Сұрақ: Кейбір ислам ағымдары қызбен «уақытша некеге» тұруға болады дейді. Ақ-қарасын ажыратып берсеңіз?
Жауап: «Неке» – қасиетті ұғым. Екі жастың арасындағы бір-біріне деген беріктік пен адалдық шарты. Сондықтан қазақ мұны «ақ неке» деп ардақтайды, «ақ некелі жарым» деп мақтанады.
Бас қосқан ер мен әйелдің міндетті түрде некелері көпшілік алдында қиылады. Некенің мақсаты да сол – ағайын, көршілер, достар мен құрбылар қатысып, «пәленше мен түгенше бас қосы» деп куә болу.
Алла тағала Құранда ер адам мен әйелдің неке қиып, шаңырақ көтеруі турасында былай деген:
«Сендердің тыныштық, тыным тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім пайда қылуы да – Оның белгілерінен» (Рұм: 21).
Исламда жоғарыда айтылған ғұмырлық ақ некеден басқа неке жоқ. Бұл анық және айқын. «Никях мут‘аны» (уақытша неке) немесе араб тілінде оны «никах муаққат» деп те атайды. «Никях мут‘а» біздің ата-салтымызда да жоқ. Әлемдегі сүннит ағымына жататын барлық мұсылмандар уақытша некенің харам екеніне бір ауыздан иман келтірген.
Мұндай «некенің» мағынасы – уақытша рахат табу, ләззаттану некесі деген ұғыммен сәйкеседі. Өзінің аты айтып тұрғандай, оның уақыты шектеулі. Ал «ақ неке» – ғұмыр бойына бірге болуға серт берісу болғандықтан, уақытша неке ұғымына кереғар келмек.
Екі жастың жұп болуы Алла рұқсат берген ақ неке жолымен болуы тиіс. Өкінішке орай, бүгінде жиі еститін «азаматтық» немесе «уақытша» сияқты некелер осы «никях мут‘аға» жатады. Егер шаңырақтың қалануы алғашқы күннен некесіз, ақ батасыз басталса, онда бұл отбасы ұзаққа бармайды, мұнда береке де болмайды. Мұндай шаңырақ – сыйластық пен жарастық орнаған ортаға жата қоймас.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ