында «нәма» деген түсінік бар. «Нәма» – араб тілінде «көбею» және «өсу» мағыналарын білдіреді. Фиқһ ілімінде «нәма» деп зекет алынатын мүліктер мен заттарды айтады. Шариғатта «нәма» екі категорияға бөліп қарастырылады:
- Хақиқи нәма. Оған бау-бақша, егістік өнімдері, сауда-саттық мүліктері, төрт түлік мал, қазба байлық өнімдері кіреді;
- Тақдири нәма. Оған белгілі бір байлық құнын білдіретін алтын мен күміс және ақша кіреді.
Ал, Алла Елшісі (с.ғ.с.) мен әділетті төрт халифа заманында «нәмаға» жатпайтын мал-мүліктен зекет алынбаған. Мысалы, үй немесе жаздық және қыстық тұрғын жайлар қажеттілік үшін қолданатындықтан, ол үшін зекет берілмейді. Бірақ, үйді жалға беріп, одан табыс тапса, онда ол табыстан зекет беріледі.
Автокөлікке келер болсақ, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Мұсылманның мінетін аты мен құлынан зекет жоқ» (Муслим, Зекет, 8-10) – деген.
Яғни, автокөлік заманауи тұрғыдан алғанда, аттың орнына мінетін көлік болғандықтан, ол үшін зекет берілмейді.
Жалпы, ислам шариғатында тұрғын-жай (үй), киім-кешек, үй жиһаздары, құл мен күң, мінетін және жүк артатын көлік, қару-жарақ, отбасының азық-түлігі, алтын мен күмістен тыс әшекей бұйымдар, кітаптар мен аспаптар мен құрал-саймандар «нәмаға» жатпайтындықтан, зекет алынбайды (Сарахси, ІІ, 198).
Мұхан ИСАХАН
Ммм түсінікті. Жауаптарыңыз үшін рахмет.