Бадр ғазауатынан жеңіліс тапқан Құрайыш аймақтағы араб тайпалары арасында беделін жолғалтудан қорықты. Араб жазирасындағы басшылықтан айырылмаудың жалғыз жолы мұсылмандардан кек алу еді. Осылайша һижраның 3 жылы қолына қару ұстауға қауқары бар құрайыштың түгел еркегі атқа мінді. Бес қаруы сақадай сай үш мыңға жуық әскер Мәдинаға бет алды.
Суық хабар жетісімен-ақ пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабалармен кеңес құрды. Жауды қала сыртында қарсы алу немесе қалада бекініп тойтарыс беру керек еді. Көпшілік ашық шайқасты мақұлдады. Алла елшісі (с.ғ.с.) қалада бекініп соғысуды жөн санағанымен көпшіліктің ойына қарсы шықпай келісті.
Мәдиналықтар мың кісілік қол еді. Ухуд тауына жеткенде екіжүзділер: «Соғысуды білсек, сендермен бірге барар едік. Алайда, неліктен біз өз басымызды қатерге тігуіміз керек?» – деп мұсылман әскерінен бөлініп кетіп қалды. Мұнафиқтар Мәдина әскерінің үштен бірін құрайтын. Жетекшілері Абдулла бин Убай осы әрекетімен мұсылмандардың рухын түсірмек еді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жеті жүз әскерді үш жасаққа бөліп қолбасшы етіп Ұмайырұлы Мұсғаб, Худайырұлы Усайд және Мұнзирұлы Хубәбты тағайындады. Әскерге табанды болуды, әр бұйрықты екі етпей орындауды әмір етті. Мұсылман әскері арқа тұсын тауға беріп қамалдай қорғанысын қамтамасыз етті. Бұған қосымша Ухуд тауына елу садақшыны шығарып: «Біздің жеңіп жатқанымызды көрсеңдер де орындарыңды тастап кетуші болмаңдар, жау бізді тас-талқан етіп жатса да көмекке келуші болмаңдар», – деп шегелеп бұйрық берді.
Әп-сәтте шайқас басталып-ақ кетті. Мұсылман әскерінің басымдылығы айқын көрініп тұрды. Өйткені, әскер пайғамбар бұйрығын бұлжытпай орындап жатқан еді. Мүшриктер әскері жеңіліс тауып, бас сауғалап бытырап қашуға айналды. Мұсылман әскері асығыстық танытып, олжа жинаумен әуре-сарсаңға түсті. Шайқасты таудан бақылап тұрған садақшылардың көпшілігі соғыс бітті деп қорғап тұрған орындарын тастап, төменге қарай түсе бастады. Мұны байқаған меккелік атты әскердің қолбасшысы Уалидұлы Халид (мұсылман болмаған кезі) әр жерде тұрған садақшыларды оңай қырып салды да, мұсылман әскерінің ту сыртынан шабуылдады. Осылайша мұсылмандар жау қоршауына қалай түскенін сезбей де қалды. Әп-сәтте қолда тұрған жеңістен айырылып қалды.
Тіпті, пайғамбар өлтірілді деген хабар тарап кетті. Мұны естіген мұсылмандар абдырап қалды. Сындарлы сәтте ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір топ сахабаны жанына жинап, асқан ерлік көрсетті. Алла елшісінің дін аман екенін көрген мұсылмандар да еңсесін тіктіп қайта рухтанды. Әлсіреп қалжыраған сахабалар жауға жеңіле қойған жоқ. Бірақ, әлден әл қалмаған еді.
Осы жағдай Құранда: «Сонан соң (Алла) сендерге қайғыдан кейін тыныштық ұйқысын жіберді де сендердің бір тобыңды баурап алды…[1]», – деп суреттеледі. Сахаба Әбу Талха (р.а): «Ухуд күні әлсіреп қалжырағандар қатарында мен де болдым. Қылышым қолымнан бірнеше рет түсті. Түсіп кетеді, қайта қолыма аламын. Түсіп кетеді, қайта қолыма аламын», – деп еске алады. Әскер Мәдинаға оралды. Түнде күш-қайраты қалмаған мұсылмандар ұйқыға жатты. Алайда, ертесіне шайқасқа қатысқан әскер жау ізіне түсу үшін қамдансын деген пайғамбардан бұйрық келді.
Ухуд шайқасында жетпіс сахаба шейіт болды. Жаралылар да сол шама. «Әли-Имран» сүресінің елу аяты осы ғазауатқа қатысты түскен. Онда ғазауат оқиғалары мен жеңіс һәм жеңіліс себептері баян етілген. Бұл шайқас мұсылмандар үшін ауыр әрі қайғылы болғанымен әр замандағы және әр жердегі үмбет үшін аса зор тәрбиелік мәні бар. Аталмыш ғазауаттан бірқатар тәлімдік және тәрбиелік жайттарды қарастырып көрейік.
Пайғамбарға (с.ғ.с.) сүйіспеншілік. Әбу Талха, Әбу Дужәнә сынды сахабалар Алла елшісіне бағытталып атылған жебелерге денелерін қалқан етті. Бір деректе Әбу Талха тәнінде найза түйреген, қылыш тиген және жебе кірген жетпіске тарта жарақат болғаны жазылады. Сахабалар пайғамбардың табанына кірген тікен, маңдайыма кірсін деп шыбын жанын қатерге тікті. Сахабалар (р.а.): «Мені ата-аналарыңнан, бала-шағаларыңнан және барлық адамдардан артық жақсы көрмейінше кәміл иманды болмайсыңдар[2]», – деген пайғамбар өсиетімен өмір сүрді.
Күнәнің салдары. Жеңілістің ең басты себебі – күнә. Аталмыш шайқас үмбеттің жеңілуі және жеңістің кешігуі күнә екенін көрсетті. Әскерді қорғап тұрған таудағы садақшылар пайғамбар бұйырығын бұзды. Бір күнә салдарынан жеңіс мұсылмандар уысынан сытылып шығып кетті. Жалпы көптеген мемлекеттер мен өркениеттер белең алған күнә салдарынан тарих сахнасынан біржола жоғалып кеткен. Барлық қиыншылықтар – күнәнің заңды нәтижесі. Күнә жайлаған жерде бақытсыздық қоса қоныстанады. Сондықтан жетістікке жетуді мұрат еткен адам күнәдан іргесін алыс салуы қажет.
Дүниеқұмарлық. Ибн Масғұд (р.а.) «Ухуд күні мына аят түскенге дейін пайғамбар сахабалары арасында дүниені жақсы көретін біреу бар деп ойламадым. Құранда: «…Сендерден біреулер дүниені қалайды да біреулер ақыретті қалайды…[3]», – деген. Ибн Аббас (р.а.) Алла Тағала қалауымен Ухуд күні мүшриктер жеңілген кезде таудағы садақшылар: «Жұртқа жетіп алайық, бізден бұрын олжа алмасын. Әйтпесе, жұрттан кейін қаламыз», – деп қорғаныс шебін тастап кетті. Садақшылардың екінші тобы: «Пайғамбар рұқсат бермейінше орнымыздан тапжылмаймыз», – десті.
Демек, дүниеқұмарлық қасіретке ұшыратады. Ақырет пен дүние қатар келгенде немесе құлшылық пен тіршілік таңдауы тұрғанда не істеу керек? Ақыретті таңдау дүниенің ісін оңынан етеді. Әуелі құлшылық ету, тіршіліктің берекетін келтіреді. Ал дүниеге деген тойымсыздық пен ашкөздік адамға жақсылық әкелген емес.
Мейірімділік пайғамбары. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ерекше мейірімді жан еді. Әр адам оның мейірімін сезінетін. Ол бай мен кедейді, атақты адам мен қарапайым адамды мейірімімен жаулап алған еді. Мейірбандығын көрген сахабалар пайғамбарымыз үшін жанын беруге даяр тұратын. Тіпті, осы шайқаста да бұйырығын бұзған сахабаларға, пайғамбар өлтірілді деген хабарды естіп қашқандардың ешқайсысына қатты сөйлемей, жұмсақтығымен кешірді. Тіпті, майданда тісі сынып, мүбәрак жүзі қан шайғанда мүшриктерге бір ауыз теріс бата жасамады. Керісінше: «Уа, Алла! Менің жұртымды кешіре гөр. Олар не істеп жатқанын білмейді[4]», – деп жарылқау тіледі. Өйткені, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жер бетіне иләһи мейірімділікті тарату үшін жіберілген елші. Ол адам баласына жамандық тілемейтін пайғамбар.
Түйіндей айтқанда, бұл шайқаста мұсылмандар жеңістің де, жеңілістің де дәмін татты. Шейіт болып жер жастанғандар да болды. Бұл сахабалар үшін өте қымбат сабақ болды. Десе де, бұл қияметке дейін әр дәуірдегі мұсылман үмбетіне маңызды дәріс болып қала бермек.
Төлеби ОСПАН,
Алматы қаласының Бас имамы
[1] Әли Имран сүресі, 154-аят.
[2] Бұхари.
[3] Әли-Имран сүресі, 152-аят.
[4] Имам Ахмад.