Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға!
М.Мақатаев
Адамзат баласы дер кезінде қадірін білмей алданып қала беретін баға жетпес нығметтің бірі – уақыт. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) денсаулық пен бос уақыт – адам баласы қадірін бағалай алмай алданып қалатын екі байлығы деген. Уақыт – байлық. Уақыт – аманат. Жаратушымыз тал бесіктен жер бесікке дейін аманаттап берген бұл дүниедегі мүмкіндігіміз, өз өміріміз. Уақыттың маңыздылығын:
Бір жылдың қадірін білгіңіз келсе, келесі сыныпқа өте алмаған оқушыдан сұраңыз;
Бір айдың қадірін білгіңіз келсе, 8 айлық сәбиді дүниеге әкелген анадан сұраңыз;
Бір аптаның қадірін білгіңіз келсе, апталық газет шығаратын тілшіден сұраңыз;
Бір сағаттың қадірін білгіңіз келсе, кездеспек болған екі ғашықтан сұраңыз;
Бір минуттың қадірін білгіңіз келсе, пойыздан қалып қойған адамнан сұраңыз;
Бір секундың қадірін білгіңіз келсе, жол апатына тосқауыл бола алмаған жүргізушіден сұраңыз;
Бір секундтың ішіндегі жарты секундтың қадірін білгіңіз келсе, олимпиадада күміс алқа таққан желаяқтан сұраңыз, – деп әр уақыт өлшемін түсіндіруге тырысқан тамаша мағыналы сөздер бар.
Әр сәтті дұрыс пайдалан, уақыт бізді ешқашан күтпейді немесе уақыт қайта келмейді деп жан-жағымыздан еске салса да, біздерде өз уақытымызға деген бір бейқамдық бар. Жайбарақатпыз. Қазіргі уақытта ата-бабаларымыз айшылық жүрген жерлерге біз бірнеше сағатта жетіп, заманауи технологияның арқасында көп уақытымызды үнемдеуге қол жеткізсек те, сол қол жеткізген уақыттарымыздың қадірін білмей өткізудеміз. Тәулігіміздегі 24 сағатымыздың қаншасы гаджетімізде бос өтіп жатыр.
Барлығымызға бірдей күнделікті 24 сағат уақыт – нығмет беріледі. Уақытқа бай, оның уақыты – сағаты менікінен көп деп ешкіммен салыстырып, ешкімді күндей алмаймыз. Баршамызға бірдей, тегін 24 сағат бөлініп беріледі. Ол қайтарылмайды, қарызға берілмейді, ал құны тек сол 24 сағаттың ішінде біз не істей алдық, не тындырдық, қайда пайдаландық, сонымен ғана өлшенеді. Уақытты қарайтын сағат сатып алсақ та, қосымша уақыт сатып ала алмайсың. Уақыт құдіретті, себебі ол күштіні әлсізге, әлсізді күштіге айналдыра алады. Өзгеріс алып келеді. Ал қай жағына қарай, жақсы өзгеріс пе, жаман өзгеріс пе, ол тағы да сіздің уақыттың қадірін қаншалықты түсінетіндігіңізге байланысты.
Уақыт ешқашан ешкімді күтпейді, сынаптай сырғып, өз ағымымен өтеді. Сізге берілген 24 сағатыңызды 24 мың теңге ақша деп есептеп көріңіз, қайда, қалай жұмсайсыз? Біріміз дереу тиын-тебеніне дейін жоспарлап, біріміз жай сақтауға салып, не біріміз сол бірер минуттың арасында ойланбастан жұмсап жіберуіміз мүмкін. Бірақ ақша болған соң, оған бір аса маңыздылық бөліп қараймыз. Ал өзімізге күнде тегін беріліп жатырған 24 сағат уақытқа дәл сондай ұқыптылықпен, маңызды деп неге қарай алмаймыз? Келмеске кететін уақытты тиімді пайдалану – өз мақсат-мұраттарыңызға сай саналы түрде жоспарлау. Уақыт қылыш сияқты, сен оны кеспесең, ол сені кеседі дейді араб нақылы. Әлеуметтік желіде пайдасыз дүниені қарап, немесе теледидар алдында ұзын-сонар жылдарға созылатын сериалдар қарап, арзан қалжыңмен, мақсатсыз уақытын өлтіріп жатқандар бар арамызда. Балаларымызға ақша беріп, ол оны ойланбастан жұмсап, немесе әйелдеріміз асын есепсіз жасап, ол желінбей босқа ысырап болса, обал болды, неге мұқият емесің деп айтармыз, ескертеміз, үйретерміз. Ал уақытты да босқа жою – обал екенін үйретеміз бе? Судың да сұрауы бар сияқты, бос кеткен уақыт үшін де біз сұраламыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде «Адам баласы қияметте ғұмырын не істеп өткізгендігін, жастық шағын қандай іспен өткізгендігін, ақшасы мен дүниесін қандай жолмен тапқандығын, қаражатын қайда жұмсағандығын, үйренген біліміне қаншалықты амал еткендігін айтып, толық есеп бермейінше, Алланың құзырынан жіберілмейді» делінген.
Дінімізде «уақытты босқа өткізу» деген түсінік жоқ. «Инширах» сүресінің 7-аяты «Бір істі бітіріп босаған соң, бірден басқа іске кіріс» деп бұйырады. Бір құлшылықтан, немесе бір жұмыстан босаған соң, іс тынды деп тоқтай қалмай, қайтадан тер төгіп, әрі қарай еңбек етіп, қозғалыста болу керек. Аятта бір істен бір іске ауысу арқылы демалу қажеттігі көрсетілген. Ахмет Яссауи бабамыз «Кітабына үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, ас үйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды» дейді. Сондай-ақ бабаларымыз жұма – аптаның өлшемі, Рамазан – жылдың өлшемі, Қажылық – өмірдің өлшемі деген екен. Рамазан айында біз ораза тұттық екен деп, әрі мерекеге орай бес күндік демалысымыз берілген сәтте уақытымыз тек ұйқымен, ал түніміз тек ішіп-жеумен өтіп кетпеді ме деп ойлануымыз керек. Келер Рамазан келер, ал біз ол күнге жетерміз бе деп ойланып, осы Рамазанда мейлінше ықыласты боп, Алланың мейірім-шуағына бөленуге тынымсыз еңбек етіп қалуымыз керек. Сондай-ақ, әр Рамазан сайын былтырғы ораза тұтқан сәтімнен биыл Рамазанды қандай жаңа жетістікпен бастамақпын деп, жыл сайынғы уақыттың босқа өтпегеніне дәлел ретінде өзіңіздің өткен шағыңызбен салыстырып, мінез-құлқыңыздағы жақсы өзгеріс, не білім толықтыруыңыздағы жаңа деңгейді атап, немесе жазып, салыстырып қойғаныңыз құба-құп. Жылдың өлшемі болған Рамазанда өзіңізді өткен Рамазандағы өз версияңызбен салыстырып, уақыттың қаншалықты мағыналы өткенін екшелейсіз. Ал жылдар бірінің орнын бірін басқанда сіз әлі де жаңа мақсатсыз, жаңа күйсіз бұрынғы қалпыңызда болсаңыз, бұл өкініш. Амандық болсын деп жайбарақат отырған болсаңыз, уақыттың қадіріне жетпегенсіз. Уақыт сырғып өткен сайын, жылдар өткен сайын сіз жасармайсыз, керсінше қауқарыңыз кетіп, қарттық кіріп, әттеген-айлар көбейіп кетері хақ.
Кейде діни іс-шараларға арнайы шақырылып, барып қаламыз. Тойдың жөні бөлек, оған кешігу әдеттері әбден үйреншікті болған сияқты. Бірақ барған жерімде әрдайым ешкім өзгенің уақытының ақысына өтіп, мен кешіккенде өзгелерге зияным тимеді ме деп, бәрі жиналып күтетін ең қадірлі қонақтары құда-құдағайлардың да өздеріне-өздері есеп беріп жүруі қажеттігі туралы айтып жүремін. Діни іс-шараларға да уақытында барып, уақытында келу дағдысы болған жөн. Кейбір уақыт талабын қатаң сақтайтын аға буын, ата-әжелеріміз алдын ала хабарласып, сағат-минутына дейін есептеп, уақытымен қарсылап алып, уақытымен шығарып салып үйренгенін көргенде, әлбетте разы болып, ол үйді үлгі етіп айтып жүремін. 12-де шақырылған қонағына сенің уақытыңмен санаспай, 9-да келіп отыруыңды талап ететіндер та табылып жатады. Ондайда үй иесіне қонағың жиналған сәтте бір келейін деп, алдын алып, түсіндіріп отырамыз. Кейде өзіміз ғой деп садақадан соң тағы бір бес сағат уақытын арнап, ас жетсе де, әңгімесі бітпей отыра беретін қонақтар болады. Ондай жерде уақыттың шектеулі екенін ескертіп, қайтайын деп жиналсаң, өздерімен аяғына дейін отыра алмайтын «жаман» адам боп айдар алып шығасың. Сондықтан ешкімнің көңіліне қарамай, өзіңіздің уақыттық жоспарыңызды алдыға қойып, өз бағытыңыздан бас тартпаған жөн. Уақытыңыз әрдайым өзіңіздің жіті қадағалауыңызда болғаны жөн.
Хакім Абай атамыз «Пендеде бір іс бар жалығу деген» деп жиырмасыншы қара сөзінде былайша тарқатады: «Ол – тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл, аз ба, көп пе, жалығады. Оның үшін бәрінің ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суый бастайды. Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақлұққа құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады? Бірақ осы жалығу деген әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының акырының шолақтығын көрген-білгендер тіршіліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын».
Екі дүниесін тең ұстап, бір сарындылықтан да шаршамаймын деген пендесіне Раббым уақыттың берекесін келтіріп, көркем түрде біздің әр уақытымызды жоспарлап, рет-ретімен бес уақыт намазымыз бен құлшылық жасайтын уақыттарымызды сағатымен, тіпті минут-минутымен, секундымен бөліп, асқан шеберлікпен бізді қамқорлығына алған. Жалпы адамзаттың ең басты мұраты – жан тыныштығын табу болады. Уақытты тиімді пайдаланып, еңбегінің бал дәмін татып, жетістіктің шыңына жетсе де, пенденің жүрегі жан тыныштығын іздеп жүреді. Жұмыс аптасы аяқталған бойда әріптестердің бірге демалайық деп ойын-сауық ұйымдастырып, қызыққа толы уақыт өткізгісі келетіндігі, «стресс» түсіріп, арнайы уақыт бөлетіні бар. Ол «стресс» түсіру ессіздікпен келесі таңға ұласып кетсе, сіздің келесі күні отбасыңызға арнайтын, балаларыңызбен демалатын арнайы демалысыңызға зиян тигізуі де мүмкін. Ал шындығында «жүректер Алланы еске алу арқылы ғана жай тауып, тыныштыққа бөленеді» (Рағд сүресі, 28-аят). Әзірет Әлидің де «жүректеріңді демалдырыңдар, ол да тәндерің сияқты шаршайды» дегені бар. Сондықтан да бір мезет Алланың қасиетті кітабына зер салып, салиқалы достарыңызды отбасыларыңа шақырып, апта сайынғы әріптестермен өтетін жиынды отбасы, бала-шағаңыздың жанында ғибратты әңгіме айтумен, тыңдаумен, алдағы жоспарларыңды талқылап, бос сөзден аулақ өткізсеңіздер, жүректеріңіз де тынығып, рухани ортаңыз молайып, уақытыңыздың берекесі кірер, еңбегіңізден де ләззәт аларсыз. Ал жасыңыз 40-50-ге таяп, осы уақыттың ішінде екі дүниеге де пайдалы ісіңіз жоқ болса, неткен өкініш? Әркімге ренжумен, өзіңізді әркіммен салыстырумен, әркімді ғайбаттаумен уақытыңыз текке өткені ме?
Жұмысым көп-ақ, құлшылыққа уақытым жоқ, бес уақыт намаз туралы айта көрме, оған мүлдем уақытым жоқ дейтін пенде дәл сол бес уақыт намаздың рухтың тыныс алып, серпіліп қалатын уақыты екенін, 5-10 минуттың арасында ресурсы күшейіп, Аллаға арналаған кішкене уақытының арқасында тұтас 24 сағатының берекесі кіріп, тәуліктік уақыт өлшеміндегі тамаша жоспарлы дағды қалыптасатанын терең түсінсе ғой шіркін! Таң намазында өзіміз отбасымызбен құлшылықта «Раббым бүгінгі күніміздің, уақыттың берекесін бер» деп дұға жасаймыз. Аллаға шүкір миымыздағы сұранысқа сай, уақытымызды тиімді пайдалануға жоспарлап әрекет етуімізге сай, әр қадамымыз жүйеленіп жатады. Себебі таңертеңгілік ағзамыздың әр жасушасы бүгінгі күннің, уақыттың берекесін сұрап, соған сай амал жасайтындығымызға куә, яғни дайын болады. Босаңсу, ермек іздеп жалығу ойға да келмейді. Намаздың кіруіне қанша уақыт қалды екен деп уақытын қарайтын адам, намазға алдын ала дайындалу арқылы, әр атқаратын ісіне қырағылық танытып, тіпті істейтін жұмысын да тиімдірек атқаратыны сөзсіз. Таңғы, бесін, екінті, ақшам мен құптан уақыты тәулігіңізді орынды, лайықты етіп уақытқа бөлінуімен көркемдей түседі. «Ол сендерге деген шексіз рақымымен бірінде дамылдап, тынығуларың, енді бірінде тіршілік етіп, Өзінің кеңшілігінен несібелеріңді табуларың үшін һәм өзіне әрдайым шүкіршілік етерсіңдер деп түн мен күндізді жаратты» (Қасас сүресі, 73-аят). Осылайша тура жол көрсетуші Жаратушымыз еңбек етудің де, демалудың да орнын атап көрсетті: «Түнгі және күндізгі ұйқыларың әрі Оның кеңшілігінен ризық-несібелеріңді табуларың да Оның айқын дәлелдерінің бірі» (Рум сүресі, 23 аят). Толыққанды уақытымен демалып, күш-қуатын да уақытылы толықтырып, тынығуына сай қарқынды еңбек ететін пенде уақытын үнемі жоспарлап, табысын арттырып, өзін ғана қамтып қоймай, тұтас отбасын қамтамасыз етіп, қоғамға да пайдасын тигізеді. Қуатты да бай, Раббысынан басқа ешкімге мұқтаждығын көрсетпейтін, сонымен қатар шүкіршілігін де үзбейтін мұсылман болу әркімнің мақсат-мұраты болуы қажет. Намазға бөлетін аз ғана минуттарыңыз, аз ғана уақытыңыз – шындығында сіздің тамаша ресурсыңызды жинауға мүмкіндігіңіз. Ойыңыздың жинақталып, өзіңіздің бір серпіліп қалатын уақытыңыз. Уақыттың қадіріне жету үшін Алладан алыстамай, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірінен ғибрат алып, исламның уақытқа қатысты көзқарасына де зер салайық.
Алла елшісінің (с.ғ.с) уақытты пайдалану тұрғысында үш қағидасы болған:
- Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мүмкіндігіне қарай істерін күндерге бөліп, апталық уақыттарға бөле отырып күндік жоспар құратын. Барынша сол жоспарға сай әрекет етуге тырысатын.
- Әрбір ісінің өзіне арналған белгілі бір уақыты болатын. Оған қарама-қайшы әрекет етпейтін.
- Уақытты бос өткізу деген нәрсе тіпті ойға да алынбайтын. Яғни Пайғамбарымыз (с.ғ.с) күнделікті және апталық істерін осы үш қағидаға сүйеніп ретке келтіріп, соған сәйкес әрекет еткен екен.
Әрдайым уақытты жоспарлау қажет. Уақытымыз босқа өтіп кетпесін. Уақытты ысырап етіп, өз өмірімзге немқұрайлылық танытпайық. Уақыттың құнына сай амал жасап, құлшылыққа үлгерейік, ағайын! Жаратқан күндеріңіз бен уақыттарыңыздың берекесін берсін!
Нұрлан САМАТҰЛЫ,
ҚМДБ БҚО бойынша баспасөз хатшысы, дінтанушы
Орал қаласы